Міне, осы кезде менің Бақыт Баймұратовпен таныстығым басталды. Лебяжі ауданынанмын дегені есімде қалды. Екі курс жоғары оқыған Қажымұрат Смағұловты бұрыннан білетінмін. Біздің Құркөл ауылынан. Сөйтіп, жерлес жігітттердің қатарын толықтырдым. Сонда анық байқағаным, Бақыттың бір көрген адамын жатырқамай тез бауырына тарта бастайтындығы екен, емен-жарқын ашыла әңгімелесіп, бір-бірімізге кәдімгідей қамқор, тілеулес болып жүрдік. Сол кездің өзінде қазақы әңгімені ағытқанда аузыңды ашып, көзіңді жұмып, тыңдай бергің келетін.Бір бөлмеде тұратын курстасы Ақселеу Сейдімбектен жұққан бұл қасиетін студенттер де бағалап, құныға тыңдайтын еді...

Ойдағыдай оқу бітірген соң ол бірден «Қызыл туға» орналасты. Қажекең де араға 2-3 жыл салып осы редакцияға келді. Бәріміздің жолымыз түйісті. Өмір ағымы тағы да бәрімізді бір ұжымда табыстырды. Әділін айту керек, Бақыт газет жұмысына тез көндікті. Қызмет баспалдағында тез өсіп отырды. Ауыл шаруашылығы, совет құрылысы, өнеркәсіп, құрылыс және транспорт, партия тұрмысы бөлімдерінің жілігін шақты. Қатардағы тілшіден аға тілшілікке дейін көтерілді. Аталған бөлімдерде меңгеруші де болды.Редакцияның жауапты хатшысы, Редактордың орынбасары тағына да отырды. Ойлап қараған көзі қарақты адамға осынша жолдан өту оңай көрінгенімен, жүйкеңді кеміретін, басыңды сан саққа алып қашатын қаншама бейнеті көп тірлік емес пе? Бұған мойымаған Бақыт бәрін де абыроймен атқарды. Ол үлкенмен де, кішімен де сыйлас, сырлас болғаны жастарға дарыса ғой, шіркін.

Ол әсіресе, қоғамдық істердің бел ортасында болып, үлкен-кішісіне белсене қатыстын. Редакцияның кәсіподақ, партбюро хатшысы болып ұзақ істеген жылдары ұжыммен тіл табысуға, жастарды мамандыққа баулуда, кадрларды іріктеп, өсіруде өз тәжірибесін танытып, септігін тигізді. Бұл сыннан сүрінбей өткені әріптестеріне белгілі. Бір орында (ұжымда) тапжылмай осынша уақыт еңбек ету ерлік емес деп кім айта алар?..

Аяқ астынан естілген суық хабар жаныма жайсыз тиді. Абдырап қалдым. Екі-үш күн бұрын ғана қалжыңға толы әңгімемізді телефон арқылы ағытқан едік. Енді міне қамшының сабындай өмірің өте шыққан ғой. Қарт журналист Тұрсынбай Ибадуллинді ортамызға алып, Мұхит Омаров, Юрий Поминов - бәріміз 75 жылдық мерейто-йымен үйіне барып құттықтаған едік. Көз алдымнан сол сәт те өте шықты. Ұзақ ғұмыр тілеп едік. Жаратқанның өлшеулі жасынан кім аса алар дейсің. Мұндайда тек ұстамдылық, сабырлылық керек. Есімді тез жидым да, редакция басшыларына звондадым. Қолдан келер басқа не бар дейсің?..

Топырағың мамық, иманың жолдас болсын, қайран дос.

 

Социал ӘЙТЕНОВ, ардагер журналист.

saryarka-samaly.kz