Мойылжан ҚАНАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

- Бақташылардың болмауы – талай жылдан бері келе жатқан күрмеулі мәселе. Төрт түлікті бағып көрмеген, мәселенің байыбына бармаған адам оны оңай іс деп ойлайды. Әсте олай емес. Мысалы, отар қойдың арасында ақсағы, аурушаңы, әлсізі және тағысын тағылар болады. Олардың барлығын бақылауда ұстап, таңның атысынан кештің батысына дейін, аптап ыстық пен ызғарлы күнде ашық аспан астында жүру қиын. Оған қоса, жауапкершілік жүгі зор. Мұны кейбір шаруалардың түсінбейтіні өкінішті. Қоластындағыларға «мен - басшы, сен – жалшы» деп қарайтындардың бары жасырын емес. Бұл ретте айта кетерлік тағы бір жайт – соңғы кезде қарапайым тұрғындардың да өз мал кезектері келгенде бағуға шықпай, ауылдағы жұмыссыздарды жалдайтыны белең алуда. Бұл туралы көп естіп те, көріп те жүрмін. Бір жағынан алып қарасаң, бір күн қой баққаның үшін 2-3 мың теңге алу қол қусырып отырғанға қарағанда жақсы. Екінші жағынан, бақташыларды жалдау еріншектіктің, жалқаулықтың белгісі деп те ойлаймын. Бұрындары үйдің үлкендері жұмыста болса, оқушы болып жүрген біз жаяу не атқа мініп бағып келетінбіз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал бүгінгі күні үлкені де, жасы да мұны ар санайды. Мал бағу ұятты іс деп пайымдайды. Бұл дұрыс емес. Қой өсіру, мал шаруашылығымен айналысу – біздің ата кәсібіміз. Сондықтан оған мұрын шүйіріп қарауға болмайды.


Ардақ ҚАЖАТ, «Жаңа қала» шаруа қожалығының басшысы, Павлодар ауданы:

- Бүгінде мал бағатын, сиыр сауатын адамды табу қиын емес. Себебі ол үшін кәсіби білім, мол тәжірибе, икем мен дағдының қажеті жоқ. Мықты денсаулық пен төзімділік болса жеткілікті. Былайша айтқанда, малшылардың аздығы дәл менің шаруашылығым үшін соншалықты үлкен проблема емес. Бұл мәселені шешуге болады. Ал заманауи технология-ларды меңгерген, түрлі жаңашылдыққа дайын жұмысшыларды іздеу, олармен байланыс орнату айтарлықтай ауыртпалық салады. Мәселен, бүгінде біздің шаруашылықта екі сауыншы сегіз адамның жұмысын істеп, 300 сиырды сауады. Яғни, бұрынғыдай көп жұмыс күші керек емес. Техникамен «тіл табысса» болғаны. Ал зоотехник, мал дәрігері, инженер сынды мамандық иелері қажет-ақ. Осы мамандықтар бойынша аграрлық-техникалық колледждерде студенттер оқып жатыр. Олардың қатарында бізде ақылы түрде тәжірибеден өтетіндері бар. Бірақ қолына диплом алған соң ауыл шаруашылығында еңбек етуді қаламайды. Күзетші, даяшы, көлік жүргізушісі сынды жұмыстарға кетеді. Қазіргі күні қожалықта жұмысшыларға арналған 6 жаңа үй бос тұр. Оларда тұратын маман жоқ. Жұмыс күшін көбірек тарту үшін барлық әлеуметтік жауапкершілікті уақытылы атқарумен қатар, салықтық төлемдерді өз мойнымызға алып, жалақыны көтердік. Осындай жағдайлар білікті мамандардың еш алаңсыз еңбек етуне оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.


Асылбек ҚОЖИН, «Айша» шаруа қожалығының басшысы, Баянауыл ауданы:

- Қазір қорамда бір отар қойым бар. Ұсақ малдың санын көбейтіп, екі отарға жеткізейін десем, бақташы жоқ. Трактор, комбайн жүргізушілері сынды мамандар табылғанымен, қойға ие болар адамды іздеу - қиынның қиыны. Біздің ауылдық округке қарасты елді мекендерде тепсе темір үзетін жігіттер жұмыссыз жүр. Бірақ олар еңбекпен нан табудың орнына зейнеткер ата-анасының «қамқорлығында» болуды жөн санайды. Кейбіреулері «мен жалшы болмаймын» деп кеуде кереді. Өкінішке қарай, олар мал бағуды табыс табудың амалы ретінде қарастырмайды. Бұл да күнкөрістің қамы ғой. Енді бірі таңнан кешке дейін бел жазбай жұмыс істегеннен гөрі атаулы әлеуметтік көмек алуды құп көреді. Мен малшыларға ай сайын 70 мың теңге еңбекақы беруге әзірмін. Оған қоса, тамақ пен үй тегін. Балаларын аудан орталығындағы интернатқа апарып, әкелуді де өз жауапкершілігімізге алдық. Осындай жағдайлар жасалып жатқанымен, қандастарымыздың жұмыс істеуге құлқы жоқ. Сондықтан шеттен жұмыс іздеп келген өзбек ағайынның көмегіне жүгінуге тура келеді. Олар ауданымызда түрлі нысанның құрылысымен айналысады. Кейін кейбір шаруашылықтарда мал бағады. Бірақ құзырлы органдар шеттен келгендердің көпшілігін қайтадан елдеріне жіберіп жатыр. Содан тағы да бақташысыз қалдық. Бұлай жалғаса берсе, ауылда мал шаруашылығының өркен жайып, дамуы екіталай.

 

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz