Жыл басында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстың 15 тұрғынына жалпы сомасы 43 млн. теңге болатын грант үлестірілген еді. Мемлекет тарапынан берілген бұл сомаға аудан-қалаларда түрлі кәсіп ашылды. Мәселен, Аққулы ауданында этноауыл, Екібастұзда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған киім цехы, Железин ауданында балық аулау және туризмге арналған тауар өндірісі, Ақтоғайда балалар жиһазын жасау орны жұмысын бастады.

- Мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 млн. теңге алып, өз қаржымды қосып «Тұз city» этноауылын аштық. Киіз үйлер тігіп, жағажайды көріктендірдік. Атқа міну, бассейнге түсу, биенің саумалымен емдеу сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Тұзды көлде шомылып, демаламын деушілер үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз, - дейді Аққулы ауданындағы кәсіпкер Гүлжан Оразалина.

Айта кетелік, былтыр грант алуға 80 павлодарлық өтініш берсе, биыл 162 тұрғын қайтарымсыз қаржыға кәсіп ашуға ниет білдіріпті. Тұрғындар тарапынан сұраныстың зор екенін байқаған жергілікті билік қосымша 40 млн. теңге грант бермек. Бұл ретте жастарға ерекше қолдау көрсетіледі.

- Жастардың қатарында өз бизнесін бастауды қалайтындар көп. Биыл Жастар жылы екенін ескере келе, оларға тағы бір мүмкіндік берілмек. 29 жасқа дейінгі, салық төлемдері бойынша қарызы жоқ облыстың кез келген азаматы грант ала алады. Бастысы оның жобасы әлеуметтік-экономикалық маңызға ие және инновациялық болуы шарт. 13 адамнан тұратын арнайы комиссия әр өтініш иесімен тілдесіп, бизнес-жобаларды сараптап, 40 млн. теңгені үлестіреді, - дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Айдос Сәкенов.

Одан бөлек, елімізде «Жастар – ел тірегі» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Оның бір бөлімі – «Жас кәсіпкер» аясында да жастарға қаржылай қолдау көрсетілмек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов айтқан еді.

- Биыл «Жас кәсіпкер» бөлімі бойынша 29 жасқа дейінгі павлодарлықтардың 500-ден аса грантты иелену мүмкіндігі бар. Бизнес идеясын жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржы көлемі – 505 мың теңге. Бұл - бір ретік акция емес. 2019-2021 жылдар аралығында республика көлемінде барлығы 30 мың грант берілмек. Сәйкесінше, алдағы үш жылда облыстағы 2 мыңға жуық жастың өз бизнесін ашуына жағдай жасалады, - деген болатын А.Оралов.

Осылайша, облыстың жас азаматтарына оңтайлы жағдайлар жасалуда. Тек мүмкіндікті қалт жіберіп алмай, тың жобасымен көзге түссе болғаны.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz