Желаяқ журналистер төрт жас мөлшері бойынша сынға түсті. Әр командада 2 ер және 1 әйелден өнер көрсетті. Барлығы жеті команданың өкілдері бақ сынады.

Жалпыкомандалық есепте «Хабар» агенттігінің облыстық филиалы бірінші орынды еншіледі. Екінші орын «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің командасына бұйырса, үздік үштікті «Сарыарқа самалы» газетінің құрамы түйіндеді.

20-30 жас аралығындағы қатысушылар арасында «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының өкілі Мөлдір Сағидолла мен «Pavlodarnews.kz» агенттігінің атынан сынға түскен журналист Дмитрий Белоградов жеңімпаз атанды. «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Мереке Амантай мәре сызығын екінші боп кессе, беттеушіміз Ерболат Масығап үшінші орыннан көрінді.

30-40 жас аралығындағы үміткерлер арасында «Хабар» агенттігі облыстық филиалының видеомонтажері Алексей Омельницкий мен «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Светлана Воронова мәре сызығын бірінші боп кесті.

Сонымен қатар, «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов (40-50 жас), серіктестіктің маркетинг және жарнама бөлімінің басшысы Динара Құсманова (50-60 жас), серіктестік жүргізушісі Аманжол Рахатов (50-60 жас) өз топтарында үздік атанды.

Естеріңізге сала кетейік, БАҚ өкілдері арасындағы спартакиада біздің өңірде биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін олар шаңғы тебу, тоғызқұмалақ, шахмат жарыстарына қатысты. Енді үстел теннисінен бақ сынамақ.

Сондай-ақ, бұл күні мемлекеттік қызмет-шілер мен күштік құрылымдардың өкілдері де өнер көрсеткенін атап өткен жөн.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz