Қазанғап Сатыбалдыұлы (1771-1856) –ХIХ ғасырдағы ірі мемлекеттік қайраткер. Орта жүздің белгілі биі, шешен, Арғын руының Бәсентиін және Бөрі тармағынан шыққан.

Павлодар облысы Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Бәсентиін елінің төбе биі, 1843-1848 жылдар аралығында Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Ресейдің патшасының қолынан орыс әскерінің прапорщигі (1808), капитан шендерін алып (1810), кейіннен штабс-капитан шенін иеленіп (1817), майор (1833) болған. Патша өкіметі тарапынан «Владимир» алтын медалімен, алтын жалатылған күміс кубогымен, екі рет шекпен мен аң терісі бөрігі және әр түрлі күміс ақшалармен марапатталған.

Қазанғап Сатыбалдыұлы өз заманында халық арасында дана, қайратты би ретінде танылды. Жергілікті басшылар Қазанғап би арқылы қазақ рубасыларымен келіссөздер жүргізген. Деректерге жүгінсек, ол - Ертіс өңірін дамытуда, қазақтардың өндіріспен шұғылдануына үлкен үлес қосқан, Баянауыл округінің ашылуына ұйытқы болған адам. Қалқаман көлінен тұз шығаруды ұйымдастырды. Осындай игілікті істері үшін кезінде халық Қазанғапқа «Би майор» деген атақ берген дейді.

Орыс деректемелерінде Қазанғап Сатыбалдыұлының болмысын айқындайтын «парасатты, адал, шыншыл азамат» деген мәліметтер кездеседі. Орыстардың өзі Қазанғап биге мінездемені үш-ақ сөзбен берген екен.

Қайраткерлігімен аузына қаратқан

Қазанғап Сатыбалдыұлы орысша тілге жетік, өз ойын дәлелмен жеткізе айта алатын, ісі де, сөзі де мірдің оғындай азамат болған. Ол патшаның билік өкілдерімен тілмашсыз-ақ еркін сөйлесе алатын. Ол туралы мұрағат құжаттары сақталған дейді зерттеушілер. Сондықтан, Батыс Сібір губернаторы мен Омбы облысы әкімдері қазақ даласындағы істері бойынша алдымен осы Қазекең арқылы байланысып отырған. Мысалы, Қалқаман көлінен шығарылған тұзды түйелерге артып, Керекуге тасымалдау жұмысын ұйымдастыруда Сібір үкіметіне үлкен қолқабыс тигізген. Ол дала билері атынан орыс үкіметімен келіссөз жүргізіп, халқының игілігіне қажетті міндеттерді өз мойнына алыпты. Патша өкіметіне де билік басында екі жаққа да жағымды, ымырашыл, қоғамдағы беделі жоғары адамның болғаны қолайлы болғаны көрінеді.

Қазанғап Сатыбалдыұлының ел басқарудағы қайраткерлігі 1820 жылдары Орта жүз қазақтарының жерінде алғашқы округтер құрыла бастағанда көрінеді. Қазанғап Сатыбалды ұлы дербес Баянауыл округін құру үшін көп еңбек сіңіргенін айту керек. 1820 жылдары Бөкей хандығынан да, төре билеген Қарқаралы округінен де дербес, жаңадан Баянауыл округін құру үшін өзінің билігіндегі Бәсентиіндерді ғана дайындап қоймай, көрші Бура-Наймандарды да осы округке кіруге көндіреді. Сөйтіп, жаңадан округ ашуға қажетті мөлшерде түтін санын қамтамасыз етуде ол көп еңбек сіңіреді. Бірақ, халыққа да, жоғарғы ұлықтарға да ықпалы күшті, шен-шекпен, сый-сыяпатқа басқалардан бұрын ие болған Қазанғап 1833 жылы ашылған Баянауыл округінің жоғарғы билігінен құралақан қалады. Оның есесіне, аз да болса толтырып, қалың жатқан 5 болыс Бәсентиін елінің көңілін аулау үшін Қазанғаптың ұлы Бердіәліні қазы қып сайлайды.

1841-1842 жылдары Баянауыл округінің аға сұлтаны болған баласы Бердіәлі қайтыс болған соң, дуанбасы болып Қазанғаптың өзі сайланады. Ол дуанбасы болған 5 жылға жуық уақыттың ішінде округ көлемінде жер асты кен байлық көздері ерекше мол ашылады. Ел ішінде бейбіт өмір, тыныштық орнайды.

Береке - билік басынан

Қазанғап бидің мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысқан ірі кәсіпкер, халыққа жанашыр, демеуші болғанын тарихи деректер айғақтайды. Мысалы, Қазанғап Сатыбалдыұлы 1843 жылы дуанбасы болған соң қызметін дуанға мешіт салдырудан бастаған. Оған молда ретінде татар Ғабдулғафар есімді азаматты тағайындаған. Осы молдамен бірге еріп келген Рамазан деген татар жігітін Қазанғап қолынан ұстап, сауда-саттығын жүргізетін көмекші еткен. Ол қамқоршысының тапсырмасы бойынша бүкіл Сібірді, Ірбіт, басқа да ірі жәрмеңкелерді аралап, сауда-саттық жүргізген. Ақсу қаласының тұрғыны Жамбыл Қайырбеков пен Қызылжар ауылында тұратын Қаратай Жүкеновтің мәліметтері бойынша, Қазанғап би қазіргі Павлодар облысының Ленин кентінде медресе салғызып, қазақ жастарының білім алуына қолғабыс тигізген екен.

Қазанғап Сатыбалдыұлы туралы айтқанда, Ертіс бойының қазақтары осы күнге дейін ерекше ерлік жыры ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген бір әңгіме бар. Ол – аталмыш тұлғаның араласуының арқасында Ертіс бойының шұрайлы жерлерінде қазақтардың мал бағуына рұқсат берілуі еді.

Қазанғап Сатыбалдыұлы аға сұлтан қызметін атқарып жүргенінде жергілікті Омбы әкімшілігінің алдында қазақтардың қамын жеп, мүддесін қорғаған. Мысалы, бәсентиіндер казак әскерлерінің үлесіндегі жерге мал жіберіп, 29 мың сотық жердің шөбіне зиян келтіргендіктен казак әскерінің Коряковский, Выдрин сияқты өкілдері қазақтардан айып шығынын толық төлеуді талап еткен. Осындай жағдайда аға сұлтан Қазанғап Омбыға барып, қазақтарды көп айып төлеуден құтқарған екен. 1840 жылдары патша үкіметінің жандайшаптары болған Сібір казактарына қазақ жерін билеп-төстеуде қандай зор өкілеттілік берілгені тарихтан мәлім. Мұндай басқыншылық уақытта империяның саясатына қарсы тұру мүмкін емес еді. Бірақ Қазанғап атамыз Ертіс өзенінің бойы жергілікті халықтың ата-бабасынан бері мал жайып өмір сүріп келе жатқан жері екенін ескертіп, ішінара талап етуінің арқасында шұрайлы жерлерді пайдалану құқығы қайтарылды.

Халқына зор құрметі

Қазанғап би Сатыбалдыұлы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған кезінде қайырымдылық жұмыстармен айналысқан. Баянауыл сыртқы округінде мешіт-медреселер, мектеп салу жұмыстарын жүргізген. Мешітке Қазан қаласынан татар молдасы Ғабдул Ғапарды алғызған. Ғабдул Ғапармен еріп келген жас жігіт Рамазанды өзіне көмекшілікке алып тәрбиелейді. Барлық сауда-саттық жұмыстарын Рамазан атқарып, Қазанғап бидің тапсырмасы бойынша Ірбіт (Орал), Сібір, Омбы, Үркіт (Иркутск) жәрмеңкелеріне барып сауда-саттықпен айналысқан.

Қазанғап Сатыбалдыұлының атақ-шені мен марапатталған белгі-сыйлықтары жөнінде айтар болсақ, ол Сібір қазақтарының ішінде 1808 жылы бірінші болып Санкт-Петербург қаласында ақ патшаның дидарын көріп, қабылдауында болған. 1810 жылы капитан шенін, 1817 жылы штаб-офицер шенін алады. Бұған дейін Арқа қазақтарынан офицер болғандар: төрелер Ғазы Бөкеев (1811 жыл, Қарқаралыдан) пен Тұрлыбек Көшенов (1813, Ақмола). Қ.Сатыбалдыұлы 1833 жылы майор атағын, 1838 жылы 300 сом күміс ақша, 1842 жылы «Владимир» лентасына тағылған алтын медаль, 1844 жылы алтынмен апталған күміс бокалды иеленген.

1843 жылдың 10 ақпанынан бастап 1848 жылға дейін Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны (дуанбасы) болып еліне еңбек сіңіреді.

1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін көмекшісі болған Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызған. Кесене ішінде Қазанғап бидің еңбектері жөнінде ақ мәрмәр тастан жазылған қабірүсті ескерткіш орнатқан. Өкінішке қарай, күмбез бүгінгі күнге дейін сақталмады. Кеңес үкіметі кезінде Қазанғап би кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған. Кейіннен Рамазанның немересі Абдулфаттах Рамазанов Павлодар (Кереку) қаласындағы Әлкей Марғұлан көшесінде Қазанғап биге арнап Ақ мешіт салғызған. Баянауыл тауларында «Қазанғаптың асуы», Баянауылға кіреберісте Төлеу бұлағының жағалауында «Қазанғаптың қоралары» атты жерлер бар.

Қазанғап бидің жерленген жері қазіргі Ақсу қаласы Жолқұдық ауылына қарасты Балықшы ауылының жанындағы үлкен қорымда орналасқан. 2008 жылдың қазанында Ақсу қаласының Алғабас ауылдық округінің Жолқұдық ауылында табиғи мәрмәр тастан жасалған естелік стела орнатылды. Географиялық координаталар: N52°22’37,87»E76°41’54,71». Ескерткіш маңайы аббаттандырылған, тас орындықтар орнатылып, ақтық байланған ағаш өсіп тұр. Бұл жер өңіріміздің киелі жері болып саналады, үлкен қызығушылықпен танымдық құндылығымызды көрсететін діни мұрамыз болып табылады.

Шешендігі бір төбе

Шежіреге келер болсақ, Қазанғап Сатыбалдыұлы қазақтың атақты батыры Бәсентиін Малайсарының үзеңгілес досы Байдәулет батырдың шөбересі (кейбір деректер бойынша – немересі). Бұл тектілік жалғасын тауып, 1843-1848 жылдар аралығында Қазанғап би Баянауыл округінің аға сұлтаны болған.

Баянауыл-Ертіс өңірін үлкен абыроймен билеп, халыққа пана болған Қазекең патшалық Ресей жүргізген отаршылдық саясаттың дауылына, рушылдық пен күншілдіктің өкпек желіне қайыспаған Арқаның бір бәйтерегі іспетті кісі болған. Оны атақты Шөже ақыннын Ертіс бойындағы Бәсентиіндерді аралап жүріп шығарған мына өлеңінен де байқауға болады.

«Тұсында Керекудің Апай, Бөрі,

Жақсының күнде жиын жүрген жері.

Жол бермей азулыға қарсы тұрған.

Қазекең өткен екен кемеңгері».

Халық арасында сақталған аңызда Қазанғап өткір тілді, шындықты тура айтатын шешен адам болған дейді. Сондықтан бұл жөнінде: «Шоң би сөйлегенде, қара арғымақты суға батырады, ал Қазанғап сөйлесе, сол арғымақты судан алып шығады» дейді екен.

Мысалы, Абайдың әкесі, 1849-1852 жылдары Қарқаралы округін басқарған Құнанбай Өскенбайұлы Қазанғап Сатыбалдыұлының үйіне жиі тоқтап, сыйлы қонағы, сырлас жолдасы болған. Құнанбай Бөжеймен арыздасып (қағаздасып), Бөжейдің арызы бойынша, Омбыға шақырылып, жолда Қазанғапқа сәлем бере кетейін деп келсе, палау бастырып, шай береді. Жолдан қарны ашып келген Құнанбай ас иесінен бұрын палауды асап жібереді де, бұл ісінің ерсілігін біліп:

- Қазеке, алыңыз, - дейді.

Сонда Қазанғап:

- Соқыр қаздай қақшиып қағып салдың, ендігі иба-әдебің өзіңе. Осы қалыпта қақшиып алып, қаға бер. Бұйырғаны бізге де жетер, - деп әзілдепті.

Құнанбай бұл сөзді көңіліне алып өкпелеп, ертең аттанбақ болады. Бірақ күн тұман екен. Қазекең: - Жат, екі-үш күн тынық, - деп жабысса, Құнанбай болмапты. Сонда Қазанғап:

Тұман түбі - жұт,

Тұмау түбі - құрт,

Закон түбі - сот,

Соттың түбі - шорт.

Бөжеймен айтыспа, араздаспа; жеңсең, өзіңді жеңесің; жеңілсең, өн-бойыңа мін-қарғыс таңба болады, - деп, ағалық ақылын айтқан екен.

Құнанбайдың ісі Омбыдағы Шекаралық бас басқармада қаралып, ол аға сұлтандықтан босатылады. Бұл оқиға 1852 жылы қараша айында болған. Омбыда бірер ай жатып, өзін ақтау жолын іздестірсе де ісі сәтсіздікке ұшырайды. Үміті кесілген Құнанбай еліне оралады. Қайтар жолда Қазанғаптың үйіне тоқтап, бастан кешіргендерін баяндайды. Сонда Қазанғап:

Бөжей менен Құнанбай,

Жүйріктігің құландай,

Шұбарлығың жыландай,

Ағайынмен ұстасып,

Омбыда жаттың бірталай.

Жеңемін деп жеңе алмай,

Не бетіңмен келесің,

Ел-жұртыңнан ұялмай, - деп қағытады. Әрине, Құнекең де қара сөзге жаяу емес, жауап қатысады. Бұл екі замандастың әрдайым бірін-бірі қолдап, ел игілігі жолында қорғасып жүргенін аңғартады.

Атадан мұра

Жалпы, Қазанғап би Сатыбалдыұлының өмірін, тұлғалық жолын зерттеу еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана басталды. Бүгінге дейін бірқатар зерттеулерге құрылған мақалалар, кітапшалар жарық көрді. Осы танымдық мақаланы жазу барысында біз белгілі өлкетанушы, қаламгер Тілеке Жеңістің «Ертіс-Баянаула өңірі» кітабынан (Павлодар «Дауа», Қазақстан, 1995) және С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының «Қазанғап би Сатыбалдыұлы» ұжымдық еңбегінен деректер алып пайдаландық. Бірнеше жылдан бері Қазанғап би туралы Павлодар қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Махмет Демесінов ағамыз жиі мақалалар жариялап, оның есімін Ленин кентіне беру туралы мәселе көтеріп келеді. Қазанғап атамыз туралы республикалық «Egemen Qazaqstan», тағы басқа газеттерде де танымдық дүниелер ұдайы беріліп келеді.

Жоғарыда көрсетілген С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының «Қазанғап би Сатыбалдыұлы» ұжымдық еңбегіне алғысөз жазған сол кездегі университет ректоры Ерлан Арын былай деген екен:

«Бұл кітапша Ертіс бойындағы асыл перзенттердің бірі, XIX ғасырдың ірі қайраткер тұлғасы - Қазанғап Сатыбалдыұлының өмір жолына, қоғамдық қызметіне арналады. Бұл кітапшаны оқырман қауым, жергілікті азаматтар үлкен монографиялық еңбектің алғашқы, яғни кіріспесі деп ұққан жөн. Себебі, Қазанғап Сатыбалдыұлы туралы зерттеулер жаңа ғана басталып, өріс алып келеді. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ғалымдары жаңа қолға алып жатқан бұл тақырып болашақта бірнеше кітаптар мен диссертацияларға өзек болады деген пікірдеміз.

Қазанғап Сатыбалдыұлы аса бір күрделі заманда өмір сүрді. Ол кезеңде Қазақ хандығы өзінің бір тұтастығынан айырылған, бірақ әлі де толық бодандыққа көшпеген уақыты. Сол себепті, елдің ішінде ірі тайпалар мен ұлыстарға әкімдік жасайтын қайраткер тұлғалар көп болды. Олар Қазанғаптың замандастары Шоң Едігеұлы, Шорман Күшікұлы, Құнанбай Өскенбайұлы т.б. Бұл, бір қарағанда, алыптардың заманы, яғни ірі көсемдердің заманы. Сонымен бұл кезеңде Ресей империясы да Ертіс бойындағы шүйгін алқаптарға қызығып, өз қолына қарата бастаған кезі. Қазанғап сияқты тұлғалар осы күресте қашан да ел жағында болып, өз қандастарының туып-өскен жерінен, базардағы үлесінен құр қалмауы үшін күресті. Әр заманда осындай күрескер тұлғалар біздің төуелсіздігімізді ақырындап жақындата берді. Қазанғап тұлғасы бізге осы қырларымен де қызықты».

2008 жылға дейін осындай ірі тұлғаның аты елге беймәлім жатқаны, басының көтерілмей, құлазып жатуы елді қынжылтты. Абырой болғанда, осы өлкенің Қуат Есімханов, Оралбек Қожанов, Әбілхақ Түгелбаев сияқты азаматтарын қолдап, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті осы іске өз үлесін қосты. Соның нәтижесінде бүгінде Қазанғап би Сатыбалдыұлының бейітінің басында құлпытас орнатылған.


Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр өлкенің мақтанышы, тарихы, ерлік ұраны болған ұлтжанды қайраткерлердің есімдері замана қойнауынан қайта аршылып, жаңғыртылып жатыр. Бұл істердің барлығы жас ұрпақтың бойында қазақы қанның ойнап, ұлттық мінездің қалыптасуына бағытталғаны анық. Болашағы бар ел кезінде халқына адал қызмет еткен тұлғалардың өмірін үлгі тұтып, есімдерін білуге міндетті. Сондай тұлғалардың бірі – Қазанғап би Сатыбалдыұлы. Біз мұндай арыс атамыздың есімін асқақтатуға тиіспіз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz