Маңызды науқанның барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында кеңінен талқыланды. Ағымдағы жылы 210 мың гектарға майлы дақылдар, 7,9 мың гектарға жем-шөп, 17,8 мың гектарға картоп және 9,3 мың гектарға көкөніс пен бақша дақылдары егілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібековтің мәліметінше, дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы гектарынан 10,1 центнер болады деп күтілуде. Өткен жылы 10,6 болған. Сонда жалпы жиын 794 мың тоннаны құрайды деп болжануда. Шаруалар қазіргі таңда 7,8 мың гектардан дәнді дақылдарды орып, оның 6,7 мың тоннасын бастырған. Әзірше, орташа шығымдылық гектарынан 8,6 центнерді құраған. Мамандардың мәліметі бойынша жоғары шығымдылық Шарбақты, Тереңкөл аудандарында тіркелген.

Майлы дақылдардың да орташа шығымдылығы өткен жылғыдан сәл төмендеу. Яғни, былтыр гектарынан 6,2 центнер болса, биыл 6 центнер. Алты жүз тоннаға жуық картоп, 222 мың тонна көкөніс, 82,6 мың тонна бақша дақылдары жиналады деп күтілуде.

Аймағымызды көкөніспен және картоппен қамтитын Ақсу қаласының ауылдық аймағы мен Павлодар ауданы ерте пісетін картоп пен көкөністі жаппай жинауға кіріскен. Бүгінде 870 гектардан картоп жиналыпты. Диқандар гектарынан орта есеппен 232 центнер өнім алуда. Биыл 587,4 мың картоп жиналады деп болжанып отыр. Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, қазіргі таңда алқаптан картоптың келісі 80 теңгеден, ал сәбіз 90 теңгеден босатылуда.

Облыста картоп пен көкөніс сақтайтын 124 қойма бар, олардың 80 пайызы заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған. Айта кету керек, аймағымыздың картопқа қажеттілігі 115 мың тоннаны құрайды. Мамандар 230 мың тонна сақтауға салынса, 117 мың тонна картоп сатуға шығарылатынын айтады. Облыс әкімі Б.Бақауов болашақта картоптың құнын тұрақтандыру үшін көптеп сақтауға салуды және диқандарға өнімдерін өзге өңірлерге сату жолдарын қарастыруды тапсырды.

Басқарма басшысы техникалардың да жай-күйіне тоқталды. Облыс бойынша 48 850 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы күзгі орақ науқанына тартылған. 6,6 млрд. теңгеге 278 техника сатып алынған. Олардың 169-ы шаруалардың жеке қаражатына, қалғаны лизингтік компаниялар арқылы алынған. Астық жинайтын бір комбайнға 406 гектар шамасында маусымдық жүктеме түсетінін де мамандар есептеп қойыпты. Егер қолайлы ауа райы сақталса, егінді ору және бастыру жұмыстарын 30 күнтізбелік күн ішінде аяқтау жоспарлануда.

Жиында күзгі ору науқанына бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағармайды алып кету жағы кеңінен талқыланды. Себебі, кейбір аудандардың шаруалары тамыз түгілі шілде айына бөлінген көлемді діттеген жеріне жеткізбеген. Әсіресе, астықты аудандар Ертіс пен Успен аудандарында төлем тым төмен деңгейде жүргізілуде. Н.Сәдібековтің айтуынша, облысымызға 21 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген.

Шілде және тамыз айларына оның 11 278 тоннасына өтінім түскен. Бес мың тоннаға жуығының қаржысы төленіп, 3 389 тоннасын шаруалар алып кеткен. Оператордың қызметін қоса алғанда бір литр жанар-жағармай құны - 171 теңге.

Тағы бір айта кетерлігі, облыста жалпы сыйымдылығы 316,3 мың тонна болатын 7 элеватор астық қабылдауға дайын. Шаруалардың өздерінде жаңа өнімді қабылдайтын 256 қойма, 106 астық кептіретін, 305 дәнді тазалайтын жабдық бар. Аймақ басшысы дәнді дақылдарды ору жұмысын қыркүйектің жауынды-шашынды күндеріне дейін жеделдетуді жүктеді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz