Біздің аймаққа екінші сектордағы үйлерді қалпына келтіру тапсырылған. Мұнда 5 көпқабатты баспана мен 322 жеке үй бар. Мердігер компания – «Тараз Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары осы уақытқа дейін 4 көпқабатты тұрғын үй мен 50-ден астам жеке баспананы жөндеді. Бұл мақсатқа төтенше жағдайларға арналған қордан 600 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жоспарлы істі толығымен аяқтау үшін шамамен тағы 600 млн. теңге керек болады.

- Арыс қаласындағы нысандарды қалпына келтіру үшін 1 млрд. 200 млн. теңге қажет. Жақында біздің облысқа 64 үйі бар тағы бір учаске берілді. Сондықтан қосымша қаржы қарастырылуы мүмкін. Жұмыстардың барлығы 20 тамызға дейін аяқталады, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов.

Рүстем Серікбайұлының айтуынша, жұмысшылар терезе мен есіктерді, төбелерді ауыстырып, қабырғадағы жарықтарды бекітеді. Ал еден мен тұсқағаздарды ауыстыру сияқты ішкі жұмыстарды жүргізбейді.

- Үйлерді жөндеген соң мін- детті түрде иелерімен тілдесіп, ой-пікірлеріне құлақ түреміз. Тұрғындардың барлығы дерлік алғыс айтып, жұмыстың жылдам әрі сапалы атқарылғанына ризашылық білдіріп жатады. Демек, діттеген мақсатымызға жеттік, - дейді Р.Раисов.

Айта кетелік, бұған дейін Арыстағы жұмыстың барысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев павлодарлық құрылысшыларды өзгелерге үлгі еткен болатын.

Жалпы, бүгінгі күні Арыс қаласында 7 мыңнан астам адам жарылыс салдарынан қираған тұрғын үйлерді қалпына келтірумен айналысуда. Олардың басым бөлігі әскери полигонда болған жарылыс- тан толықтай бұзылған 413 үйді қайта салып жатыр. 6,5 мың үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бұл зардап шеккен тұрғын үй қорының 90 пайызын құрайды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz