Бастысы – баспана!

Кезекті көш легімен қоныс аударған жандардың бірі – Айдарбек Мәменов. Алты баланың әкесі отбасымен 2012 жылы Түркістан облысының Шардара қаласынан Нұр-Сұлтанға көшкен. Содан бері пәтер жалдап, басқаның босағасын пана еткен.

- «Nurly Ertis» бағдарламасының шарттары қатты ұнады. Ойланбастан көшуге бел будық. Үш бөлмелі пәтердің кілтін берді. Балаларымызды мектеп-балабақшаға тегін орналастырады. Өзім краншымын, осы мамандығым бойынша жұмысқа орналасуға әзірмін. Әйелім бала күтімімен үйде отырады. Өйткені, кіші балам 1-ден енді асты. Бастысы баспана ғой, қалғаны бола жатар. Осы өңірге сіңісіп, тұрақтап қалуға ниеттіміз, - дейді А.Мәменов.

Ал осыдан бір ай бұрын көшіп келген Бибігүл Бекманова бүгінде жұмысқа орналасып үлгерген. Қалалық аурухананың реанимация бөлімшесіне медбике қызметін атқаруда. 46 жастағы бес баланың анасы өмірінде алғаш рет жеке баспанасына қол жеткізіп, билікке дән риза.

Отбасыларға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстаған облыс әкімі Болат Бақауов жайлы қоныс тіледі.

- Әрбір отбасы үшін ең бастысы – жеке шаңырақ. Қалған әлеуметтік жағдай жасалады. Өңірімізде 25 мың жұмыс орны бос тұр. Оның 10 мыңы - тұрақты жұмыс. «Nurly Ertis» бағдарламасы пилоттық негізде қолға алынды. Елбасы, Үкіметіміз құптады. Екібастұзда салынған үйлер біраз уақыт өз құнына да өтпеді. Енді осы бағдарлама бойынша үлестірілуде. Үш бөлмелі пәтерлер таратылып, таяу қалды. Екі және бір бөлмелі пәтерлерге өңірімзде тапшы мамандар тартуға да пайдаланылады. Мәселен, келген 35 отбасының ішінде бір кардиолог және екі жалпы тәжірибе дәрігері бар. Қоныстанушыларға барлық жағдай жасалады. Балаларды «Мектепке жол» акциясы аясында жаңа оқу жылына дайындау қарасты- рылмақ, - деді аймақ басшысы.

Облыстық әлеуметтік бағдар-ламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің мәліме- тінше, мамыр айынан бері кеншілер шаһарына 137 отбасы, яғни, 825 адам көшіп келген. Олардың 569-ы – балалар.

- «Еңбек» бағдарламасына Нұр-Сұлтан қаласы да жұмыс күші көп өңір ретінде енгізілді. Жоспарымыз бойынша алда тағы көшіру бар. Өйткені, Екібастұзда 318 пәтер бос тұр. Қоныстанушыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жол шығыны өтеледі. Пәтерде алғашқы жыл тегін тұрады. Ол шығындар республикалық бюджеттен төленеді. Одан кейін төрт жыл отбасылар коммуналдық қызмет құнымен қатар ай сайынғы жалға алу құнын төлейді. Мәселен, үш бөлмелі пәтерге ай сайын 14 мың теңге төлейді. Бес жылдан соң пәтер құнының қалған сомасын төлеп, баспананы атына аударып алуға құқылы. Олай жасауды қаламаса, жалға алу шартын ұзартып, ары қарай тұра береді, - дейді басқарма басшысы.

Мамандардың мәлімдеуінше, көшіп келуге ниеттілер өте көп. Алдымен көпбалалы отбасылар таңдалады. Басында ешбір жерде тұрғын үйдің болмауы тексеріледі. Сонымен қатар, мамандығының бар-жоғына да мән беріледі. Бүгінде алғашқы келгендердің ішінде жұмысқа жарамды азаматтардың елу пайызы еңбекпен қамтылған. Қалғандары әлі жұмыс таңдауда, кейбірі құжаттық мәселелерін реттеуде. Жұмысқа орналасқан жандардың бірі – Мұрат Мұстафин. Ол «KazTomat Greenhause» кәсіпорнында қызмет етеді. Жылыжайда қораптарды тасымалдайтын техниканың тізгінінде. Бұл кәсіпорында қоныс аударған 15 азамат еңбек етеді.

- Бес балам бар. Солардың болашағы үшін Нұр-Сұлтанға Қостанайдың Ұзынкөл ауылынан осыдан үш жыл бұрын көшкен едім. Пәтер жалдап жүрдік. Өте тиімді бағдарламаны естіп, бірден көшуді ұйғардық. Жұмысым да, пәтеріміз де жайлы. Жылыжайда қолыма 140-150 мың теңге айлық аламын.

Кешен кеңейеді

Бұл жылыжай кешені тағы 22 гектарға ұлғаймақ. Жылыжай құрылысын облыс әкімі Болат Бақауов арнайы барып, көріп қайтты.

- Жарты жылда көп көлемде жұмыс атқарылғаны аңғарылады. Жуырда тұқымдық көшет өсірілетін бөлігі аяқталмақ. Жыл соңына дейін жалпы 22 гектарлық кешен ашылады. Кәсіпорын желтоқсан айында күніне өнім тиелген 8 жүк көлігін аттан- дырып отырмақ. Осы ретте, жылыжай мен облыстық жолды байланыстыратын 5 шақы- рымдық жолды жөндеу керек. Жауапты органдар мәселені қысқа мерзімде біржақты етсін, - деді облыс әкімі.

Жылыжай кешенінің өкілі «Nurly Ertis» бағдарламасымен келгендерді көптеп қабылдауға әзір екендерін алға тартты. Тек бір ғана кедергі барын жасырмады. Бағдарлама бойынша қоныстанғандар міндетті түрде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы керек екен. Осы талап реттелсе, кешен кеңейсе, бірнеше жүздеген адамға жұмыс орны ашылмақ.

Индустриялық аймақ

Облыс әкімі Б.Бақауов Екібастұз өңірінде қолға алынатын индустриялық аймақ орналасатын жерді де көріп, оған инженерлік желілерді қай жақтан тарту тиімді екенін салмақтады. Бұл аймақ Б.Нұржанов атындағы кәсіпорын маңында орналаспақ. Шамамен 350 гектар аумақты алады. Бүгінде оған электр желісімен қамтудың бірнеше нұсқасы қарастырылуда. Энергетика мәселелері бойынша ГРЭС-1 станциясында жиын өтті. Айта кету керек, бұған дейін өндірілетін электр қуатының 800 мегаваты бос тұрғаны жиі сөз етіледі. Осы жолы бүгінде станциялар шығарған энергия толық тұтынушыға жетіп жатқаны белгілі болды.

- Екібастұздың индустриялық аймағының болашағын шамалап отырмыз. Оның әрбір учаскесін егжей-тегжейлі қарадық. Екі жыл ішінде барлық инфрақұрылымды толық салсақ, мұнда энергияны молынан пайдаланатын кәсіпорындар салуға дайын компаниялар бар. Біз бәсекеге қабілетті, яғни, 10,7 теңгемен электр энергиясын ұсынып отырмыз, - деді Б.Бақауов.

Облыс әкімі индустриялық аймақтың нақты аумағын белгілеуді де жеделдетуді тапсырды. Яғни, сазды жерлер мен «ҚазТрансОйл» кәсіпорнына тиесілі қорғау аймағын бөліп алуды ескертті.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов индустриялық аймаққа электр желісін тартудың екі нұсқасы ұсынылып отырғанын айтты. Бірі - ГРЭС-1 станциясының АТҚ-500-ден (Ашық тарату қондырғысынан) жеткізу. Екіншісі «миллионник» деп аталатын 1150 киловольттік қосалқы станциядан тарту көзделген. Бірінші нұсқасын «KEGOC» АҚ қолдап отыр. Оған шамамен 23,1 млрд. теңге қажет. Бүгінде құжаттар әзірленуде. Қысқасы, индустриялық аймақты электр қуатымен қамту үшін 500 кВ-тық қосалқы станция салынуы тиіс. Сондай-ақ, 3,5 шақырымдық электр желісін тарту қажет. Енді осы алдын ала есептелген соманың қаншасын «KEGOC», қаншасын республикалық және қаншасын облыстық бюджет мойнына алатынын ажыратып ал керек, деді аймақ басшысы. Бүгінде электр желілерін басқаратын кәсіпорын шамамен 10,5 млрд. теңгесін көтеруге келісіп отыр. Жобаның құжаттарын мемлекеттік сараптамадан қазан айында қолға тиеді деп межеленген.

Сонымен қатар, индустриялық аймақ орналасатын тағы бір 200 гектарлық орын ұсынылуда. Бірақ, оның жобасы әлі әзір емес. Сондай-ақ, қосалқы станция мен электр желісін тартуды іске асыруға ниетті кореялық инвесторлар да табылып отыр. Бірақ, ол әлі пысықталуы тиіс. Жалпы, электр станциялары маңынан индустриялық аймақтар құрудың мәні мұндағы электр қуатының арзандығымен әрі көптігімен байланысты екені белгілі.

Кластер күйі

Екібастұзда теміржол кластеріне елеулі үлес қосу үміті артылған «Қазақстан вагон жасау компаниясы» тағы да тұралап қалды. Кәсіпорынның жай-күйімен танысу үшін аймақ басшысы арнайы барды. Компанияның бас дирек-торының міндетін атқарушы Азамат Өтепбергеновтің айтуынша, бүгінде 380 жұмысшы мәжбүрлі демалысқа кеткен. Кәсіпорын қызметкерлері алдында 1 тамыздағы мәлімет бойынша 135 млн. теңге қарыз. Олардың еңбекасының 50 пайызы өтемақы ретінде аударылуда. Бірақ, компания өкілінің сөзінен ұққанымыз, аударылғанымен ол ақша азаматтардың қолына тимейді. Бәрі қағаз жүзінде. Яғни, кәсіпорын оларға қарыз екенін растап қана отыр. А.Өтепбергенов айлықтарын төлеуге қаржы жоқтығын, зауытқа бүгінде ешқандай кіріс кірмейтінін алға тартты. Сондай-ақ, бұған дейін жасалған тапсырыстарды да орындамаған. Мәселен, Теміржолдың Павлодарлық бөлімшесі 2014 жылы 500 вагонға тапсырыс беріп, 75 млрд. теңге көлемінде алдын ала төлем жасаған. Бүгінде соның 96 вагоны әлі жеткізілмеген. Демек, 1,5 млрд. теңгенің тауары қалып отыр. Оның өсімі тағы бар. Тараптар арасында сот жүріп жатыр. Компанияның мүлкіне тыйым салынған. Жартылай вагонға да түскен тапсырыс орындалмаған. Кәсіпорын өкілі бұл мәселелер жаңа тапсырыспен қана шешілетінін алға тартты. Алайда, аймақ басшысы Болат Бақауов компанияны оңалтудың жаңа жол картасын түзуді тапсырды. Қазіргі құрылтайшылардың істі оңалту қолынан келмейтінін де кесіп айтты. Жауапты органдарға жағдайды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Проммашкомплект» кәсіпорнының былтыр іске қосылған теміржол дөңгелектерін илемдейтін цехқа барды. Мұнда бүгінде 109 секунд ішінде бір дөңгелек өндіріліп шығарылады. Демек, қазіргі уақытта тәулігіне 120 дөңгелек дайын. Жобалық қуатына шықса, тәулігіне 650 дөңгелек өндіріледі. Кәсіпорынның атқарушы директоры Игорь Голтвенконың айтуынша, цехты іске қосу, жабдықтарды бейімдеу сынды жұмыстарға біраз уақыт кетті. Енді өндірістік қуатқа бет алып отыр.

- Өндірістің қуаты - жылына 200 мың дөңгелек шығару. Келесі жылдың сәуір айында осы өндірістік қуатқа қол жеткіземіз деп межелеп отырмыз. Қарқынды біртіндеп қосамыз. Әлемде мұндай кәсіпорындар жылдап іске қосылады, бізде небары жарты жылға жуық уақыт кетті, - дейді И.Голтвенко.

Толық қуатына шықса, 480 адамды жұмыспен қамтиды. Бүгінде 125 екібастұздық еңбек етуде.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz