- Фархат Бауыржанұлы, облысымызда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасы қандай деңгейде?

- Мемлекеттік корпорация 742 қызметтің 635 түрін көрсетеді. Бұл барлық қызметтің 85 пайызын құрайды. Туу туралы куәлік, жеке куәлік (төлқұжат), диплом көшірмелері, өмірге сәби әкелгендерге төленетін жәрдемақы, зейнеткерлік төлемдер сияқты өзге де маңызды құжаттар мемлекеттік корпорация арқылы беріледі.

Қазіргі таңда Павлодар облысында 17 фронт-офис бар. Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің жұмысы жаңа форматқа көшірілді. Қызметтерді әр адам өздігінен алуға мүмкіндік беретін орындарды кеңейтудеміз. Павлодарлықтарды үйден шықпай алуға болатын қызмет түрлерін пайдалануға үйретіп келеміз.

Жоғарыда аталған қызметтердің 532-сі немесе 71 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Бұл - үлкен жетістік. Жыл басынан бері Павлодар облысы бойынша 723 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 504 мыңнан астамын жұртшылық өздігінен алған. Осыдан-ақ, қызмет сапасын жоғары деңгейде бағалауға болады.

- Шыны керек, тұрғындар арасында мемлекеттік қызмет-терді онлайн түрде алуға болатынын білмейтіндер де бар. Тіпті, үй шаруашылығынан бөлек, қызметте жүргендердің ішінде де бір анықтама үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын адамдар кездеседі. Олармен қандай жұмыс жүргізілуде?

- Рас айтасыз. Онлайн қызметті пайдалануды білмейтін тұрғындар бар. Осы орайда, жұртшылық арасында насихат жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері 260 мекеме қызметкерлері үшін көшпелі оқыту сабақтарын ұйымдастырдық.

Шалғай орналасқан аудандарда 454 рет кездесу өткізіп, «Қалтаңдағы ХҚО» акциясын өткіздік. Жаңашылдықтар жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында да жариялап келеміз. Мемлекеттік мекеме басшыларымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, қызметкерлерін онлайн тәртіпте анықтамаларды алуға шақырамыз. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

- Тұрғындар электронды форматтағы қызметтерді алуы үшін не істеуі керек?

- Электронды қызмет уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Өйткені халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті болмайды. Мұндай мүмкіндікке ие болғысы келетін әрбір адам мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек. Яғни, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, операторға жеке куәлігін ұсынса болғаны. Бар болғаны бірнеше минуттың ішінде тіркеліп, қажетті қызметті үйде немесе жұмыста отырып алатын болады. Яғни, анықтамаларды тәулік бойы бірнеше секундтардың ішінде онлайн алуға мүмкіндік туады. Қазіргі кезде жұртшылық арасында «mgov.kz» мобильді қосымшасы мен телеграмдағы «EgovKzBot»–тың танымалдығы артып келеді. Мобильді азаматтар базасына тіркеліп, аталған қосымшаларды ұялы телефоныңызға жүктеп алсаңыз жеткілікті.

- Тұрғындардың арасында кеңінен танымал «Телеграм-бот» қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануға бола ма?

- Teлеграм-ботты түрлі сервис-терді қамтамасыз ететін робот деп айтсақ болады. Ол өте ыңғайлы және жылдам жұмыс істейді. Мысалы, 2 минут ішінде сіз қажетті құжатыңызды рәсімдеп, жеке e-mail поштаңызға жолдай аласыз. Бүгінгі таңда телеграм-бот арқылы ең жиі қолданылатын 25 қызмет көрсетіледі.

Атап айтқанда, мекенжай, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы, псих-нарко, туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамалары, сондай-ақ онлайн кезек алу, дәрігер қабылдауына жазылу сынды қызметтерді де пайдалануға болады. Бұдан бөлек, соттылықтың болу-болмауы, жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлікті тіркеу сынды қызметтер де онлайн негізде жүргізіледі. Бастысы, мобильді азаматтар базасында тіркеліп, электронды сандық қолтанбаңыз болса, барлық мәселені шешуге болады. Халық арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде «EgovKzBot» телеграмын 730 мыңнан астам адам қолданады.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz