Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елдің индустиалды-инновациялық дамуы жөніндегі кездесу барысында мәлімдеді.

- Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жаңа өндірістік жобалары сұраныстың жоқтығынан жабылады. Өкінішке қарай, ИИДМБ жобаларының бір бөлігі жоспарланған қуаттылыққа қатыспау проблемаларына тап болды. Бұл, негізінен, ұзақ мерзімді тапсырыстардың жоқтығынан кәсіпорындардың «жұмыссыз» қалуымен байланысты. Нәтижесінде біз шетелдік өндірушілердің өнімдерін сатып алуды жалғастырамыз, - деді қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорға түрлі тауарларды сатып алуды ұйымдастыру саласындағы жұмысы үшін оң баға берген еді. Елбасы тендерлердің көлемі ұлғайғандығын, ал шығындар бес есе азайғандығын атап өтті. Қор жүзеге асырып отырған импорт алмастыру бағдарламасы елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Бағдарламаның мақсаты - өнімнің жаңа түрін игергісі келетін жеке бизнес субъектілерінің бағдарламаларын қолдау. Сонымен қатар, импортты алмастыру бағдарлама шеңберінде бизнесті қолаудың басты құралы - оффтейк шарттар механизмі, яғни кепілдендірілген тікелей сатып алуды, оның ішінде ұзақ мерзімге Қор компанияларынан сатып алу.

2019 жылы Қазақстанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның импортты алмастыру бағдарламасы аясында машина жасау саласындағы 9 жаңа өндіріс құрылады. Инвестиция көлемі 104 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Ахметжан Есімов «нақты келі-сімшарттар» механизмі – оффтэйк келісімшартты іске қосудың тиімділігін атап өтті. Жаңа механизм аясында 2018 жылы 2 жоба іске қосылды. Олар – жоғарғы вольтты трансформаторлар, қысымның сандық датчиктері. Инвестиция көлемі 18 млрд. теңгені құрап, 220 жаңа жұмыс орны құрылды.

Айта кеткен жөн, Қор оффтейк келісімшарттар механизмін 2018 жылы енгізді. Аталмыш келісімшарттары ішкі инвестициялар арқылы елде теңдесі жоқ жаңа өндірістерді құруға ықпал етеді. Осылайша, ел ішіндегі бизнестің инвестициялық белсенділігі жандана түседі, жаңа өндірістер, жұмыс орындары құрылады, бюджеттің кірістері артады.

Индустрияландыру бағдарламасының бір бағыты – машина жасау саласы. Ағымдағы жылы машина жасау саласында жаңа өндірістер құруға арналған 9 жоба қаралып, мақұлданды. Олардың іске асырылуы 1100-ден астам жұмыс орнын құруға ықпал етеді, инвестициялар 104 млрд. теңгеге бағаланып отыр.

Сонымен қатар, А.Есімов Қор компаниялардың сатып алу механизмін оңтайландыруды жалғастырып жатқанын айтты. Бір көзден сатып алу жүйесін жетілдіру нәтижесінде ол 1,3 есе қысқарды және ашық тендер арқылы 2,6 есе өсті. Бәсекелестік ортаға 444 млрд. теңгеге сатып алулар жүргізілсе, фирмалар аралық сатып алу көлемі 4500-ден 300 позицияға дейін қысқарды, 12000 кәсіпкерлік субъектілері қосымша тапсырыстар алды. Айта кетейік, 2018 жылдың қорытындысы бойынша сатып алулардағы үнемдеу 121 млрд. теңгені құрады. 2019 жылға үнемдеу болжамы – 153 млрд. теңге.

Жалпы, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде іске қосылған кейбір жобалар - зауыттардың кейін нарықта бәсекеге қабілетсіз болып жататыны - жиі көрініс беретін жағдай. Бүгінде Екібастұздағы вагон жасау зауыты да әрдайым өнімдерін өткізуде қиындық көріп, биліктің қолдауына зәру болып отыратынын білеміз. Одан басқа, мемлекеттік бағдарлама аясында Павлодардағы «KSP Steel» жіксіз құбырлар зауытына да әркез көмек беріледі. Атап айтқанда, темір қалдықтарын шетелдерге сатуға мораторий жарияланып, аталмыш өндірістің оңтайлы бағадағы шикізатпен қамтылуына мүмкіндік беріледі. Кейбір өндірістерге теміржолмен тасымалдау, тағы басқа мәселелер бойынша тарифтік жеңілдіктер министрліктер тарапынан ұсынылады. Алдағы уақытта нарықта өзін-өзі алып жүре алмайтын өндірістік орындар ылғи мемлекетке қол жайып отырмай, өз тіршіліктерін өздері жүргізсе дейсіз. Бұл жерде биліктің зауыттарда жұмыс орындарының сақталуына мүдделі екенін түсінеміз. Десе де, мәпелеу әдісі нарықтық экономиканың ережесіне келмейтінін ұғыну керек.

Осы орайда «Самұрық-Қазынаның» ертең күнін көре алмай қалуы ықтимал зауыттардың жобаларын ерте бастан үзгені де дұрыс секілді. Әйтпесе ертең іске қосылса, ол жобаны балапан тәрізді бағып-қағып, қолдан көмектесіп, «асырау» керек болады. Қабілетсіз жобаны ерте тоқтатқан экономикаға да тиімді.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz