Аталмыш мәселе Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен жиын барысында сөз болды. Ауқымды шараға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен жергілікті кәсіпорын басшылары қатысты.

Шыны керек, еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда Павлодар облысында ауру-сырқауға шалдығатындардың саны басым. Мамандар бұл жағдайға экологиялық ахуалдың нашарлығы себеп екенін айтады. Өңіріміздегі зауыттардың атмосфераға кері әсерін тигізіп жатқанын білеміз. Экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, экологиялық жағынан мәселе күрделі. Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлиевтің сөзінше, жыл сайын атмосфераға кері әсерін тигізетін қалдықтардың көлемі артып отыр.

Алғашқы жарты жылдың ішінде атмосфераға кәсіпорындардан 340 мың тоннадан астам зиянды зат шығарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көлем 344 мың тоннаға тең болған. Данияр Балтабайұлы мұның бірнеше себебін атап өтті. Солардың бірі – өңірде көлік санының өсуі. Атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту үшін қала маңына ағаш-талдарды көптеп отырғызудың маңызы зор екенін, ауаны ластамау үшін жолаушылардың қоғамдық көліктерді көбірек пайдалануы тиістігін алға тартты.

Ағымдағы жылы департамент қарауына 82 өтініш түскен. Оның 11-і сенім телефоны, 15-і жеке, 56-сы заңды тұлғалардан келген. Барлық өтініш қаралып, жыл басынан бастап жоспардан тыс 18 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жалпы көлемі 2 млн. 695 мың теңгеге 50 айыппұл салынған.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқа-масының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, жаңа құжатта қалдық заттарды автоматтандырылған онлайн жүйе арқылы бақылау, жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізу, қолжетімді технологияларды енгізу мәселелері қарастырылуда.

- Кәсіпорындардағы өндіріс көлемінің артуымен қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшері де екі есеге көбейген. Бүгінде зауыттарға ауаға тарайтын өндірістік қалдықтар үшін төлемақы белгіленген. Бұл қаражат табиғатты қорғау шараларына жұмсалуы тиіс. Алайда 2009 жылдан бері төлем алынатын зиянды қалдықтардың тізімі қысқарып қалды. Бұл ретте алюминий оксиді, натрий гидрохлориді, гидрохлорид, күкірт, азот қышқылдары, хлор сияқты негізгі улы заттарға төлем алынбайды. Біз осы мәселені бірнеше жыл қатарынан көтердік. Экологиялық және салықтық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіп, жоғарыда аталған улы қалдықтар үшін төлем белгілеуді ұсындық. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қолдау таппады, - деді Қадылжан Қайырбекұлы.

Жиынға қатысушылар жаңа Кодекске ұсыныстарды енгізуде жергілікті депутаттар бірлесіп жұмыс атқаруы керек екенін алға тартты. Экологтар депутаттардың экология мәселесін талқылауға арналған шараларға қатысуға құлық танытпайтындарын да айтты.

- Аймағымызда күрделі мәселелердің бірі экология екені белгілі. Жаңа құжаттағы өзгерістер арқылы ахуалды шешуге жағдай жасауымыз керек. Жергілікті экологтар аймағымыздағы жағдайды, оның шешу жолдарын жақсы біледі. Сондықтан аталмыш құжатқа білікті мамандардың ұсыныстары енгізілуі керек. Ол үшін заңды талқылау ісіне жұмылдырылған жұмыс топтарына біздің экологтардың қатысқаны маңызды.

Өңірдегі мәселені талқылау үшін қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдардың қатысуымен бірнеше кездесу өткізіп келеміз. Бұл іске жергілікті мәслихат депутатттары да тартылуы керек. Бастысы, барлық ұсыныс Кодексті талқылайтын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының назарына жетуі тиіс, - деді Болат Жұмабекұлы.

Жиын барысында аймақ басшысы әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан шыбын-шіркейдің көптігі жөнінде шағым жиі айтылатынын да сөз етті.

- Жыл сайын қансорғыш жәндіктермен күресу үшін облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінеді. Бірақ ауқымды жұмыс жүргізіліп жатса да, тұрғындардың көңілінен шыға алмай отырмыз. Егер нәтиже шынымен жоқ болса, мұндай қомақты қаржыны көгалдандыру ісіне жұмсайық. Осыдан үш жыл бұрын тұрғындар шыбынның көптігінен көшеде жүре алмайтын, қазір жағдай түзелді. Сондықтан мұны атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп білу керек, - деді Болат Жұмабекұлы.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина шыбын-шіркеймен күрес мәселесі Нұр-Сұлтан, Өскемен қалаларында да өзекті екенін атап өтті. Мәселені шешуде аталған қалалардың жауапты қызметтері павлодарлық мамандардың көмегіне жүгінген. Сондықтан басқарма басшысы өңірде қансорғыш жәндіктермен күрес қызу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz