Қазақстанның әр өңіріндегі екі мыңнан астам ұстаздың басын біріктірген алқалы жиын барысында білім, ғылым саласындағы заманауи өзгерістерді басқару мәселелері жан-жақты талқыланып, инновациялық идеялар ұсынылды. Кеңесте сөз алған ел Президенті Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен ол отандық білім беру саласына тың серпін керектігін атап өтті.

- Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұғалімдердің «барып кел, шауып келге» жүгіре беретін қолбалаға айналуына тыйым салу керектігін де тілге тиек етті.

- Жергілікті әкімдіктердің өз өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім беру саласына еш қатысы жоқ әкімшілік іс-шараларға тарту жағдайлары толастамай тұр. Аталған мәселелерді шешу үшін Үкіметке шұғыл, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді ол. Сондай-ақ, қоғамда түрлі пікір тудырған үштілде білім беру ісін қайта қарауды тапсырды.

- Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын, – деген өз ойымен бөлісті. Президент кеңесте мұғалімдер жалақысын арттыру қажеттігін де алға тартты.

- Бұл саладағы еңбекақы ең төмен жалақылардың қатарында, яғни, ел экономикасы бойынша орташа жалақының 65 пайызын құрайды. Білім беру жүйесіне білікті кадрларды тарту мақсатында Үкіметке төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есе көбейтуді тапсырамын, – деді ол. Сонымен қатар, Президент қала мен ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және тұрғылықты жері мен ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан балаларға сапалы білім беруге жағдай жасауды тапсырды. Мемлекет басшысы баланы 6 жастан мектепке беру туралы талапқа қатысты да пікір білдірді.

- Әлем елдерінің 60 пайызында мектепте білім беру 6 жастан басталады, яғни, мұндай жүйе баланың зияткерлік және әлеуметтік жағынан ертерек дамуына оң ықпал етеді. Үкіметке Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы аясында 12 жылдық білім беру моделіне біртіндеп жоспарлы негізде көшуді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деп атап өтті.

Жиын барысында Президент жаңа буынды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөліне тоқталып, отандық білім беру саласын дамытуға қомақты үлес қосқан бір топ ұстазды «Құрмет» орденімен марапаттады. Олардың қатарында облысымыздағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің (Павлодар қаласы) физика пәнінің мұғалімі Анатолий Билиданың бар екенін атап өткен жөн. Ұлағатты ұстаздан білім алған шәкірттер түрлі деңгейдегі білім додаларында топ жарып жүр. Сонымен қатар, Президент ғылымды қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын жетілдіру, үш ауысымды және шағын жинақты мектептердің мәселесін шешу қажет екеніне назар аударды.

Ал еліміздің жуырда тағайындалған бас ұстазы Асхат Аймағамбетов тамыз кеңесінде алдағы уақытта осы салада орын алатын өзгерістерге тоқталды. Атап айтар болсақ, ҰБТ тапсыру электронды жүйеге көшірілуі мүмкін.

- Біз Ұлттық бірыңғай тестілеу процедурасын трансформациялауды жоспарлап отырмыз. Осы ретте оқушылардың жүйені алдау жолдарын іздеу фактілерінің орын алып отырғандығын атап өткім келеді. Телефон алып кіріп, өзінің білімі мен дағдысымен емес, басқа да қосымша құрылғылардың көмегімен көбірек балл алуды ойлайды. Сол үшін біз Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды біртіндеп электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз. Мұндай ойымыз бар. Бізге ҰБТ гранттарды бөлудің ашықтығы мен әділдігіне кепіл беруі қажет, - деді ол. Сондай-ақ, министр мектеп бағдарламасынан алынып тасталған әліппе қайта енгізілетінін айтты.

- Әліппе мәселесін көптен бері ұстаз-дарымыз, ата-аналар көтеріп жүр. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізіледі. Біз қазір осыған байланысты жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді.

Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта оқушылардың білімін бағалау жүйесі өзгереді деп жоспарлануда. Министр критериалды бағалау жүйесін сынға алып, мұны одан әрі жаңғыртатынын айтты.

- Әлі күнге дейін критериалды бағалау жүйесі көп сұрақ туындатып отыр. Министрліктің ұстанымын айтар болсам, біз бағалаудың критериалды жүйесіне көштік, оны қайта қараудың қажеті жоқ. Жалпы педагогтар түсінеді, үйренді. Десек те, әлі де проблемалар барын мойындаймыз. Сондықтан бұл жүйені одан әрі жаңғыртамыз, - деді Асхат Аймағамбетов.


Осылайша, қазақстандық білім беру саласына біртіндеп тағы да жаңа реформалар енгізілмек. Одан ұтамыз ба, әлде ұтыламыз ба? Ол жағы – уақыт еншісінде!

 

Н.АҚЫТЕГІ.

saryarka-samaly.kz