Қоныстанушылар барлығы 1500 шақырым жол жүріп келген. «Елге ел қосылса - құт» дегендей, олардың атажұртқа аяқ басуын жақсы ырымға балаған жергілікті басшылық ақ дастарқан басына шақырды.

- Қазақстанға 80 қандасымыз қайтып келіп отыр. Бұл – үлкен қуаныш. Бірінші жартыжылдықта 250 адам көшіп келді. Бұл - бір жылға берілген квота саны. Жалпы, «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Отандас- тар» қорының қолдауымен 330 адам қоныс аударды. Моңғолия жерінен 13 отбасы көшіп келді, оларда кәмелетке толмаған 48 бала тәр- биеленуде. Оларды балабақша-мектепке орналастыру, ересек қандас- тарды жұмыспен қамту мәселелері шешілуде. Бүгінде шетелдерде тұратын, тарихи отанына қайтуға бекінген қандастарымызды көшіріп алуға ниеттіміз. Павлодар облысы оларды қабылдауға әзір,-деді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Қобда аймағынан келген Кенжехан Төлеу облыс басшылығына жылы қабылдау ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

- Мен 82 жастағы анамды және 6 баламды бірге көшіріп әкелдім. Моңғолия елінде біз мал шаруашылығымен айналыстық, мұнда да берген баспанаға қоныстанып, ұсынған жұмысты қиынсынбай істеуге дайынбыз. Еңбек етуден жасқанбаймыз, - деді ол.

Әулеттің үлкен ұлы мектепті тәмамдаған, ағылшын тілін меңгерген, ол әрі қарай білімін жалғастырғысы келеді. Кіші ұл болса, бастауыш сыныпта оқиды. «Біз қазақ болған соң, ата-баба тілін құрметтеп, болашағымызды Қазақстанмен байланыстыруды құп көрдік», дейді ол.

Дүниежүзілік қазақтар қауым-дастығы облыстық филиалының жетекшісі Болат Заутұлының айтуынша, көшіп келушілер елге 800 килограм киім-кешек, заттармен жеткен. Жол-жөнекей қол ұшын бергендер аз болмаған.

- Көшіріп әкелер алдында біз бұл отбасылардың тұрмысы қандай екеніне зер салдық. Қазақстанға көшсем дейтін отбасылардың жағдайымен танысып алдық. Сондай-ақ, киім-кешек, заттарды өткізуде шекараларда қандай кедергілер туындайтынын анықтадық. Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы - Ташанте өткізу пунктінен өтерде иммигранттардың қандай қиындыққа тап болатынын білдік. Мәселелер туындамас үшін көші-қон кезінде Омбыдағы Қазақстан консулдығына арқа сүйедік. Қандастарымыз барлық жүктерімен аман-есен тарихи жеріне жетті. Қазіргі кезде отбасылар қалалық бейімдеу орталығына орналастырылды, деді ол.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің айтуынша, жаңадан қоныстанушыларға Май ауданы, Тереңкөл ауданы және Екібастұз қаласы ауылдық аймағына қарасты елдімекендерде тұрақтау ұсынылатын болады. Әрине, олар ұзаққа орын тебу мәселесін өздері шешеді. Қандастардың арасында ауылдық жерлерде қажет етілетін кәсіби мамандар бар.

Көшіп келуші отбасылардың әрбір мүшесіне 88500 теңгеден жол шығыны мемлекеттік бағдарлама аясында өтеледі. Оларға облыстағы аудандардан бір жыл бойы тегін тұру құқығымен баспаналар жалға беріледі. Оларды кейін сатып алу мүмкіндігі де ұсынылады. Жыл соңына дейін Қытай, Моңғолия және Қарақалпақстан, Ресей жерлерінен 300 отбасы көшіп келеді деп күтілуде.

 

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

Суреттерді түсірген - О.Саяхат

saryarka-samaly.kz