Сервистік орталық ашпақ

«Eurasia Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Павлодар қаласында ауыл шаруашылығы техникаларына қажет сервистік орталық салуға ниетті. Ол үшін 1,5-2,5 мың шаршы метр болатын жер телімі қажет. Аталмыш компанияның бас директоры Сергей Глокке ұсынысын облыс әкімі Болат Бақауовқа білдірді. Өз кезегінде аймақ басшысы өзге де нұсқаларды қарастыруға кеңес берді.

- Қазіргі уақытта «Павлодар» арнайы эконо-микалық аумағында бос ғимараттар бар. Оларды аймақтың резиденті болмай-ақ жалға алуға болады. Келесі жылы «Павлодарда» металды мырыштау зауыты іске қосылатынын ескерсек, бұл сіздер үшін де тиімді болады деп ойлаймын. Тағы бір нұсқа – Омбы тас жолының бойынан жер телімін беру. Егер ғимаратқа қосымша жол бойында қызмет көрсету орнын салар болсаңыздар, инженерлік-коммуникациялық желілерді мемлекет тарапынан тартып беруге мүмкіндік бар. Жалпы, сіздерге бірнеше нұсқа ұсыну үшін коммуналдық меншіктегі бос орындарды түгендеп алу қажет, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, бүгінгі таңда облыс аумағында 400-ге жуық John Deere техника жұмыс істейді. Сондықтан өңірде сервистік орталық құру аса қажет. Алдағы уақытта аймақта суармалы алқап көлемінің артатынын ескерсек, ауыл шаруашылығы техникасы санын да көбейту керек.

- Қазіргі кезде облыс аумағында 86,6 мың гектар суармалы алқап бар. Сонымен қатар, 50 мың гектар жерге қатысты жоба дайын. Алдағы үш жылда суармалы жердің көлемін 144 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы сіздерге де қолайлы жағдай жасап, кәсіп аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан Павлодар облысында Bauer суару техникасын құрастыруды ұсынамын, - деді аймақ басшысы.

Сергей Глокке облыс басшылығының ұсыныстары орынды екенін алға тартып, оларды жан-жақты қарастыратынын айтты. Тараптар екі аптадан соң қайта кездесіп, әріптестікті дамытудың тетіктерін талқыламақ.

30 млрд. теңге инвестиция тартылады

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында резиденттердің қатысуымен жиын өтіп, өзекті мәселелер қаралды. «Павлодардың» басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта 22 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың жетеуі биыл жүзеге асады. Айбек Әлібекұлы әр жобаның жүзеге асырылу барысына тоқтала келе, бірқатар кәсіпкерге сын-ескертпе бар екенін бүгіп қалмады.

- Алюминийден фольгалар шығаруды жоспарлаған «KazFoil» компаниясы жұмыстарды мерзімінен кешіктіруде. Бұған қажетті құралдардың әлі күнге дейін Түркиядан жеткізілмеуі себеп. Сонымен қатар, «Новопэк» кәсіпорны биыл жұмысты бастамайтын болды. Тек жобалық-сметалық құжаттар дайындаумен айналысады. Ал ешқандай істі қолға алмаған «МұнайАкваХим» компаниясымен жасалған келісімшарт өз күшін жойды. Нәтижесінде 111 гектар жер босады, - деді А.Тұрсынғалиев.

Аймақ басшысы белсенділік танытпай, өз міндеттерін орындамайтын кәсіпкерлермен әріп- тестікті тоқтатуды тапсырды. Ал бұған дейін іске қосылған кәсіпорындардың қарқыны жаман емес. Айталық, мұнда жыл басынан бері 7 мың тонна сұйық алюминий өндіріліп, 550 мың алюминий дискілері шығарылды. Жыл соңына дейін көрсеткіштерді еселеп, «қанатты» металдың сұйық түрін 14-15 тонна көлемінде өндіріп, 1 млн. дискті дайындау көзделіп отыр.

Жалпы, биыл «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына 30 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бүгінгі күні тек 7,1 млрд. теңге қаржы құйылды. Айбек Тұрсынғалиев жобалардың дені төртінші тоқсанда іске асатынын алға тартып, белгіленген меже – 30 млрд. теңгенің игерілетінін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Болат Бақауов жаңадан салынып жатқан «СпецПромСервис», «ЕртicНефтеСервис», «RTF PVL», «Северхим» және тағы бірқатар кәсіпорынның құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.

«СпецПромСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы экономикалық аймақтағы зауыттардан шыққан қалдықтарды өңдейтін болады. Жобаның жалпы құны - 150 млн. теңге. Серіктестік басшысы Ислам Құсайыновтың айтуынша, қазіргі уақытта 1,5 шақырым электр беру желілері тартылуда. Құрылыс алаңы да, тиісті құжаттар да дайын.

Ал жанармай сапасын арттыратын қоспа шығаратын «ЕртісНефтеСервис» компаниясы жұмысын уақытша тоқтатты. Кәсіпорын басшысы Амангелді Шәріпов мұны зауыт жобасына технологиялық өзгерістер енгізумен байланыстырды.

- Біз дизельді отынды К-4, К-5 деңгейіне жеткізетін қоспалар дайындап, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына сатуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, әзірше тек Павлодар мұнай-химия зауытының жағдайын сараптадық. Аталмыш өндіріс орны жылына 2200 тонна қоспа тұтынатын. Соңғы уақытта бұл көрсеткіш екі есеге дейін төмендеп кетті. Бұған олар қолданатын шикізат сапасының бұрынғыдан жақсара түсуі мен жалпы сұраныстың азаюы себеп. Сондықтан біз де жұмысты уақытша тоқтатып, жобаға өзгерістер енгізуді ойластырдық. Бірақ бұл зауыттың іске қосу мерзіміне еш әсер етпейді. Кәсіпорын жоспарланғандай осы жылдың соңына дейін өз жұмысын бастайды, - дейді А.Шәріпов.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін 467 млн. теңге жеке инвестиция жұмсалмақ. Жылына 2,5 мың тонна қоспа шығарып, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар.

Бірқатар кәсіпорынның құрылыс барысын байқаған аймақ басшысы қыс – қыр астында екенін ескертіп, жұмыстарды жылдамдатуды жүктеді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz