Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің аппараттық жиынында айтылды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Дүйсембиновтің мәлімдеуінше, салықтық есептілікте еңбекақы төлеудің нақты қорын толық әрі шынайы көрсету үшін 377 жұмыс берушіге түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде қазынаға 133,3 млн. теңге түскен. Сонымен қатар, мамандар мүліктік кіріс көрген азаматтарға жеке кіріс салығын төлеттіруде. Пәтерін жалға беретін тұрғындармен де жұмыс жүргізіліп, бюджетке қосымша 800 мың теңге түсіпті. Құзырлы орган салынған әрі пайдаланылып жатқан, бірақ тіркелмеген, сондай-ақ, бағасы төмендетіліп көрсетілген жылжымайтын мүліктерді де түгендеуге көшкен. Бұл жұмыстан 51 млн. теңге қосымша түсім түсіпті.

Биыл жарты жыл ішінде облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 110 пайызға орындалыпты. Яғни, жоспардан тыс 5,9 млрд. теңге түскен. Дегенмен, «ҚазТрансОйл» АҚ филиалының таратылуына байланысты 173 млн. теңге көлемінде жеке табыс салығынан қағылдық. Экологиялық заңнаманың сақталуын қадағалаудың нәтижесінде қазынаға қосымша 98 млн. теңге аударылған.

Жауапты орган жеке және заңды тұлғалардың көлік салығын уақытылы төлеуін талап етуде. Бүгінде мұндай салық бойынша 947 млн. теңге көлемінде берешек жиналған. Облыс әкімі Болат Бақауов бір миллиардқа жуық қарызды өндіруді өнімді етуді тапсырды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Айдарбековтің айтуынша, аймағымызда 31 мың көлік иесінің қарызы бар. Салықты төлеу мерзімі заң бойынша 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Дегенмен, жыл соңына дейін құзырлы орган шамамен 200 млн. теңге ғана жиналатынын болжап отыр. Облыс әкімі Б.Бақауов егер мекеме түгел жинауды мақсат етсе, қарыздың басым бөлігі бюджетке түсер еді, деді. Сондықтан, талапты күшейтіп, төлемегендердің көлігін айып тұрағына тиеп, автомобиль иелерін «тәубесіне түсіру» керектігін кесіп айтты. Бұл мәселеге жеке жиын өткізілетінін де атап өтті.

Салықтық емес түсімдер бойынша қазынаның көп бөлігін әкімшілік полиция салатын әкімшілік айыппұлдар құрап отыр. Жеті айда 519,7 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 72,3 пайызы өндіріліпті. Қаржы басқармасы қосымша түсім көздерін іздестіруді үзбейтіндерін мәлім етті.

Аймақ басшысы түсімдер бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы жағынан қандай қауіптің барын сұрады. Облыстық қаржы басқармасы басшысының айтуынша, облыстық бюджеттің болжамды көрсеткіштері толық орындалатынына сендірді. Ал Екібастұз бен Ақсу қалаларында орындалмау қаупі барын жасырмады. Осы ретте, облыс әкімі жұмыс тобын құрып, бұл бағытта жұмысты ширатуды тапсырды.

- Жалпы, қалалар мен аудан-дардың әкімдері қосымша түсім көздерін іздестіру жағынан жұмысты жеткілікті деңгейде жүргізіп жатқан жоқ. Ғимараттарды, активтерді жалға беру, бәсекелестік ортаға шығару ісіне мән берілуі тиіс, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Сонымен қатар, облыс әкімі қазіргі таңда маусымдық жұмысқа егістікте жүрген жұмыс күшін заңдастыруды қатаң жүктеді.

- Науқан басталды. Бүгінде таңнан бастап адамға толы автобус- тар ауылдардан алқапқа ағылуда. Олардың әрқайсысына жұмыс берушілер қолына 3-5 мың теңге ұстатады. Әлбетте, олардың жұмыс істегені жақсы әрі дұрыс. Бірақ, олар тіркелуі тиіс. Зейнетақылық аударымдар жасалып жатқан жоқ. Кейбірі атаулы әлеуметтік көмек алуда. Бір апта ішінде жұмыс тобын құрып, оларды заңдастыруға күш салынсын, - деді аймақ басшысы.

Яғни, көлеңкелі экономикамен күрес күшейтіледі. Бұл ретте, бизнес субъектілерді бақылау-кассалық машиналарды пайдалануға көшірілуде. Бүгінде қызметтің 224 түрі аппаратты пайдалануы тиіс. Облыста олардың 70 пайызы құрылғыны қолдануда. Бірінші қазанға дейін бәрі көшеді деп күтілуде. Демек, сатудан түскен қаржыны кәсіпкерлердің жасыруына мүмкіндік болмайды.

Облыс әкімі аймағымызда жұмыс істеп жатқан мердігер компанияларды өңірімізге тіркеуге тұрғызу немесе филиалын ашуға күш салуды да ескертті. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, олар мұндай қадамға баруға құлықсыз. Заңнама бойынша кез келген облыста тендерге қатысуға құқығы болғандықтан, күштеу қолдан келмейтінін меңзеді. Дегенмен, облыс әкімі оның да амалын табуға болатынын айтты.

Болат Жұмабекұлы бюджетті өсірудің көздерін іздестіру бюджеттік саясаттың маңызды міндеттерінің біріне айналуы керек, деді. Бұл мақсат тек мемлекеттік кіріс департаментінің ғана емес, барлық құзырлы органдарға қатысты екенін де ескертті.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz