Сайыстың алғашқы күні жарыс шымылдығын жастар мен жасөспірімдер ашты. Elitе санатындағы спортшылар арасында Гундерсен жүйесі бойынша «суперспринт» және «стандартты» қашықтықта жарыс өткізілді. Алматы мен Шымкент қалаларынан, сонымен бірге Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 28 кәсіби спортшы ҚР Кубогының финалында бақ сынады. «Супер-спринт» қашықтығында (300 м жүзу, 8 км веложарыс және 2 км жүгіру) 11 ұл мен 11 қыз додаға түсті. Ер балалардың арасындағы үздік спортшы жүзу кезеңінен кейін-ақ белгілі бола бастады. Рашид Романчук жарыстың 3 кезеңінде де алдына жан салған жоқ. Ол мәреге 27 минут 36 секундта жетіп, чемпион атанды. Екінші орын Мұрат Жәкеннің еншісінде болса, үштікті Владислав Иванов түйіндеді. Бұл спортшылардың барлығы да Ақмола облыстық триатлон мектебінің өкілдері екенін айта кеткен жөн.

Қыздар арасында жүзу кезеңін бірінші болып Наталья Короткова (Ақмола облысы) аяқтады. Ол жүзуде 5 минут 37 секунд уақыт көрсеткен еді. Әйтсе де, Короткова басымдықты мәреге дейін ұстап тұра алмады. Ол небары төртінші орынға тұрақтады. Жүзуді үшінші болып аяқтаған Ашраф Камалова (Ақмола облысы) соңғы жүгіру кезеңінде қайсарлық танытып, мәреге бірінші келді. Екінші орында алматылық Юлия Озерова болса, тағы бір көкшетаулық қыз Надежда Бекмағанбетова үшінші орыннан көрінді.

Ал «стандартты» қашықтықта (1500 м жүзу, 40 км веложарыс және 10 км жүгіру) кәсіпқой 5 спортшы жарыс жолына шықты. Бұл додада ерекше бәсеке білінді. Сайыс үздіктері тек веложарыстың екінші кезеңінен кейін ғана анықтала бастады. Чемпиондыққа талас Александр Автушко (Шымкент), Әнуар Тұрыбаев (Алматы) және Дэнис Туницкий (Ақмола облысы) арасында өрбіді. Жүгіру кезеңінің екінші айналымына дейін көш бастаған Александр Автушко өз позициясын соңына дейін сақтай алмай, мәреге үшінші жетті. Оның уақыты – 2 сағат 5 минут және 37 секунд. Одан 8 секундқа озып шыққан Дэнис Туницкий екінші орын иегері атанды. Жарыстың алтын жүлдесі алматылық Әнуар Тұрыбаевқа бұйырды. Ол мәреге 2 сағат 2 минут 38 секундта жетті.

Жарыстың екінші күні «супер-спринт» (300 м жүзу, 8 км веложарыс және 2 км жүгіру) қашықтығы бойынша ҚР Кубогының финалы өтті. Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 22 кәсіби атлет жарыс жолына шықты. Бұл сайыста да Ақмола облысының спортшыларына тең келер ешкім болған жоқ. Болашағынан зор үміт күттіретін Мұрат Жәкен чемпион атанды. Бұл жолы күміс жүлдеге Владислав Иванов қол жеткізсе, Рашид Романчук үшінші орынды еншіледі. 

Қыздар арасында Ашраф Камалова (Ақмола облысы) алтыннан алқа тақты. Оның нәтижесі - 30 минут және 35 секунд. Ал 31 минут, 31 секундтық уақытты көрсеткен алматылық Юлия Озерова күміс жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орында - Надежда Бекмағанбетова (Ақмола облысы). Ол мәреге 33 минут 32 секунд уақытта жетті.

Ал ел чемпионатының «стандартты» қашықтығы бойынша өткен финалдық ойында әуесқойлар тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Жарыс жолына шыққан 87 әуесқой спортшы жекелей және эстафеталық сайыста сынға түсті. Спортшылар 1500 м жүзу, 40 км веложарыс, 10 км жүгіру тапсырмаларын еңсерді. Жекелей сында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аслан Әбдрахманов мәреге бірінші болып жетіп, жарыстың абсолютті чемпионы атанды. Ал әйелдер арасындағы жекелей сында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айнұр Құмарова жеңімпаз атанды.

Эстафеталық сында өнер көрсеткен 9 команда арасында ең үздік нәтижені павлодарлық «Running Pavlodar» командасы көрсетті. Команда сапындағы 3 спортшы - 2 сағат 01 минут және 55 секунд уақыт ішінде мәре сызығын қиып өтті. Осылайша, 2 күнге созылған дүбірлі дода өз мәресіне жетті.


Дандыбай ӘЛІМБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:

- Жарыстың өтуіне жоғары баға берер едім. Ұйымдастырушылар өз жұмысына жауапкершілікпен қарағаны көрініп тұр. Спортшыларымыз ойдағыдай өнер көрсетті деп айтуға болады. Екі күнге созылған жарыста үздік атанған спортшылар алдағы уақытта өтетін әлемдік ірі жарыстарға қатысуға мүмкіндігін еселей түседі. Енді ұзақ қашықтықта өтетін 1 жарыс бар. Ол алдағы уақытты Ақтау қаласында ұйымдастырылады. Осы жарыстан соң әлемдік додаларға және 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін Жазғы олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды сұрыптайтын боламыз.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz