Триатлонда бақ сынаған 43 спортшы 750 метр жүзіп, 20 шақырым велосипедпен өтіп, 5 шақырым жүгірді. Әйелдер арасында павлодарлық Татьяна Миргородская үш кезеңде де жақсы нәтиже көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды.

- Мен суда жүзуден бірінші келдім. Бассейннен гөрі өзенде жүзген ұнайды. Оған қоса, қасымда бәсекелестерім болды. Сондықтан қарқынды күшейтуге тура келді. Жалпы алғанда бұл триатлон қиын болған жоқ, - дейді Т.Миргородская.

Ал ерлер арасында велоспорт бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Павел Гацкий үздік атанды. Ол үшін ең қиын кезең жүзу болған екен.

- Былтырғы триатлон кезінде жүзу жарысында қарсыластарыма есе жібердім. Сол себепті биылғы сайысқа тыңғылықты дайындалдым. Ғаламтордан түрлі бейнежазбалар қарап, жүзудің техникаларын үйрендім, - дейді П.Гацкий.

Облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, облыстық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, көзге түскендер 24-25 тамыз күндері өтетін республикалық сайысқа қатысады.

- Бүгінгі бәсеке барысында облыстың намысын республикалық додаларда қорғауға лайық спортшыларды байқадық. Аймағымызда жүзу, велосипедпен жүру және жүгіруді қамтитын мұндай жарыс үшінші рет өтті. Аз уақыт аралығында кәсіби және әуесқой спортшылар тарапынан қызығушылық оянып, бақ сынауға ниеттілер қатары артып келеді, - дейді Н.Есембаев.

Облыстық чемпионатқа қатысушылардың барлығына бірдей медаль берілді. Ал жүлдегерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz