Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақ елі көптеген игі өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан ел тарихына, мәдениетіне тереңірек үңіліп қарар болсақ, көптеген тарихи оқиғалардың, мәдени мұралардың ақтандақ беттері сомдалып, ақиқаты толық ашылмай келген мәселелерге назар аударыла бастады.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Дала фольклорының антологиясы» атты он томдығын әзірледі. Мұндағы әр томның кітаби, электронды және аудио нұсқаларының бірге берілуі ауқымды еңбектің қалың оқырманға қолжетімділігін қамтамасыз етері сөзсіз. Антологияның алғашқы томы «Батырлар жырына» арналған. Негізінен бұған Орталық ғылыми қолжазба қорында сақталған «Құламерген», «Дотан батыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Ер Едіге», «Шора батыр» сияқты жырлардың таңдаулы нұсқалары жинақталып берілген.

«Дала фольклорының антологиясы» он томдық сериясының кітаби нұсқасы еліміздің қолжазба қорлары мен бұрын жарияланған жинақтардың, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердегі қазақ диаспораларының материалдарын жете саралап, іріктеу негізінде дайындалғанын білеміз. Қазақ фольклорының ең таңдамалы туындыларын топтастырған он томдық антология, оның ішінде «Батырлар жыры» – көлемі жағынан да, мазмұн байлығы тұрғысынан да әлемдік рухани мәдениеттің қорынан ойып орын алатыны анық.

Батырлар жыры — халық ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Батырлық жырлар халық өмірін тұтас қамти отырып, сол кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет ететіні белгілі.

Сөз жоқ, халық шығармашылығы өзінің қалыптасу, даму жолында толассыз толығып, көркемдік-мазмұндық сапасы үздіксіз жетіліп отырды. Фольклорлық туындылардың мазмұны мен көркемдік кестесі де заман үрдісіне қарай үздіксіз түрленумен келеді. Дәуір озған сайын оның эстетикалық, сейілдік, тәрбиелік мәні де ұштала түседі.

Жинақтағы барлық мәтін текстологиялық тұрғыдан қайта салыстырылып, ғылыми сарапшылар арқылы іріктеліп, тілі көркем, сюжеттік құрылымы шымыр, мазмұны бай, жырлауға лайықты сарындарымен бірге таңдалып алынды. Әрбір том түрлі түсті сурет, нота, иллюстрация және фотолармен безендіріліп, түсініктемелер, сөздік, сөз-сурет, түйінсөз (орыс, ағылшын тілдерінде) берілген. Антологияның электронды нұсқасы заманға лайықты, әлемдік стандартқа сәйкес қолайлы форматта дайындалып, орналастырылған сайттың электронды адресі мен арнайы коды әр жинақ мұқабасында көрсетілген.

Тұтастай алғанда, бұл томда қазақ батырлар жанрының таң- даулы үлгілері жинақталған, түрлі түсті суреттермен көмкеріліп, этнографиялық сөздікпен жарақ-талған, электронды, аудио нұсқасы қамтылған, он мың таралыммен жарияланатын еліміздегі тұңғыш толымды еңбек болмақ.

Жинақ мектеп оқушыларына, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, доктаранттарына, эпостық мұраға қызығатын қалың оқырманға арналған.

 

Нартай ЖҮСІПОВ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

saryarka-samaly.kz