Мардымсыз

Алдымен индустриялық-иннова-циялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров есеп берді. Яғни, 2010-2019 жылдарға арналған индустриялық-иннова-циялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Бағдарламаның үш нысаналы көрсеткішіне қол жеткізуге күш салыныпты. Мәселен, 2010 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 2,4 есеге өсіпті. Жұмыспен қамтыл- ғандар қатары 2,5 пайызға артыпты. Ал жергілікті өніммен қамтуды дамыту 45,1-ден 48,6 пайызға дейін өсіпті. Бұл көрсеткішті облыс әкімі Болат Бақауов сынға алды.

- Тоғыз жылда екі пайызға өсіпті. Бұл өсім бе? Жергілікті өнімді өз өңірімізде тұтынудың өзі төмен. Өзге өңірлер қолданып жатқан бәсекеге қабілетті өнімді бізде неге қолданбайды? Осы жерде басқарманың жұмысы шала. Барлық сатып алуларда жергілікті тауар өндірушілерге басымдық берілуі тиіс. Екі жылда 2 мың шақырымнан астам су құбыры тартылды. Оның 60 пайызы сырттан әкелінді. Осымыз дұрыс па? Екі пайыздық өсімді айтудың өзі қисынға келмейді, - деді аймақ басшысы.

Басқарма жүзеге асырылатын бірқатар жобаларға тоқталды. Бұл ретте, облыс әкімі кейбір кәсіпорындардың жобасын әзірлеуде әлсіздік танытатынын атап өтті. Мәселен, «Format Mach Company» екі жылдан бері инженерлік желінің жобасын тапсыра алмай отыр. Салдарынан республикадан алынған ақшаны кері қайтаруға тура келген. Енді жылдамдатпаса, алдағы үш жылдық бюджетке енбей қалуы әбден мүмкін.

Ғ.Әубәкіров биыл жоспарланған 9 жобаның 5-уі іске қосылатынын мәлім етті. Бұл жұмыс та мақтала қоймады.

- Білдей басқарма облыс орталығында небары 25 млн. теңгенің жобасын тоғыз жобаның бірі деп ауыз толтырып айтып отыр. Ағымдағы жылы 500 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Ал мына құны шамалы жоба соның қанша пайызын құрамақ? Оны тізімге енгізіп, есеп беріп тұрмыз. Ауданда жүзеге асса, бірсәрі. Қазақстан электролиз зауытының 53 млн. теңгелік, ERG-дің 5 млн. теңгелік жобаларын да санатқа алып, соған марқаятын болсақ, мұндай деңгейге түсетін болсақ, басқарманың қажеті қанша? – деді Б.Бақауов.

Соңғы үш жылда өскен еңбек өнімділігінің көрсеткіші де аймақ басшысының күмәнін келтірді. Мысалы, «Қазақстан алюминийінде» 18,7 пайызға, ҚЭЗ-де 67 пайызға, «Каустикте» 26,4 пайызға, «ЕЭК»-те 34,5 пайызға, ал «ПМХЗ»-де 53 пайызға артыпты.

- Цифрландыру есебінен Павлодар мұнай-химия зауытында еңбек өнімділігі 53 пайызға өсті деу қисынға келмейді. Жаңғыртудан кейін өнім көлемін 1 млн. тоннаға ғана артық өндіруге мүмкіндік алдық. «ЕЭК»-те 7, 8-ші энергоблоктар тоқтап тұр. Бесінші блокты әлі іске қосқан жоқ. Мұнда электр қуатын өндіру кемігені тіркеліп отырғанда еңбек өнімділігі артты деуге келмейді, - деді аймақ басшысы.

Бәрі жақсы ма?

Бағдарламаның екінші индикаторы - өңдеуші өнеркәсіп өнімі экспортының құндық көлемін арттыру. Яғни, импорттық тауарларды алмастыратын өнімдер көптеп өндірілуі тиіс. Жалпы, 2015 жылмен салыстырғанда, өткен жылы өңдеуші өнеркәсіп экспорты 2,2 пайызға артқан. Баяндамашы павлодарлық өнімге сұраныстың еш кемімегенін мәлімдеді. Биыл бес айда 450,3 млн. АҚШ долларының өнімі экспортталған. Республика бойынша 7-ші орындамыз. Дегенмен, биыл 47,7 пайызға төмендеу тіркелген. Оған Ақсу ферроқорытпа зауытының экспорты Ақтөбе облысы бойынша статистикалық деректерде көрсетіле бастауы себеп болған. Жалпы, 2010 жылдан бері өңірімізде өңдеуші өнеркәсіпте өнімнің 70 жаңа түрі шығарылуда. Оның 25 түрі экспортталады екен.

- Жуырда «Nur Otan» партия-сының саяси кеңесінде Елбасы ел экономикасын 7,5 пайызға көтеру міндетін қойды. Бізде бүгінде 3,2 пайыз. Демек, инвестицияны екі еселеп, 1 трлн. теңгеге жеткізуіміз керек. Егжей-тегжейлі айналыспасақ, нәтиже болмайды, - деді Болат Жұмабекұлы.

Үшінші индикатор өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция көптеп тартуды міндеттеген. 2010-2018 жылдары 3,1 трлн. теңге құйылыпты. Бұл республикалық көлемнің 5 пайызын құрайды. 2010-2014 жылдары инвестиция шамамен 5-20 апйыз аралығында тұрақты өсіп тұрса, 2014 жылы 65,3 пайызға артқан. Ол «Бозшакөл» сынды ірі кәсіпорындар есебінен көбейген. Аймақ басшысы қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Егер кен қоры дәлелденсе, «Бозшакөл»-дің екінші кезегінің салынуы әбден мүмкін көрінеді. Айта кету керек, индустрияландыру жылдары 10 мың жұмыс орны ашылған.

- Баяндама «бізде бәрі жақсы, бұйырса, одан жақсы болады» деген сарында құрылған. Алқа жиынына мұндай жарамайды. Бұл отырыста түйткілдер айтылып, оның түйінін шешу жолдарын табуға арналуы тиіс. Қандай мәселе Үкімет, облыс басшылығы деңгейінде көтерілуді қажет етеді, соны ортаға салуы- мыз керек, - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі бағдарламаның мақсаты экономиканы әртарап-тандырып, бәсекеге қабілетті етуді көздейтінін естен шығармауды ескертті. Бұл ретте, істі алға бастыруға кедергі келтіретін тұстарды сұрады. Басқарма басшысы инвесторлар көбінде инфрақұрылымның болуын талап етеді деді. Осы ретте, Болат Бақауов нақты жобасын әкеліп, жер алып, енді іске кірісуіне тек инженерлік желілердің жоқтығы қолбайлау еткен тым болмаса бір мысал келтіруді талап етті. Ғ.Әубәкіров ондай нақты мысал айта алмады. Демек, мәселе мұнда емес, деді облыс әкімі.

Аралаудан ада

Алқа жиынында облыстық кәсіп-керлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов та жиып-терген ақпаратын ақтарды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны биыл 5 пайызға өскен. Осы салада еңбек етіп жүргендер қатары да 7 мың адамға артыпты. 35 млрд. теңгенің өнімі шығары-лыпты. Оған «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» бағдарламалары септігін тигізуде. Ағымдағы жылы 237 жоба мақұлданған. Яғни, жоспардан 28 пайызға артық. Бұл – сандар. Аймақ басшысы сапасын, нақтысы, қай жобаның қандай деңгейде жүзеге асып жатқанын сұрады. Өкінішке қарай, осы сәтте басқарма басшысы кейбір нысандардың нақты қай жерде жүзеге асып жатқанынан бейхабар болып шықты.

- Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша жауап-танған - небары 3 жоба. Соның біреуінің жөн-жосығын білмеу еш шеңберге сыймайды. Кабинетте отырып алып, алдына әкелген есепті оқи салады. Сіздерден гөрі нысандарыңызды мен көбірек аралайтын шығармын. Қос басқарманың басшысы жұмыс істеу тәсілін өзгертпесе, жағдай басқаша болады, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі аудан-қалаларда шағын индустриялық аймақтарды құрып, шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін атап өтті. Пилоттық жоба ретінде бұл Екібастұз өңірінде қолға алынбақ. Қарапайым заттар экономикасы бойынша аудан-қалалардың жайбасарлығы да сынға ілікті. Бұл тақырып жеке қаузалады, деді облыс әкімі.

- Біз бұдан былай облыстың даму бюджетін бөлуде шектеу қойып отырмыз. Бұл аудан-қала әкімдеріне тікелей қатысты. Елбасы экономиканы 7,5 пайызға өсіруді тапсырғанын білесіздер. Енді біз экономикалық тиімділік беретін жобаға ғана ақша бағыттаймыз. Бұрынғыдай аудан-қаланы абаттандыру ісімен айналыспаймыз. Мұндай кеңдік бітті. Ол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Біз жұмыс орны ашылатын, экономикалық тиімділік әкелетін, импортты алмастыратын тауар шығаратын өндірістерге ғана қаржы жұмсаймыз, - деп кесіп айтты аймақ басшысы.

Нөлдік есеп

Сонымен қатар, облыс әкімі бағдарламалар арқылы бөлінген қаржыны игеру жақсы, бірақ олардың жүзеге асуын қатаң қадағалауды тапсырды. Бұл ретте, аудан-қала әкімдері өз аумағындағы әр кәсіпке талдау жасауы тиіс. Өйткені, шағын және орта бизнес субъектілерінің құзырлы органға нөлдік есеп тапсыруы тыйылар емес.

- «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының нәтижесінде несие алу жағынан көшбасшылық орындамыз. Енді мониторинг жүргізілуі тиіс. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екі жылында несие алған 387 қатысушының 75-інде ешбір кіріс жоқ болып отыр. Яғни, нөлдік есеп тапсыруда. 26-сы жұмысын тоқтатқан. Сондықтан, әрбір кәсіпті тексеріп, қажет кезінде қолдау көрсету керек, - деді облыс басшысы.

Ал мемлекеттік кірістер департа-ментінің мәліметі бойынша жұмыс істеп тұрған 10 663 шағын және орта бизнес субъектісінің 23 пайызында салықтық есептілікте кіріс жоқ деп көрсетілуде. Екібастұзда 2 мыңдай кәсіп иесі, Баянауылда тіркелгендердің 60 пайызы нөлдік есептілік тапсырып отыр. Аймақ басшысы міне, осыны жіті тексеру керек, деді. Сонымен қатар, кассалық аппараттар арқылы есептесу жүйесіне көшу барысы да аймағымызда қандай деңгейде екені белгісіз болып шықты. Ал бұл есептесу түрі жаппай енгізілсе, нөлдік есептілік беру жағдайлары жойылатын еді, деді аймақ басшысы.

Жалпы, саланың кем-кетігі түгенделген жиында мақталғандар да бар. Мәселен, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалының жұмысына оң баға берілді. Алғашқысы сырттан инвестиция тартуға күш салып жатса, екіншісі қор арқылы несие беру көрсеткішін екі жылда әжептәуір көтерген. Яғни, республика бойынша 16-шы орыннан 1-ші орынға шығарған. Облыс әкімі енді сол жобалардың жемісті жүзеге асуы назарда болуы тиіс, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz