Тілші сауалы:

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарла-масының негізгі талаптарын түсіндіріп кетсеңіз. Бұл бағдарлама кімдерге арналған?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама 2018 жылдың қараша айында мемлекеттік бағдарлама қатарына қосылды. Биыл мамыр айында осы бағдарламаға өзгертулер енгізілді. Яғни, өткен жылы 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізілсе, биыл оның қатары 4 бағытқа жетті. Бірінші бағыт бойынша қатысушылар техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етіледі. Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Яғни, «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлікті оқу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қалалар мен ауылдарда несие алуға кепілдік беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға, мемлекеттік гранттар беруге бағытталған. Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамытуды көздейді. Бұған жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар практикасын құру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру сынды шаралар жатады. Ал төртінші бағыт бойынша «Жастар – ел тірегі» жобасы іске қосылды. Жастар жылы қарсаңында қолға алынған бағыт «Жас маман», «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша жұмыс істейді. Әр бағыт бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан бөлек, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және сауда басқармалары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыс ісетйді.

Тілші сауалы:

- Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша қанша адам білім алады деп жоспарлануда?

Гүлсім ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ:

- Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1035 адам техникалық және кәсіптік білімді меңгереді деп күтілуде. Олардың көпшілігі 2 жыл 10 ай мерзім көлемінде білім алатын болады. 2017 жылдан бастап жыл сайын 1035 адамнан оқуға түсіп келеді. Қазіргі уақытта 1738 адам оқуларын жалғастыруда. 157 адам кәсіп игерді. Олардың 131-і жұмысқа тұрды. Яғни, 84 пайызы екі қолға бір күрек тапты. Қалғандары бала күтіміне байланысты үйде отырса, кейбірі білімдерін жоғары оқу орындарында жалғастыруда. Бұдан бөлек, оқудан өз еркімен шығып кеткен адамдар бар. Әсіресе, оқу барысы жасы келген адамдарға қиынға соғуда. Сондықтан білім алу жөнінде шешім қабылдағанда ойланған жөн. Десе де, оқудан босатыларда қала-аудандардағы комиссия мүшелерінің пікірі ескеріледі. Мамандар адамдардың оқуды толық аяқтап шығулары үшін барлық жағдайды жасауда. Тіпті, сабақты «3» деген бағаға оқитындарға да шәкіртақы төленетінін айтқым келеді.

Тілші сауалы:

- Аталмыш бағдарлама аясында қанша адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, кәсіп ашты?

- Әнел АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:

- 2017 жылдан бастап аймағымызда 3500-ден астам адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алды. Былтыр 1829 адам оқуды тәмамдаса, биылғы алғашқы жартыжылдықта 900 адам кәсіпкерліктің негізін меңгерді. «Жас Кәсіпкер» бағыты бойынша 800 адамды оқыту жоспарлануда. Қазіргі уақытта алғашқы лекте 426 адам білім алуда. Бұдан бөлек, жылдың соңына дейін 1600-ге жуық жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды оқыту жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Қанипа, Ақсу қаласы:

- Бауырым жергілікті зауытта жұмыс істейді. Екі баласы бар. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отыр. Келінім студент болғандықтан білімін жалғастыруда. Олар жас отбасы ретінде «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп ашуға бағытталған грантқа қатыса ала ма?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- «Еңбек» бағдарламасы арқылы жастарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант беріледі. Бірақ мұндай қаржылық қолдау тек жұмыссыз жүргендер мен өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандарға арналған. Сіздің бауырыңыз бала күтіміне байланысты декретте отырғанымен, зауыттың қызметкері болып табылады. Яғни, жұмысы бар. Ал келініңіз әлі студент. Оған білімін жалғастыру қажет. Демек, екеуі де осы жағдайларға байланысты грант алуға қатыса алмайды. Егер келініңіздің жасы 29-ға толмаған болса, оқуын бітірген соң, кәсіп ашуына болады. Бұл бағдарлама келесі жылы да жұмыс істейтін болады. Сондықтан әлі уақыт бар.

Тілші сауалы:

- Мұндай қолдау тек жас отбасыларға ғана көрсетіле ме?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- 200 АЕК көлеміндегі қолдау көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға, еңбекке қабілетті мүгедектерге де беріледі. Былтыр грант үміткерлері жеке кәсіпкерлікті тіркеуге міндеттелген болатын. Кәсібін дөңгелете алмағандарға атындағы жеке кәсіпкерлікті жабу қиынға соғатын. Қазіргі уақытта грант үміткерлеріне жеке кәсіпкерлікті ашу қажет емес, өз ісін салық органдарында тіркеу арқылы немесе ай сайын бірыңғай жинақтық төлемді төлеп отырса болғаны.

Серік, Аққулы ауданы:

- Ұлымның орта арнаулы және жоғары білімі жоқ. Бірақ Отан алдындағы борышын өтеп келді. Балам «Еңбек» бағдарламасына қатысып, кәсіп игере ала ма?

Гүлсім ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ:

- Әрине, балаңыз «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы бола алады. Ол үшін ұлыңыз жергілікті білім беру бөліміне барып, оқуға ниеті бар екенін айтуы тиіс. Облысымыз бойынша осы бағдарлама бойынша оқытатын 30 колледж бар. Оқу тегін жүргізіледі. Ай сайын 16759 теңге шәкіртақы төленеді. Оқу мерзімі таңдаған мамандығына байланысты. Қазіргі уақытта оқуға қабылдау мерзімі аяқталуда. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланған жөн.

Әнуар, Ертіс ауданы:

- «Еңбек» бағдарламасы арқылы шағын кәсіп ашқым келеді. Бірақ мойнымда банктен алған несием бар. Уақытылы төлеп келемін. Бұл бизнес бастауыма кедергі болмай ма?

Гүлзина МӘУЛІТҚЫЗЫ:

- Несиені тұтынушылық мақсатта пайдалануға алған болсаңыз, «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқып, сертификат алу арқылы кәсіп ашуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін бизнес жоспарыңызға сәйкес, мойныңыздағы қарызды жаба алатыңызды дәлелдеген жөн. Яғни, сіз алғашқы несиеңіз бен кәсіп ашуға алған қарызды толық өтей алуыңыз керек. Бағдарламаның өзіндік талаптары бар. Жоғарыда айтқанымдай, кәсіп ашу үшін сертификатқа ие болуыңыз керек.

Майра, Баянауыл ауданы:

- Осыдан екі жыл бұрын Баянауыл ауданындағы колледжде аспаз маман-дығы бойынша білім алдым. Өкінішке қарай, мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. «Еңбек» бағдарламасы маған көмектесе ала ма?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- Меңгерген мамандығыңыз бар болған-дықтан, «Еңбек» бағдарламасы арқылы басқа мамандықта оқи алмайсыз. Сізге жұмысқа тұру қажет. Баянауыл ауданында аспазшы маманын қажет етіп отырған мекемелер бар. Қазіргі уақытта «Ел қоныс» кәсіпкерлігінде осы мамандарға сұраныс жоғары болып отыр. Аталмыш ауданда демалыс орындары көп. Тіпті, қызметкерлеріне ай сайын 100 мың теңге төлеп, тұратын орын мен тамақты тегін беретін мекемелер де бар. Сондықтан білім алған маманға жұмыс бар деп ойлаймын.

Дәриға, Ақсу қаласы:

- Менің ағам жергілікті шаруа-шылықтарда уақытша жұмыс істеу арқылы отбасын асырап отыр. Осы бағдарлама арқылы қанша айда кәсіптік, техникалық білімді меңгере алады? Жұмысқа тұруда кедергілер кездесуі мүмкін бе?

Гүлсім ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ:

- Кәсіптік және техникалық білім беру бойынша оқу мерзімі таңдаған мамандығына байланысты кем дегенде 2 жыл 10 айды құрайды. Күндізгі оқу болғандықтан сабақтан қалмауы тиіс. Сондықтан ағаңыз нақты бір шешімге келіп, маман иесі атанғысы келсе, қазіргі жұмысынан бас тартып, оқуға ден қоюы қажет. Жұмыспен қамту орталығында еңбек нарығы деген база бар. Сол арқылы оның жұмысы бар немесе жұмыссыз екені анықталады. Сондықтан оқығысы келетін адамдар жұмыссыз болуы тиіс.

Тілші сауалы:

- «Еңбек» бағдарламасына қатысқысы келетіндер оның талап-шарттарын қайдан біле алады? Кімге хабарласуы керек?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- Бағдарлама жөнінде толық ақпарат облыстық әкімдік пен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасының сайтында жазылған. Сонда көрсетілген телефон нөмірлері арқылы мамандардың кеңесіне жүгінуге болады. Жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына да хабарласуға болады.

Әсет, Тереңкөл ауданы:

- «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқысы келетіндер қандай іспен айналысатындарын өздері таңдай ма? Әлде белгіленген бизнестердің тізімі бар ма?

Гүлзина МӘУЛІТҚЫЗЫ:

- Осы бағдарлама бойынша кәсіп ашқыңыз келсе, кез келген бағытты таңдауыңызға болады. Алдымен несие немесе грант алғыңыз келе ме, соны шешуіңіз керек. Қалаған кәсібіңіз бойынша бизнес жоспар жасауыңызға болады.

Бақыт, Железин ауданы:

Қызым ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті балды жинай алмай, оқуға түсе алмады. Балам «Еңбек» бағдарламасы бойынша білім алса деп едім...

Гүлсім ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ:

- Әрине, қызыңыздың толық мүмкіндігі бар. Бағдарлама мектеп бітіріп, оқуға түсе алмағандарды да оқытуды көздейді. Сондықтан жергілікті білім беру бөліміне хабарласып, мамандық таңдауы тиіс. Жергілікті білім бөлімінен жолдаманы алып, мамандар берген тізім бойынша колледждерге барады. Жалпы, әр аудан, ауылдарда мобильді топтар жұмыс істейді. Солар бағдарламаның бірінші бағытын насихаттап, адамдарды кәсіптік-техникалық білім алуға, қысқа мерзімді оқуға шақырады. Бірақ оқуға түскісі келетін адамдарды жұмыспен қамту орталығындағы еңбек нарығы базасында тексерістен өткізуге міндеттіміз. Яғни, үміткерлер жұмыссыз болуы керек. Оқығысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды.

Әсет, Тереңкөл ауданы:

- Менің ағам 38 жаста. Ол «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп аша ала ма?

Әнел АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:

- Ағаңыз «Бастау Бизнес» жобасының қатысушысы бола алады. Яғни, бұл бағыт зейнет жасына дейінгі адамдарға арналған. Бірақ, 200 АЕК көлеміндегі грант жастар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға берілсе, ағаңыздың 100 АЕК көлеміндегі грантты алуға мүмкіндігі бар. Яғни, жоғарыдағы санатқа жатпайтындарға 255 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Бұл қаражат арнайы бір құрылғы сатып алуға, ірі және ұсақ мал, құс өсіру ісіне бағытталуы керек. Барлық сұрақтар бойынша жергілікті кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.

Жанболат, Павлодар қаласы:

- Тойларда фото, видеоға түсірумен айналысамын. Программист мамандығы бойынша орта білімім бар. Жасым – 23-те. «Еңбек» бағдарламасы арқылы жеке студиямды ашсам деймін. Бірақ жинаған қаражатым жоқ. Кепілге қоятын үйім де жоқ. Кәсіп ашуға мүмкіндігім бар ма?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- Егер өз-өзіңізді жұмыспен қамтып отырсаңыз, мойныңызда ешбір несие болмаса, 200 АЕК яғни, 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін «Бастау Бизнес» бағыты бойынша кәсіпкерлер палатасында арнайы оқуды меңгеруіңіз қажет. Бітірген соң, грант алу ісіне қатыса аласыз.

Тілші сауалы:

- Бағдарлама арқылы кәсіп ашқысы келетіндер не істеуі керек?

Әнел АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:

- Кәсіп ашуға ниетті азаматтар жергілікті кәсіпкерлік палатасына барып, өтінім берулері қажет. Ол үшін үміткердің қолында жеке куәлік пен мекенжай анықтамасы болуы шарт. Бүгінде «Жас кәсіпкер» бағыты бойынша тізім толық әзірленген. Сондықтан кәсіп ашқысы келетіндер қыркүйек айында өткізілетін оқуға қатыса алады. Ол үшін жоғарыдағы өтінімді толтыру керек. Оқу мерзімі 1 ай уақытты қамтиды. Оқуды аяқтаған соң, бизнес жоспар жазылады. Бұл ретте бизнес тренерлер өз көмектерін аямайтынын айтқым келеді. Оны қорғаған соң, сертификатқа ие боласыз. Бұдан бөлек, 16752 теңге көлемінде стипендия төленеді. Содан кейін грант алу жөнінде өтінім беріледі. Мұндай мүмкіндікке ие болған соң, кәсіпті ұлғайту үшін төмендетілген пайыз көлеміндегі несиеге де қол жеткізуге болады. Бұл ретте 6 пайыздық мөлшерлеме арқылы 6 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Тіпті, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тууы мүмкін. Яғни, алдымен грант одан соң несие беріледі. Егер бірден несие алса, грант алуға мүмкіндік жоғын ескерген жөн.

Жансая, Екібастұз қаласы:

- Жұбайым екеуіміз бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымыз. Алдағы уақытта «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқымыз келеді. Жолымыз болып, грант ұтып, бизнес ашсақ, қазіргі алып отырған атаулы әлеуметтік көмектен қол үзіп қалмаймыз ба?

Хелуа ҚАЗЫМҚЫЗЫ:

- Алып жатқан атаулы әлеуметтік көмек шартты немесе шартсыз негізде белгілі бір уақытқа берілді. Көпбалалы отбасы ретінде 200 АЕК көлемінде грант алуға болады. Қазір грант ұтсаңыздар, ақшаларыңызды ешкім тартып алмайды. Келесі тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде ашқан кәсіп пен алған гранттарыңыз қаралатын болады.

Сәуле, Железин ауданы:

Аудан орталығында жеке сән үйін ашқым келеді. Бизнес-жоспарды құруда мамандардың көмегіне жүгінуге бола ма?

Гүлзина МӘУЛІТҚЫЗЫ:

- Әрине. Кәсіп ашқысы келетіндер өз бизнесін бірден бастап кетпейді. Бір ай көлеміндегі оқудың аясында салық, қаржыландыру сынды бірқатар мәселе бойынша білім алады. Тренердің көмегімен бизнес жоспар әзірлейді.

Жанайдар, Баянауыл ауданы:

- Кәсіп ашу үшін берілген несиені өтей алмаған адамдар кездесті ме? Бұл мәселе қалай шешіледі?

Әнел АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:

- Кәсіп ашуға келген адамдарды кәсіпкерлер палатасы оқытып, бағдар көрсетеді. Ал несиені екінші деңгейлі банктер беретіні белгілі. Сондықтан қарызын өтей алмағандармен тікелей банк мамандары жұмыс істейді. Бұл іспен кәсіпкерлер палатасы айналыса алмайды.

Берік, Павлодар қаласы:

Кәсіптік және техникалық оқуға түскім келеді. Ол үшін емтиханға дайындалу қажет пе?

Гүлсім ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ:

- Кәсіптік және техникалық білімді меңгергісі келетіндер оқуға түсерде ешқандай емтихан тапсырмайды. Тізімде көрсетілген мамандықтың бірі бойынша таңдаған колледжге бара алады. Ол үшін жергілікті білім беру бөлімі жолдама беруі керек. Бұдан бөлек, оқу тегін, шәкіртақы төленетінін ескерген жөн.


ТҮЙІН:

«Тікелей желі» шарасы кезінде оқырмандардан 70-тен астам сауал түсті. Кейбір сұрақтардың мазмұны ұқсас және тақырыпқа сай келмегендіктен жарияланбады. Сауалдарға жауапты басқарма өкілдерінен естіген оқырман өздеріне қажетті толық мағлұмат алады деген ойдамыз.

 

«Тікелей желіні» жүргізген - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz