Кооператив басшысы Петр Кузьменконың мәлімдеуінше, ферманың құрылысына толықтай өз қаражатын салып отыр. Яғни, 230 млн. теңге 300 басқа арналған сиыр сауу залының құрылыс-монтаждау жұмысына бағыттаса, 100 млн. теңге сиыр саууға арналған қондырғыны сатып алуға жұмсап отыр. Шаруа құрылысты биыл сәуір айында бастапты. Қарашада толық аяқтауды межелеуде. Ал екінші жартысын келесі жылы қолға алмақ. Онда 600 басқа арналған кешен болмақ. Айта кету керек, кооператив былтыр ғана 600 сиыр сыятын осындай тауарлы сүт фермасын іске қосқан болатын.

Ферма толық автомат-тандырылғандықтан 12 адамға тұрақты жұмыс ашылады. Яғни, ветеринар технигі, сауыншы, малшы және пеш жағушы еңбек етеді. Ал жалпы «Луганск» кооперативінде 280 адам еңбек етеді. Бір орташа айлық – 87 мың теңге. Ал сауыншылар 150-170 мың теңге алады. Шаруашылықта 7,5 мың ірі қара мал болса, соның 2 мыңы - сауын сиыры. П.Кузьменко симментал тұқымды малға басымдық береді. Өйткені, біздің климатқа барынша беймделген, дейді.

Шаруа сүттің бағасының төмендігін алға тартты. Айтуынша, күніне бір сиыр 18 литр, ал жылына шамамен 5 мың литр сүт береді. Кооператив тәулігіне 22 мың тонна сүт тапсырады екен. Яғни, «Сүт» АҚ, , «МолКом-Павлодар», «Арлан» ЖШС зауыттарына жөнелтіледі. Тек көп көлемде сүт тапсырылғанда оны қабылдау құны төмен, дейді П.Кузьменко. Бұл ретте, судың бағасымен салыстырып, назын айтты. Себебі, бір литр су 120 теңге тұрса, сүтті 114 теңгемен қабылдайды. Ал екеуінің өзіндік құны жер мен көктей, дейді.

Шаруашылық сүт өндірісіне байланысты мемлекеттен субсидия алады. Енді ферманың құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының 25 пайызы көлемінде, сондай-ақ, әр басқа 120 мың теңге шамасындағы субсидияны күтіп отыр.

Кәсіпкер жұмыс күшінің тапшылығын тілге тиек етті. Қазіргі таңда электрик, малшылар, көлік жүргізушісі, механизаторлар, сауыншылар, құрылысшылар мен дәнекерлеушілер қажет көрінеді. Жұмыс істеп жатқандардың барлығы - жергілікті тұрғындар. Дегенмен, шаруашылық басшысы ауылдықтар соңғы кезде атаулы әлеуметтік көмектің соңына кетіп, жұмыс істеуге құлықсыздық танытып жатқанын жасырмады. Егер жұмыс күші тіптен жетіспесе, шаруа жұмысшыларды вахталық тәртіппен қабылдауға әзір.

Жалпы бүгінде облыста он мыңға жуық басқа арналған ірілі-ұсақты 28 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл 7 ферманы іске қосу жоспарланып отыр.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz