- Дінислам Болатханұлы, елордада өткен дәстүрлі тамыз кеңесіне қатысып келдіңіз. Жиыннан не түйдіңіз?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен дәстүрлі тамыз кеңесі өте жоғары деңгейде, форум дәрежесінде ұйымдастырылды. Бұған қарап, отандық білім, ғылым жүйесіне ерекше назар аударылып жатқанын аңғаруға болады. Жалпы, бұл шара бұрынғыдан өзгеше болды. Саладағы жетістіктер таразыланып, кемшіліктердің орнын толтыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, инновациялық идея-ұсыныстар айтылып, білімді де білікті мамандар жоғары деңгейдегі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың қатарында бірінші болып облыстағы беделді де белгілі ұстазымыз Анатолий Билидаға «Құрмет» ордені тапсырылғанын атап өткен жөн.

Тамыз кеңесінде Президентіміз ағылшын тілін оқыту мәселесіне қатысты нақты ұстанымын айтты. Мен де бұл оймен келісемін. Шынымен де, балаларымыз негізгі білімді ана сүтімен бірге бойына тараған ана тілінде алуы тиіс. Содан кейін ғана қабілет-қарымына қарай шет тілін меңгеріп, сол тілде білім алғаны жөн. Сонымен қатар, пәндерді шет тілінде оқытатын мұғалімдердің де дайындығын, деңгейін қарау керек. Әрине, әлемдегі ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде болғандықтан, біздің балаларымыз шет тілін меңгеріп шыққаны жақсы-ақ. Бірақ, нәтижелі білім алу үшін алдымен жағдайға қарап, әр қадамды аңдап басқанымыз абзал. Мемлекет басшысы кәсіптік-техникалық білім беру ісіне де көңіл бөлді. Бұл салада да қордаланып жатқан мәселе баршылық.

Жалпы, аталмыш шара барысында көп мәселе көтерілгендіктен, көңілге түйгеніміз де мол. Бастысы, білім беру саласында жүрген жандардың илегені - бір терінің пұшпағы. Яғни, барлығымыздың ойымыз бір, мақсатымыз ортақ. Ол – жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Осы жолда талмай тер төгеміз деген сенімдемін.

- Аталмыш жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сіздің ойыңызша, отандық білім беру саласына тың серпін беру үшін не істеу керек?

- Президентіміз атап өткендей, білім саласының сапасын көтеру үшін алдымен мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорды дамытуға баса назар аударған жөн. Сондай-ақ, мемлекет басшысы алдағы уақытта мұғалімдердің жалақысын екі есеге дейін көтеру керектігін айтты.

Бұл жағымды жаңалық білім саласына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Себебі, айлық еңбекақы дұрысталса, мектепке сапалы да саналы мамандар келеді. Ал білікті ұстаздары бар мектептің мерейі әрдайым үстем болары анық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, жақсы ұстаздан тәлім алған шәкірттің де ойы озық, білімі кемел болары анық. Сол үшін қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтерудің маңызы зор. Бұл ретте, Президент бұдан былай мұғалімдердің көлденең жұмысқа салынып, «қолжаулыққа» айналуына тыйым салу керектігін қадап айтты. Ондай болған жағдайда жұмысқа тартқан шенеунік әкімшілік жазаға тартылатын болады.

Міне, осы бағыттағы нақты шараларды ойдағыдай жүзеге асырсақ, мұғалімнің қоғамдағы орнын ойып тұрып алуына жағдай жасасақ, білім саласы жаңа серпінге ие боларына еш күмәнім жоқ.

- Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Павлодар облысының білім жүйесі бірінші орынды иеленді. Бұл жетістіктің сыры неде?

- Иә, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы көш басынан көрінді. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша 1-орын, орта білім беру ісі бойынша тағы да 1-орын, ал кәсіптік-техникалық білім жағынан 2-орын алдық. Павлодар облысының осындай деңгейге жетуі алдымен аймақ басшысының білім саласына ерекше көңіл бөлгендігің белгісі деп білемін. Сонымен қатар, бұл жетістік - балабақшадағы қарапайым тәрбиешіден бастап мектептегі мұғалімдер, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мамандары мен облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің өз ісіне деген өлшеусіз адал еңбегінің нәтижесі, маңдай тердің өтеуі. Сол үшін де облыстың білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша әріптесіме шексіз алғысымды айтамын.

Қуантарлығы, біздің оқушыларымыз республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мұндай балалардың үлесі 60 пайыздан асып кетті. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Соңғы жылдары республика бойынша павлодарлық шәкірттер «Ең үздік олимпиадалық команда» атануда. Ендігі мақсат - осы биіктен түспеу.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz