«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебі болды бұл. Жылына кем дегенде екі-үш рет жатақханаға байланысты шу көтерілмесе болмайды. Бірақ оң нәтижемен шешіліп жатқаны шамалы. Міне, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Ал 1 қыркүйек күні оқуы басталатын студенттер бүгінде абдырап, пәтер іздеп жүр. Сондай жанның бірі - С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Майра Ахмет (аты-жөні кейіпкердің өтінішімен өзгертілді).

- Мен осы оқу орнына түскен кезде біздің құжаттарымызды қабылдап алған ағай-апайлар оқу бітіргенге дейін жатақханаға байланысты мәселенің болмайтынын, қолымызға дипломымызды алғанға дейін жатақхана берілетінін айтып, сендірген болатын. Өткен жылы да бір топ студентке «жатақханада орын жоқ» дегенде тағы да айқай-шумен орналасқанбыз. Осыны ескеріп, біз алдын ала жатақханаға жазылып қойған едік. Енді келіп, ақшасын төлейін десем, маған «орын жоқ» дейді. Енді далада қалмаудың жалғыз-ақ жолы - пәтер жалдау. Бірақ оның құны да шарықтап кеткен. Ата-анам Павлодар қаласынан 300 шақы- рым жерде, Ертіс ауданына қарасты шалғай ауылда тұрады. Кеше әкем маған пәтер жалдау үшін қорадағы бір малын сатып, осында келді. Біздің оқу орнында мен сияқты жастар жетерлік, - дейді Майра.

Расымен де пәтер іздеп сабылып, жатақхананың алдын торуылдаған ата-ана мен қыз-жігіт жетеді. Шыжыған ыстықта күнге қақталып, жатақханадан бір орын табылар деген үмітпен жүргендер де қаншама.

- Осы оқу орында менің екі балам оқиды. Ұлым биыл 4-курста оқыса, қызым 2-курсқа келді. Балаларым үйге келген кезде жатақханадан бөлме алу үшін, ауылдан келмей-ақ, онлайн тіркеліп, орынды алдын ала алуға болатынын айтып қуантты. Мәселеміз оңай шешілетін болғанына қуанып, жуырда екі балама орын брондап қойған едім. Тіпті, онлайн төлем де жасаған едік. Келсек, біз таңдап алған бөлмелерді Қарағанды мен Алматыдан келген 2 студентке беріп жіберген. Бізге орын жоқ деді. Екі күн жүгіріп жүріп, ақыры өзімізге тиесілі бөлмелерді алдық. Егер онлайн жасаған тапсырысың бей-берекет өзгере беретін болса, онлайн тіркеудің не қажеті бар? Жалпы, жоғары оқу орындарындағы осы даулы мәселе қашан шешімін табады, - деп күйінеді Жамал есімді ана.

Осыдан кейін аталмыш білім ордасындағы басшылар мен жауапты мамандарға хабарласып, мән-жайды білуге тырыстық. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелерді бағдарлау бөлімінің маманы Үмітжан Жұматаеваның сөзіне сүйенсек, Ак. Шөкин көшесі, 139/1 мекенжайындағы жатақханадан орын алғандар жылына 120 мың, ал Толстой көшесі, 101 мекенжайындағы жатақханаға орналасқан студенттер 100 мың теңге төлеп тұрады екен.

- Жатақханаға орналасу үшін бірінші кезекте жағдайы нашар, жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған, өзге өңірлерден келіп оқитын және 1-курсқа енді түскен студенттер қамтылады. Ал ата-анасы бар, жағдайы жақсы отбасының балалары екінші кезекте орналас-тырылады. Біздегі 2 жатақханада барлығы 860 орын бар. Қазіргі таңда үшінші жатақхананың құрылыс жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Келесі оқу жылында ол қолданысқа берілетін болады, - дейді ол.

Ал аталмыш білім ордасында былтыр ашылған студенттерге қызмет көрсету орталығы олардың кез келген мәселесін шешуге бағытталған дейді сол орталықтың меңгерушісі Светлана Оралова.

- Бізде небары 3 минуттың ішінде студенттер мекенжай анықтамасын, өзге де құжаттарын ХҚКО бармай-ақ шығарып ала алады. Сонымен қатар, бұрынғыдай папка толы құжат көтеріп жүрмей, өздері онлайн түрде жатақханаға өтініш беріп, 3 күннің ішінде жауабын ала алады. Өткен жылы 13 500 студент жатақханаға өтініш берген болса, қазіргі таңда 170 бала құжат тапсырды. 28 тамызға дейін 1-курстың студенттерін күтіп отырмыз. Студенттер мен ата-аналар биылдан бастап жатақхана кезегін портал арқылы бақылап отырады. «Орын жоқ», «бермей жатыр» дейтін студенттер жаңа жүйені толық түсіне алмай жүр, - дейді С.Оралова.

Бұдан соң болашақ педагогтардың алтын ұясына айналған ПМПУ-ге барып, ондағы жастарды сөзге тарттық.

- Мен ПМПУ-дің 3-курс сту- дентімін. Оқу орнына түскеннен бастап, жатақханада тұрып келемін. Биыл да өз қалауым бойынша көңіліме жаққан бөлмені таңдап алып, төлемін төлеп, ауылыма қайтып барамын. Қазіргі күнге дейін «жатақханада орын жоқ» деп пәтер іздеп жүрген ПМПУ-дегі таныстарымды кездестірмедім, - дейді Мұхаммед Нұрымов.

Студенттердің мұң-зарын тың- дағаннан кейін, жалға берілетін пәтерлерге хабарласып көрдік. Ондағы баға жаға ұстатарлық. Талаптары да таудай. Өзін пәтер қожайынымын деп таныстырған Натальяның 1 және 2 бөлмелі бірнеше пәтері бар. 1 бөлмелі пәтердің жалақысы - айына 60 мың теңге. Оған қоса пәтердегі коммуналдық қызметтердің ақысын төлейсіз. Талабы бойынша осы пәтерге 3 адамнан артық адам тұрғызбайды және тек қана баласы жоқ жас отбасыларға жалға береді-мыс. Ал студенттерге пәтер беруден зәрезап болып отыр ол.

- Бұған дейін менің бір пәтерімді студенттер жалдап алған-ды. Онда толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Небары бір жылдың ішінде тоз-тозын шығарды. Әуелгіде 2-3 адамбыз деп кіріп, кейіннен 7-8 адамға дейін көбейіп тұра береді ғой олар. Осыдан кейін студенттерге пәтер бермеймін, - дейді ол.

Оқу орнының жатақханасында орын жоқ. Қаладағы зәулім үйлерден студентпін деп айтып, пәтер жалдап алудың өзі қиямет. Сонда бұл жастар қайда бармақ? Басында жайлы баспанасы жоқ, сөмкесін арқалап, қала кезіп, пәтерден-пәтерге көшіп жүретін студенттен болашақта қандай маман шықпақ?


Түйін сөз:

Жастардың бұл мәселесі биік мінберлерден жиі көтеріліп жүргеніне де біраз уақыт болды. Тіпті, жылына екі-үш жатақхана ғимараты қолданысқа берілгенімен, түйткілді дүниенің түйіні шешілер емес. Биыл сандалған жастардың келер жылы да дәл осы күйді кешпесіне еш кепілдік жоқ. «Жастар жылында» студенттеріміздің қала кезіп, аядай бөлмеден орын таппауы - жалпы қоғамға сын!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz