Міндетті сақтандырудың мәнісі

Аталмыш жүйе арқылы жұртшылық екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек алатын болады. Алғашқысы - кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Бұған ауыр әрі шұғыл жағдайда көмек көрсету, санитарлық авиация, созылмалы ауруларды бақылау, ауыр жағдайдағыларды стационарда емдеу шаралары енгізіледі. Демек, мемлекет тарапынан берілген кепілдік көмек шеңберінде сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан барлық адамдар емхана дәрігерлеріне қаралып, стационарларда ем қабылдайды. Әлеуметтік маңызы бар сырқаттар аталмыш пакет негізінде тегін емделеді. Ал медициналық оңалту қызметін туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады. Жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да емделеді. Тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті тіркеуде тұрған емханаларынан алады. Яғни, адамдар екпе, скринингтен өту, жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау, созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық бақылау сияқты медициналық қызмет түрлерін пайдалана алады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру екінші пакетке жатады. Яғни, табысы аз, қалтасы қымбат шараларды көтермейтін МРТ, компьютерлік томография, қанмен және қан компоненттерімен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары, емдік тамақтану сынды шаралар жатады.

Павлодар қалалық №4 емхананың бас дәрігері Арман Отарбековтың айтуынша, мұндай көмекті алғысы келетін адам емханада тіркелуі тиіс.

Мемлекет назарындағы басты мәселе – ұлт саулығы. Медицина саласында қолға алынған реформа халықтың денсаулығын жақсартуды көздейді. Қазіргі уақытта адамдар медициналық сараптамадан өтуі үшін қаражатының 40 пайызын жұмсайды. Дәрі-дәрмек сатып алып, ақылы негізде емханаларға қаралады. Бұл отбасылық бюджетке салмақ түсіретіні белгілі. Ал алдағы жылы іске қосылатын жаңа жүйе аталған шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабатын болады. Тегін медициналық көмекті мемлекеттік клиникалардан бөлек, жекеменшік медициналық мекемелер де көрсететін болады, дейді ол.

Бас дәрігердің сөзінше, мемлекет 2020 жылы халықтың 15 санатына жеңілдік беріліп, жарнаны мемлекет төлейді. Олардың қатарында балалар, жұмыссыздар, мүгедек баласы барлар, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алатын студенттер, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысатындар, т.б. жатады.

Қызмет сапасы тексеріледі

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Павлодар облыстық филиалы азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын жүйелі түрде бақылап, ай сайынғы қызметтерін төлейді. Төлем көрсетілген қызметтердің сапасына жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша есептеледі.

Филиалдың медициналық қызметтер сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, мониторинг көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылайды. Медициналық сақтандыру қоры қызметтің нақты көрсетілген немесе көрсетілмегенін, емдеу хаттамаларының талапқа сай толтырылуын, нәтижесін тексереді. Қандайда бір олқылықтарға жол берген медицина ұйымына айыппұл салынады. Ал емдеу барысында өрескел заң бұзушылықтар орын алған жағдайда іс құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Павлодар облысында 63 медициналық ұйым тегін медициналық көмек көрсетеді, оның 28-і – жекеменшік.

- Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында стационарлық көмектің сапасына жасалған мониторинг нәтижесі бойынша ақаулар саны 37%-ға, салынған айыппұл сомасы 19%-ға төмендеді. Сондай-ақ, стационарды алмастыратын көмек бойынша ақаулар саны 2 есе азайған. Бұл қызмет көрсетушілерге экономикалық тұрғыда қолданылған шаралар нәтижесі мен олардың азаматтарға көрсеткен медициналық көмек сапасының жақсарғанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - дейді Алмагүл Ахметжанова.

Медициналық көмек көрсетуде ақаулардың алдын алу үшін айыппұлдан бөлек, қор сарапшылары медициналық қызметкерлер арасында түсіндіру, медициналық қызметтердің сапасын сараптау, емделушілердің құқығын қорғау мен ауруларды басқару бағдарламасын жүргізу сұрақтары бойынша жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, көрсетілген медициналық көмектің сапасын мониторингілеу нәтижесін тұрақты түрде жариялап отыруды жоспарлауда. Қор мамандары бұл шараның дәрігерлерді тәртіпке шақырып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге ынталандыра түседі деген сенімде.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz