Павлодар қаласындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мекемелердің бірі - №14 мектеп. Аталмыш білім ордасы ғимаратының бірінші бөлігінің қабырғасы 1961 жылы қаланған. Содан бері шатыры мүлдем жөнделмегендіктен, әбден тозығы жетіп, жаңбырлы күндері су сорғалайды екен. Осы мәселемен қанық болған қала әкімдігі биыл бірден қомақты қаржы бөлген.

- Бүгінгі таңда мектеп шатыры толығымен ауыстырылып, жөнделуде. Бұл бағыттағы жұмыстармен айналысып жатқан «Мираторг ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылдың 15-ші маусымында іске кіріскен болатын. Жоспар бойынша тамыз айының ортасында аяқталуы тиіс. Қазір күрделі жөндеу жұмыстарының 68 пайызы аяқталды. Құрылысшылар алдағы бірнеше күннің ішінде өз міндеттерін орындап, жұмысты бітіреміз деп отыр, - дейді №14 мектептің шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі Ризабек Сұлтанбаев. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 14 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ, білім ордасындағы дәретханалар да жөнделіп, жаңартылған. Қазіргі уақытта дәліздерді сырлау жұмыстары жалғасуда.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Масақбаеваның айтуынша, білім ордасында 750 бала оқиды. Олардың 158-і мемлекеттік тілде білім алады. Осы оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мектепте барлық жағдай жасалуда, дейді ол.

Жаңа оқу жылын шаһардағы Қамал Мақпалеев атындағы мектептің оқушылары да ерекше қуанышпен қарсы алмақ. Себебі, білім күні қарсаңында аталған білім беру мекемесінің шәкірттеріне жаңадан салынған футбол алаңы тарту етілмек.

- Бұған дейін мектебімізде футбол алаңы мүлдем болмаған. Күз, көктем айларында дене шынықтыру сабағы ауладағы ашық алаңқайда өтетін. Енді өзіміздің жеке футбол алаңымыз болады. Бұл – оқушыларымыз үшін керемет сыйлық деп білемін. Жалпы, мектебімізде спорттың түрлі саласы бойынша жетістікке жеткен шәкірттеріміз аз емес. Тіпті, бір оқушымыз ауыр атлетика бойынша халықаралық сайыстан жүлделі орынмен оралды. Міне, осындай талантты балалардың болашағы үшін спорт алаңының маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Мұндай үлкен алаң қаладағы бес білім ордасында ғана бар. Соның бірі біздің мектепке бұйырып отырғаны қуантады, - дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Елена Юрченко. Оның айтуынша, футбол алаңын салу үшін қалалық бюджеттен 40 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылысы екі жылға созылған алаңның сапалы болуына баса мән бердік, - дейді ол.

Аталған білім беру мекемесі директорының міндетін атқарушы Нұргүл Мұратованың айтуынша, мектеп жаңа оқу жылына әзір.

- Мектебімізде ағымдағы жөндеу жұмыстарының 98 пайызы аяқталды. Енді ұсақ-түйек шаруалар ғана қалды. Бастысы, білім күнінде балаларымызды қарсы алуға дайынбыз. Жалпы, мектебімізде 1237 бала бар. Олардың қатарында 1-4-сыныптарда оқитын 120 оқушы мемлекеттік тілде білім нәрімен сусындайды. Ұжымдағы 72 мұғалімнің, 68-і жоғары білімді. Ерекше атап өтерлігі, білім мекемесінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларының оқушыларын қолдауға баса мән беріледі. Биыл осы мақсатқа демеушілер есебінен 800 мың теңге көлемінде қаражат жиналып, оған көмекке мұқтаж оқушыларға мектепке қажетті киім-кешектер мен кеңсе тауарлары сатып алынуда, - дейді Нұргүл Мырзамбекқызы.

Осылайша, шаһардағы білім беру мекемелерінің қай-қайсысы да жаңа оқу жылына қызу дайындалуда. Бастысы, балалардың сапалы білім, саналы тәрбе алуы үшін мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалған. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайданала білсек, болғаны.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz