Мұндай кәсіпті осы ауылдың тумасы, жас кәсіпкер Вадим Годун мемлекеттік бағдарламаның демеуімен ағымдағы жылдың науырызында ашыпты. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг барысында белгілі болды.

- Бұған дейін ауылдағы әкімдікте жүргізуші болып, алты жыл еңбек еттім. Содан кейін Германияға көшіп, тұрақтауды ойлап кеткен едім. Бірақ, отбасылық жағдайға байланысты бір жылдан соң туған өлкеме қайта оралдым. Енді жеке іспен айналысуға бел будым. Ойлана келе, ауылда 12 жылдан бері қаңырап тұрған дәмхананы қалыпқа келтіруді жөн санадым. Ғимараттың иесін тауып, 1,5 миллион теңгеге сатып алдым, - дейді жас кәсіпкер.

Ісін дөңгелетіп кету үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жәрдемін алуға бекінеді. «Бастау-бизнес» бойынша бір айлық курстан өтіп, кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгереді. Одан кейін аталмыш бағдарламамен жеңілдетілген несие алады. Нақтысы, дәмханасы мен ауылдағы үйді кепілдікке қойып, 6 миллион теңгені жылдық 5 пайызбен алты жылға алады. Оған қоса, ғимаратты түбегейлі өзгерту үшін өзінің де жеке қаражатын салады. Осылайша, ауыз толтыра айтатын ауылдық кафе ашу үшін жас бизнесмен мемлекеттік қаржыны қоса алғанда, 12,5 миллион теңге жұмсайды.

Мемлекеттен алған ақшаны дәмхананың барлық жабдықтары мен жиһаздарын, яғни, асханалық құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқ, музыкалық аппаратура, сатып алуға жұмсаса, өз қаражатын ғимаратты толық күрделі жөндеуден өткізуге бағыттапты.

Бүгінде кәсіпкер жергілікті 5 адамды еңбекпен қамтып отыр. Жас кәсіпкер алғашқыда мықты аспаз табу қиынға соққанын жасырмайды. Дегенмен, сәті түсіп, көрші ауыл Богдановкадан қажет маманды кездестіріпті. Бүгінде қызметкерлерінің орташа айлығы 80 мың теңге көрінеді. Кәсіпкер бизнеске салған қаржысын шамамен 3 жылда ақтап аламын деп есеп-қисабын жүргізіп қойыпты. Енді кәсіпкер келесі жылы жазғы дәмхана ұйымдастыруды көздеп отыр.

- Дәмханамыз 40 орынға шақталған. Келушілер қатары әр күні әрқалай. Кейде бірде-бір мейман келмесе, кейде жұмыс күндерінің өзінде залымыз толы отырады. Демалыс күндері де ойнап-күліп қайтуға асығатындар аз емес. Луганск ауылының тұрғындарынан бөлек, іргелес Ефремовка, Богдановка, Розовка елді мекендерінен де келіп тұрады. Өйткені, жақын маңда мұндай көңіл көтеретін орын жоқ. Балалардың туған күнін атап өтуге тапсырыс беретіндер, отбасылық отырысқа келетіндер де бар. Сыныптастар жиі бас қосады. Мәселен, өткен айда мұндай бес кездесу ұйымдастырылды,- дейді ісінің барысымен бөліскен бизнесмен.

Жас кәсіпкер азық-түлікті қаладан алады. Бірақ, етті көбінде сырттан сатып алмайды. Ата-анасы мал өсіреді. Тек кейде уақыт тығыз болғанда қаладан немесе ауылда ет сатумен айналысатындардан сатып алатын көрінеді. Қазіргі таңда клиенттермен WhatsApp-тағы арнайы топ арқылы байланысып, тапсырыс қабылдайды. Алдағы уақытта дәмхананың мәзірін түрлендіріп, түсті етіп басып шығарып, инстаграммда арнайы аккаунт ашуды жоспарлап отыр. Вадим әр келушінің, отырыстарға тапсырыс берушілердің тілектерін ескеруге де мән беретінін атап өтті. Ет те асып береді. Қала дәмханаларында бір табақ ет 12 мың теңге тұрса, мұнда 7500 теңгеге бағаланады. Бизнес-ланч шамамен 800-1200 теңге болса, топтаса тапсырыс берілген отырыстарда бір адамға 2500-3000 теңге шығады. Жұмыс күндері кешкі 9-ға дейін, ал демалыс күндері түннің бір уағына дейін қызмет етеді. Дәмханаға келушілердің қауіпсіздігі үшін айналасы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Караокемен ән шырқауға да мүмкіндік қарастырылған.

Павлодар аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Қазбек Жомартовтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы арқылы биыл 21 қатысушы несие алған. Ісін енді бастамақ 40 кәсіпкерге 100 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілген. Биыл 56 адам «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгерген. Ағымдағы айда олардың 35-іне 200 АЕК мөлшерінде грант үлестіріледі. Орталық маманының айтуынша, Павлодар ауданында көбі мал шаруашылығын дамытуға ден қойған. Айта кету керек, былтыр 34 азамат несие алып, 37 жұмыс орнын ашқан. Жауапты органдар алынған қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайтындарын да атап өтті.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz