Колледждердің «тағдыры» түбегейлі өзгереді

Павлодар қаласына жақын орналасқан Кемеңгер (бұрынғы Красноармейка) ауылындағы аграрлық-техникалық колледж аймағымызда ауыл шаруашылығы саласына қажетті маман даярлайтын үздік оқу орны болып табылады. Сондықтан оның жұмыс тәжірибесін облыс бойынша тарату мақсаты тұр. Бұл ретте, облыс әкімінің қаулысымен биыл Баянауыл, Аққулы және Май ауданының кәсіптік колледждері бұдан былай аталған аграрлық-техникалық колледждің қарамағына өтеді.

- Алғашында облысымыздағы барлық аграрлық колледждің басын қосу ұсынылған болатын. Бірақ әзірге осы үш колледжді бір жүйеге біріктіру туралы шешім қабылданды. Оларда білім алатын бала саны аз. Тіпті жабылып қалу қаупі төніп тұрған еді. Мысалы, Аққулыдағы колледжде бар-жоғы 36 студент оқиды. Әр студентті оқыту үшін жылына 2 млн. теңгеге жуық қаражат керек. Үш жылдық оқу барысында бір студентке 6 млн. теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа студенттерге әлдеқайда сапалы білім берілуі тиіс. Сондықтан жоғарыда аталған аудандардың білім ордалары біздің колледжіміздің қарамағына өтті, - дейді Кемеңгер аграрлық-техникалық колледжінің директоры Серік Жартыбаев.

Мақсат – аудандық колледждердегі білім сапасын арттыру. Ал Кемеңгер ауылындағы колледж бұдан былай «Ертіс» жоғары аграрлық-инновациялық колледжі» деп аталатын болады.

- Аудандық колледждердің оқытушыларын заманауи білім беру жүйесіне үйрететін боламыз. Олар бізден арнайы оқу курстарынан өтеді. Студенттер санын арттыруды мақсат тұтып отырмыз. Материалдық-техникалық жабдықтарын да жаңарту қажет. Елімізде «Жас маман» жобасы қолға алынған. Оның аясында аграрлық колледждердің материалдық-техникалық жарақтануына 400 миллион теңгеден қаражат үлестірілмек. Соған өтініштер бердік. Қаражат келесі жылы қолға тиюі тиіс, - дейді С.Жартыбаев.

Жаңа жүйеге сәйкес оқу бағдарламасына да өзгерістер енгізілетіні сөзсіз. Атап айтсақ, аудандық колледждердің студенттері бірінші курстағы теориялық білімдерін Кемеңгер ауылында алатын болады. Ал екінші және үшінші курстарда тәжірибеге көп көңіл бөлінбек.

Бизнеске бейімдеуде

Серік Тілеуханұлы колледж жұмысын түбегейлі өзгертуді қолға алғандарын айтты. Заманауи бағытта жұмыс істесе дейді.

- Өзгерістерді оқу бағдарламасынан ғана емес, сыныптардың жабдықталуынан да бастадық. Жасыратыны жоқ, студенттер кітапханаға көп бара бермейді. Сабаққа қажеті болмаса, бос уақытында кітап оқымайды. Ал қазір мұнда коворкинг орталық ашылған. Енді бұл тек кітапхана емес. Оның аясында Е-gov қызметі, «Бизнес инкубатор» жұмыс істеп тұр. Мұнда студенттер түрлі мемлекеттік қызметтерді электронды жүйе арқылы ала алады. Сондай-ақ, бизнес жүргізудің негіздерін үйренеді. Үйреніп қана қоймай, ойында жүрген кәсібін жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар. Арнайы мамандар жеке кәсіпкерлік, немесе шаруа қожалығын ашып, тіркеп бере алады. Студенттермен бірлесіп бизнес жоспар құрады. Бұдан бөлек, бизнес инкубаторға бүгінде аймағымызға танымал, табысты кәсіпкерлер келіп, дәріс оқиды. Тәжірибелерімен бөліседі. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерлігін тіркеп, шағын бизнесін жүргізіп отырған студенттер бар, - дейді колледж директоры.

Биыл мұнда 600 шамасында студент білім алған. Бұл ретте 100 студент дуалды оқыту жүйесі бойынша шаруа қожалықтары мен түрлі кәсіпорындардың тапсырысы бойынша оқып жатқанын атап өткен жөн. Яғни, кәсіпкерлер оқу ақысын мойындарына алып, өздеріне қажетті жекелей маман иелерін оқытуда. «Серпін» бағдарламасы аясында Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, қалалары мен Маңғыстау облысынан келген 120 студент білім алуда.

«Мехатрониканы» меңгереді

Бүгінде Кемеңгер агро-техникалық колледжі «Неміс ауыл шаруашылығы академиясымен» әріптестікте жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде жергілікті студенттер шетелде еңбек тәжірибесінен өтуде. Олар онда айына 500 еуро көлемінде шәкіртақы алатын көрінеді. Жарты жылға созылатын өндірістік тәжірибе кезінде жақсы жұмыс істеп, ерекше ынтасымен көзге түсіп 5-6 мың еуродан жалақы тауып келетін студенттер де бар екен.

- Әлемде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Сондықтан заман ағымынан қалмау маңызды. Жаңа мамандықтар ашу қажеттілігі туындауда. Неміс әріптестеріміздің қолдауымен колледжде «Мехатроника» және «Ландшафттық дизайн» мамандықтары ашылмақ. Мұның ішінде біздің еліміз үшін «Мехатроника» мамандығы таңсық естілетіні сөзсіз. Бұл - заманауи, жұмысы автоматтандырылған ауыл шаруашылығы техникаларына сервистік қызмет көрсететін мамандарды даярлауға арналған кәсіп түрі. Ол-аймақ қана емес, еліміз үшін ауадай қажет мамандар. Себебі бүгінде шаруалар шетелден әкелінген қымбат техникаларын шетелдік мамандарға жөндетуге мәжбүр, - дейді С.Жартыбаев.

Неміс тарапы павлодарлық оқытушыларды қабылдауға әзір. Биыл күзде аграрлық-техникалық колледждің ұстаздары Германияға барып, жаңа мамандықтар бойынша білім алмақ.

«Табыс табамыз»

Алдағы уақытта колледждің меншік нысаны ауысуы мүмкін. Бүгінгі таңда ол коммуналдық қазыналық білім мекемесі болса, жақын уақытта шаруашылық жүргізу құқығындағы колледжге айналады деп күтілуде. Яғни, «мемлекеттік мекеме» мәртебесінен бас тартады. Оның да өзіндік себебі бар.

- Аграрлық колледждер мемлекеттік тапсырыстың арқасында күн көріп үйреніп қалған. Аудандардағы осы тектес білім ордаларының дамымай келе жатқаны да сондықтан. Ештеңеге бас қатырмай, мемлекеттен түсетін қаражатты ғана күтіп отырады. Біз қалыптасып қалған бұл дәстүрден арылуымыз қажет. Табыс табуға дағдылануымыз керек. Бұл ретте дуалды оқыту жүйесінің пайдасы тиюде. Шаруа қожалықтарымен, кәсіпорындармен әріптестік жақсы жолға қойылды. Жоғарыда аталып өтілгендей, олар өздері қаражатын төлеп, қажетті мамандарын оқытуда. Бұдан бөлек, колледж қажеттіліктеріне де қаржылай қолдау көрсетуде. Нәтижесінде қазір бізде студенттерімізді еңбекпен қамту бағытында ешқандай мәселе жоқ. Бүгінгі таңда тәжірибеден өтіп жатқан студенттеріміз 60 мың теңгеден бастап жалақы алады. Тіпті 200 мың теңгеге дейін еңбекақы алатындары бар. Кәсіпкерлер оларды тұрғылықты жатын орындармен, тегін тамақпен де қамтып отыр. Яғни, біз бизнес үшін керекпіз, - дейді С.Жартыбаев.

Болашақта мұнда көкөніс өсіруді қолға алып, мал шаруашылығын дамытпақшы. Бұл студенттер үшін теориялық білімін тәжірибе жүзінде шыңдауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, колледж қажетті азық-түлік, ет, сүт өнімдерімен өз-өзін қамтитын болады.

Төрт түлікке ота жасалмақ

Былтыр Кемеңгер ауылындағы аграрлық-техникалық колледж облыс бойынша техникалық-кәсіптік білім саласының үздік оқу орны деп танылған. Нәтижесінде облыс басшылығы тарапынан 50 млн. теңге көлемінде грантқа ие болыпты. Бұл қаражатқа облысымызда теңдесі жоқ, еліміз бойынша бірегей ветеринарлық зертхана жабдықталуда. Мұнда барлық ауыл шаруашылығы өнім түрлеріне зертханалық талдау жасау мүмкіндігі туады. Бұдан бөлек, малдарға, үй жануарларына хирургиялық ота жасайтын жеке орындар жабдықталуда. Тіпті, төрт түліктің тісін емдеуге бағытталған стоматологиялық қызмет ашылады. Бір сөзбен айтқанда, биыл Кемеңгер ауылында ауыл шаруашылығы малдарына арналған «емхана» бой көтеруде.

- Өкінішке қарай, бұған дейін қорадағы төрт түліктің бірі ауырып қалса, оған әрі кеткенде екпе жасалатын еді. Ауру мал айықпаса, сойып тастайтын. Енді кез келген малдың ауруын анықтап, емдеуге, ота жасауға мүмкіндік болады. Әсіресе, құны қымбат асыл тұқымды мал өсіріп жатқан шаруашылықтар үшін аса маңызды.

Мысалы, құны 1 миллион теңге тұратын сиырды сәл сырқаттанды екен деп пышаққа қия қоюы қиын ғой. Ал біз оны емдеп шығара аламыз, - дейді Серік Тілеуханұлы.

Атап өтерлігі, ветеринарлық зертханада жасалатын отаны онлайн режимінде облыс көлемінде тарату мүмкіндігі бар. Бұл ветеринария саласында білім алатын студенттер және сала мамандары үшін тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік болары анық.

Дей тұрғанмен, колледж жұмысында мәселелер де жоқ емес. Жас, білікті мамандар тапшы көрінеді.

- Ауыл шаруашылығы саласында білім алған жастарды оқытушылық қызметке шақырамыз. Өкінішке қарай, оқытушылар құрамы қартайып келеді. Білікті ұстаздар керек. Бүгінде колледждің шетелмен байланысын нығайтудамыз. Сондықтан шетел тілін меңгерген мамандарға есігіміз айқара ашық, - дейді колледж директоры.

Атап өтерлігі, С.Жартыбаев - «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбритания елінде білім алып келген маман. Шетелдің оқыту тәжірибесі оған жақсы таныс. Сондықтан жергілікті аграрлық-техникалық колледждің білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді армандайтынын айтуда. «Біздің студенттеріміздің дипломымен шет мемлекеттерде жұмыс істей алатын күн алыс емес», - дейді С.Жартыбаев.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

Кемеңгер ауылы, Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz