Облыстық білім беру басқар-масының мәліметінше, бұл отбасылары Баянауыл ауданы Жасыбай көлінің маңында орналасқан «Жан» демалыс үйінде 5 күн бойы демалатын болады. Олардың жатын орны, тамағы тегін. Осы мақсатқа жұмсалатын барлық шығын облысқа қарасты қалалар мен аудандардағы демеушілер есебінен төленеді.

- Әр аудан мен қаладан бір отбасынан таңдап алынды. Бұл жолы 13 отбасы мүшесімен бірге 16 бала демалуда. Олардың демалысын көңілді әрі қызықты өткізу үшін барлық жағдай жасалады, - дейді облыстық білім беру басқармасының бас маманы Лаура Дүйсіпова.

Сондай-ақ, демалушылар демалыс барысында Баянауыл ауданындағы мәдени орындар мен тарихи ескерткіштерді тамашалап, табиғат аясына саяхат жасайтын болады. Балалардың бос уақытын қызықты өткізуі үшін арнайы ойын-сауық бағдарламасы мен интелектуалдық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.


Гүлжан АЯҒАНОВА:

- Мен Баянауыл ауданына қарасты Жұмат Шанин ауылында тұрамын. Мектепте техникалық қызметкер болып еңбек етемін. Екі балам бар, жалғызбасты анамын. Маған қолдау көрсетіп, осындай тамаша демалыс сыйлаған қайырымды жандарға, әсіресе мектеп басшылығына айтар алғысым шексіз. Демалыс өте қызықты өтіп жатыр.


Айым ИМАНҒАЗИНОВА:

- Екібастұз қаласының тұрғынымын. Төрт баланың анасымын. Қазіргі таңда елімізде және облысымызда көпбалалы отбасыларын әлеуметтік тұрғыда қолдауға айрықша мән беріліп жатқаны қуантады. Бүгінгі демалыс - соның дәлелі екені сөзсіз. Көңіліміз көтеріңкі, жақсы демалып жатырмыз. Осындай қайырымдылық шарасының өтуіне ұйытқы болған жандарға алғыс айтамын.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz