Павлодар облысындағы мешіттердің барлығында айт намазы таңғы 7.00-де оқылды. Павлодар қаласындағы тұрғындардың басым бөлігі Мәшһүр Жүсіп орталық мешітіне жиналып, іші адамға лық толды. Айт намазына облыс әкімі Болат Бақауов та қатысты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қазақ және орыс тілдерінде уағыз айтып, құрбан шалудың мән-маңыздылығын атап өтті. Еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілеп, дұға етті.

- Мұсылман адам мұқтаж жанның ұлтына, дініне, діліне қарамастан көмектесуге әзір. Сондықтан құрбандыққа шалған мал етін жақындарына, көрші-қолаңдарына, мұқтаж жандарға үлестіріп, бір бөлігін ғана өзіне алады. Бұл мереке халқымызды ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырып, бірігуге себепкер. Ізгі амалдарыңыз сауаптан болсын! – деді Ж.Қоспақұлы.

Бұдан соң павлодарлықтар «Құлагер» ипподромында құрбандық шалуға арналған орындарға асықты. Мұнда ниет еткендерге қажет жағдайдың барлығы жасалған.

Сонымен қатар, қалалық саябақта мәдени, рухани, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Құран оқудан, иләһи өлең-жырлар айтудан сайыстар өтіп, тұрғындар мен қала қонақтары қазақ күресі, арқан тарту, кір көтеру сынды спорттық жарыстарда бақ сынады.

Оған қоса, облыс орталығындағы барлық мешіт саябақта мерекелік дастарқан жайып, 25 қазан палау пісірді. Түрлі тәтті мен сусындарды тегін таратты. Ойын аттракциондары да келушілерге жеңілдікпен қызмет көрсетті.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz