Ниет болса...

«Қалауын тапса, қардың да жанатынын» Май ауданының тұрғындары дәлелдеп отыр. Аймақ басшысы өңірге жұмыс сапары барысында бірқатар елді мекендерде болып, көпбалалы ата-аналармен арнайы жүздесті. Олардың қатарында Қаратерек ауылының тұрғыны Гүлнар Қылышева да болды. Ол - азын-аулақ қаражатымен шағын кәсібін ашқандардың бірі. Төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған ана «Бастау» бағдарламасы аясында арнайы курстан өтіп, 250 мың теңге көлемінде грантқа ие болған. Аталған қаражатқа жолдасы екеуі үйлерінің ауласына шағын жылыжай салыпты. Бүгінде онда қияр өсіруде. Алған өнімдерін тұздап, саудаға дайындауда. Болашақта қысқы жылыжай салуды жоспарлап отыр. Осылайша, жыл бойы бақша өнімдерін өсірмек. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл еңбекқорлықтың үлгісі екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшылығына көпбалалы анаға ары қарай да қолдау көрсетуді тапсырды.

- Төрт балаға төленетін атаулы әлеуметтік көмекке де күн көруге болар еді. Бірақ біз өзіміз де табыс тапқымыз келеді. Онымен қоса, қазіргі кезде ниет болса кәсіп ашып, нәсібін көруге көп мүмкіндік жасалған. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Тек әрекет ету қажет, - дейді Г.Қылышева.

Аудан орталығы - Көктөбе ауылының тұрғыны Нұрболат Рымбек те жылыжай шаруашылығын дамытуда. Қытайдан қоныс аударған қандасымыз әрқайсысының аумағы 500 шаршы метр болатын екі жылыжай салған. Күніне 250 келі шамасында өнім жинайды. Осылайша ауылдастарын қияр, қызанақпен қамтып отыр. Бұдан бөлек, қырыққабат та өсіреді. Жеті адамға тұрақты жұмыс орнын ашқан.

- Осындай қарапайым мысалдардың өзі кез келген адам ауылдық жерде өз кәсібін аша алатынын көрсетеді. Қазіргі таңда мемлекет бизнес бастағысы келетін азаматтарға барынша қолдау көрсетуде. Тек соны ұтымды пайдалана білу қажет. Атаулы әлеуметтік көмек алумен шектеліп қалуға болмайды, - деді аймақ басшысы.

Кездесулер барысында жұмыссыз жүргендерін айтып, көмек сұраған тұрғындар да болды. Болат Жұмабекұлы оларға тиісті көмек көрсетуді жүктеді.

Ауызсумен қамтылуда

Облыс әкімі Май топтық су құбырының құрылысымен танысты. Ауданның 15 ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылуда. Осылайша аудан бойынша екі мыңнан астам тұрғын үйге таза ауызсу тартылмақ.

Ауылдарға су құбырын тарту жұмысы үстіміздегі жылдың сәуір айында басталған. Ал қараша айында барлық жоспарланған елді мекендер топтық су құбырына қосылады деп күтілуде. Құрылыс қарқыны көңіл көншітрліктей. Мысалы, Көктөбе аулындағы 524 үйдің 431-іне сапалы ауызсу жеткізілген.

Аймақ басшысы судың тарифі тұрғындар үшін қолжетімді болуы қажет екенін ескертті. Бұл ретте, судың бағасын арзандатудың ұтымды жолы ретінде Май топтық су құбырына көршілес өңірлердің ауылдарын да қосу ұсынылды.

- Ақсу қаласының Май ауданымен шектесетін Мәмәйіт Омаров, Құркөл және Еңбек ауылдарын сапалы ауыз сумен қамту бойынша жоба әзірленуде. Аталған елді мекендерде жалпы саны екі мыңға жуық адам тұрады. Алайда, егер әр ауылға жеке-жеке ұңғыма қазып, сорғы станциясын орнататын болсақ, шамамен 1 миллиард теңге жұмсалады. Бұл ауылдарды Май топтық су құбырына қосу әлдеқайда арзанға түсер еді. Онымен қоса, тұтынушысы көбейсе, судың да бағасы арзандай түседі. Осы мәселені қысқа уақыттың ішінде зерделеп, тиісті шешім қабылдау қажет, - деді Б.Бақауов.

Қателік түзетіледі

Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды да аралады. Бұл ретте Болат Жұмабекұлының назарына Баскөл ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үй ілікті. Онда фельдшерлік-амбулаториялық бөлімше орналастырылуы қажет еді. Тиісті тапсырма екі жыл бұрын берілсе де, аталған тұрғын үй әлі жөндеуден өткізілмеген. Облыс әкімі бұйрықтың орындалуына салғырттық танытқан жауапты лауазым иелеріне қатысты жаза қолдануды жүктеді. Б.Бақауов мектептердің жылыту маусымына дайындығын да тексерді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданда жүзеге асырылып жатқан ауыл шаруашылығы бағытындағы бірқатар жобалармен де танысты. Атап айтсақ, Кеңтүбек ауылындағы «NurJailau» шаруа қожалығының және Қаратерек ауылының маңындағы «MyFeedlot» ЖШС-нің мал бордақылау алаңдарының құрылысын көрді. Аймақ басшысы құрылыс сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. Атап айтқанда, ірі қараны қамайтын орындар талапқа сай келмейді. «Барлық кемшіліктер уақытылы түзетілуі тиіс. Оған біз көмектесеміз», - деді Б.Бақауов.

Петроглифтер табылды

Б.Бақауов Май ауданына қарасты Ақшиман ауылының іргесінде орналасқан әйгілі «Қалмақ қырылған» археологиялық-этнографиялық кешеніне де ат басын бұрды. Бүгінде мұнда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары қазба жұмыстарын жүргізуде.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тарихындағы үлкен әскери қақтығыстардың бірі орын алған «Қалмақ қырылған» кешенін зерттеу мақсатында 10 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Нәтижесінде қазір мұнда археологтар қазба жұмыстарын жүргізуде.

- Археологиялық жұмыстардың басты мақсаты - XVIII ғасырдағы қазақ-қалмақ арасындағы әскери-саяси қатынастарға қатысты заттай деректер табу. Осы күнге дейін «Қалмақ қырылған» оқиғасына қатысты тек жазба деректер ғана болды. Ал біз материалдық дәлелдер табуға тырысудамыз. Сол арқылы үш ғасыр бұрын болған шешуші шайқастың орнын нақтылауымыз қажет, - дейді археолог ғалым Виктор Мерц.

Бұл орындағы археологиялық қазба жұмыстары екі апта бұрын басталған. Соған қарамастан, қазірдің өзінде садақтың ұшы, айылбас, қайрақ сияқты көне заман жәдігерлері табылған. Бұдан бөлек, таудағы тастардан көне жазуларды анықтаған. Онда жануарлардың суреттері және әзірге белгісіз таңбалар бедерленген.

Қазіргі кезде «Қалмақ қырылған» оқиғасына қатысты тарихи, ғылыми деректерді жинау бойынша жұмыстар да қоса жүргізілуде. Ол мақсатта павлодарлық ғалымдар Ресей Федерациясына, Қалмақ еліне аттанбақ. Ондағы музей, мұрағаттарда қазақ-қалмақ қатынасына қатысты әлі анықталмаған көптеген деректер сақталған, дейді ғалымдар. Бұдан бөлек, Павлодарда отандық және шетелдік тарихшы, зерттеушілердің қатысуымен ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша арнайы зерттеу кітабы жарыққа шығады. Ал тарихи орында тастан арнайы стелла және ақпараттық тақталар орнатылады.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

Май ауданы.

saryarka-samaly.kz