Салтанатты шараға Ресей жерінен «Morgenrot» атты неміс халқының ансамблі мен «Мечты сбываются» вокал студиясының «Будущее России» атты өнер тобы қатысты.

Павлодар облыстық «Возрождение» неміс қоғамдық мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ольга Литневская сөз сөйлеп, шараға жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

- Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен ынтымақтастықтың ордасына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттар достығы жарасқан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін атап көрсетіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын даңғыл жолға қойды. Міне, содан бергі 30 жыл уақыт ішінде Қазақстандағы неміс халқының өкілдері өз тілін, мәдениеті мен дәстүрін жаңғырта отырып, түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара тату-тәтті өмір сүруіне зор мүмкіндік жасалды, - деді Ольга Владимировна сөйлеген сөзінде. – Бұл игілік Павлодар облысының әр қала, ауданында жүзеге асырылып келеді. Осындай зор мүмкіндік жасаған Елбасы мен қазақ халқына зор ризашылығымызды білдіреміз.

Ресей немістерінің Қазақстанға, соның ішінде Павлодарға қоныс аударуы ХІХ ғасырдың соңында басталған. Бұл халықтың өкілдері 1907-1912 жылдары Успен, Павлодар және Шарбақты аудандарына көптеп қоныстанды. 30-шы жылдардағы репрессия өзгелер секілді неміс халқына да оңай тиген жоқ. Бұл нәубетте біздің облыста тұратын біраз немістер атылды, барлығы 165 неміс репрессияға ұшырады. Ұлы Отан соғысы басталған тұста, 1941 жылдың тамызындағы «сенімсіз халық» ретіндегі Жарлық негізінде біздің облысқа жеті эшелонмен 17 мыңға жуық неміс күштеп қоныс аударылған екен. Зорлықпен көшірілген бұл халық қилы заманда қазақ халқынан пана тапты, тағдыр қиындығын бірге бастан кеше отырып, біздің жерімізден екінші Отанын тапты. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін олардың біразы атажұртына оралды, біразы әлі де түтін түтетіп, ұрпағын өрбітіп, қазақ жерінде тату-тәтті тұрып жатыр. Олар өздерінің тарихында талай-талай кедергіні бастан кешкенмен ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды, қазақ халқы әр ұлттың өз тілдерін үйреніп, салт-дәстүр, ұлттық мәдениетін жаңғыртулары үшін жағдай жасады. Бұл жақсылықтар немістердің ұлттық мереке-фестивалінде көрініс тапты.

«Қартын сыйлағанның қадірі артық». Бұл – қай ұлтқа да тән. Салтанатты шарада О.В.Литневская орталарындағы жасы 90-ға келген кейуана Альма Кригерді (Шварц) құттықтады. Альма Мартыновна Украинада туып-өскен. Өзгелер секілді Шварцтар отбасының да көрмеген қиындығы қалмаған. Фашистер жаулап алған Украинадан олар Польшаға қуғындалған, одан кейін Германияға, бұл жерден Сібірге жер аударылған. Тағдыр тауқыметімен кейін Омбыдан Қазақстанға, Павлодарға қоныстанған. Небір тауқыметті бастан кешсе де бүгінде отбасы, әулетімен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан 90 жастағы Альма әжей әлі тың екен. Салтанатта қарияға қазақ дәстүрімен сый-сыяпат жасалды.

Фестивальда Ресейден келген өнер топтары неміс тілінде ән айтып, би билеп, өнер көрсетті. Олардың орындауларындағы біздің елге де кең тараған бірқатар халық әндеріне көпшілік сүйсіне қошемет көрсетті.

Екібастұз қаласындағы «Возрождение» неміс қоғамдық-мәдени орталығы өнерпаздарының өнері айрықша көзге түсті. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Гетеден, Лермонтов, орыс ақынынан Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» («Түнгі жолаушының жыры) өлеңін Л.О.Гесс, Н.А.Помазан және Р.Мұсабаева мәнерлеп үш тілде оқыды. Немістің «Майн өзеніндегі көпір» атты халық әнін Тоғжан Шәкенованың домбырада сүйемелдеуімен неміс тілінің маманы, аудармашы Рауза Мұсабаева орындап берді. «Рауза – міне, ұзақ жылдардан бері неміс тіліндегі көркем дүниелерді аударумен айналысады, Швейцарияның бірнеше мәрте грант иегері, бірқатар аударма еңбектері жарыққа шықты» деп ерекше құрметпен атап өтті Ольга Литневская.

Фестивальда, әсіресе, павлодарлық «ВиР» өнер тобы көзге түсті. Сондай-ақ ақсулық «Bunt» жастар театры, Успен ауданының Розовка ауылының неміс би тобы, Шарбақты және Павлодар қаласындағы неміс өнерпаздары – жас-кәрісі өз тілдерінде ән шырқап, сахналық көріністер көрсетіп, ұлттық билерін биледі. Әсіресе шарбақтылық «Баттерффляй» би тобының «Жігіттер» биі, Л.Бугаева мен И.Звонарева орындаған «Die Berge» әніне көрермендер риза болды.

Неміс жұртшылығы фестивальға келгендерге ұлттық тағамдарынан дәм татырды, балаларға ұлттық ойындар ұйымдастырды.

Неміс диаспорасы осы шараға демеушілік көрсеткен «Рубиком», «Север», «Галицкое», «Автовокзалсервис», «Павлодармолоко» ЖШС-гі кәсіпорындарының басшыларына көпшіліктің атынан ризашылық білдірді.

Фестиваль соңында барлық қатысу-шылардың орындауында үш тілде достық әні шырқалды.

Қазақ жерінен пана тауып, екінші Отанымыз десе де, неміс жұртының жас–кәрісінің ұлттық ән-жыр, биіне деген сағыныш-сүйсінісі, өз тілдерінде сөйлеп, ұлттық киімдерімен өнер көрсетулері, әрине, олар үшін бір ғанибет болды.

«Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің» деген осы.

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz