Құрамында есірткі жоқ

«KazHemp» компаниясының бас директоры Максим Скрынник Инвесторлар үйінде аймақ басшысы Болат Бақауовпен кездесіп, жобасын таныстырды. Кәсіпкердің айтуынша, биыл Павлодар ауданындағы «Маяк» шаруа қожалығының 7 гектар жеріне кендір алғаш рет егілді. Оның құрамында есірткі жоқ. Сондықтан алқапты қоршауға алудың да қажеті шамалы. Тәжірибе көрсеткендей, өсімдіктің өнімділігі жоғары. Осыны назарға алып, келесі жылы алқап көлемін арттыру көзделіп отыр.

- Қазіргі уақытта Алматы облысында 1000 гектар жерде кендір өсіріледі. Оның қасында өсімдікті бастапқы өңдеуден өткізетін арнайы цех бар. Одан бөлек, Түркістан және Қарағанды облыстарында сынама ретінде егіп көріп едік, нәтиже аса көңіл көншітпеді. Ал Павлодар облысында суармалы алқап көп, өнімділік жоғары. Сол себепті кәсіпті дәл осы аймақта жалғастыруға ниеттіміз, - дейді М.Скрынник.

«KazHemp» компаниясы жұмысты екі бағытта бастамақ. Алғашқысы - жеңіл өнеркәсіпке қажет тоқыма бұйымдарын әзірлеу. Ол үшін 4500 гектар жерден кендір жинау қажет. Екіншісі - кеңсе тауарларын, қораптарды дайындауға қажет қағаз өндірісі. Оны жүзеге асыруға 1500 гектар жер керек. Қос жобаның жалпы құны 80 млн. АҚШ долларын құрайды.

- Жобалар іске қосылған соң 600 тұрақты жұмыс орны ашылады. Өнімнің барлығы Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдеріне экспортталады. Осы жоспарлардың орындалуы үшін суармалы алқап пен комбинаттар салатын жер қажет, - дейді инвестор.

Облыс әкімі Б.Бақауов кәсіпкердің жобасын қолдап, жан-жақты көмек көрсетілетінін білдірді.

- Біздің облыста суармалы алқап көлемі көп. Сондықтан кендірді өсіруге қатысты қиындық болмайды деп ойлаймын. Тоқыма мен қағаз өндірісі үшін құрылысы аяқталмаған, банктерде кепілдікте тұрған ғимараттарды да қарастыруға болады, - деді Б.Бақауов.

Кәсіпкерге қызмет көрсетеді

Сонымен қатар, бұл күні Инвесторлар үйінде алғаш рет «Бизнеске арналған ашық есік күні» шарасы өтті. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сынды қаржы институттарымен қатар, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге тырысты. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасановтың айтуынша, 1 сағат аралығында 25 павлодарлық бизнес жүргізуге қатысты сұрақтарын арқалай келіпті. Олардың басым бөлігі өз ісін бастау, несие алу, жер ресімдеуге қатысты мәселелермен жүгініпті. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Наталья Филатова.

- Мен – кәсіпкер баламның сенімді өкілімін. Ол бірнеше жыл бұрын қатерлі ісік ауруына шалдығып, қазір ем алуда. Соған қарамастан, кәсібін жалғастыруға да тырысады. Бірақ жергілікті әкімдік бізге мұндай мүмкіндікті берер емес. Облыс орталығындағы көшелердің бірінде қоғамдық тамақтану орнын аштық. Алғашқы жылы жерді 1 жылға, одан соң 3 жылға жалға алдық. Енді ереже бойынша оны 5-10 жылға ұзартуымызға болады. Бірақ әкімдік келісімшартты тек 1 жылға беріп отыр. Бұл – қисынсыз, - дейді Н.Филатова.

Аймақ басшысы мәселені жеке бақы-лауына алып, оң шешуге тырысатынын айтты. Егер кәсіпкерлер тарапынан сұраныс болса, мұндай «Ашық есік күні» шарасы апта сайын өтуі мүмкін.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz