Естеріңізде болса, былтыр халықаралық Олимпиада комитеті еркін күрестен Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері грузиялық спортшы Давид Модзманашвилидің допинг-сынамасы дұрыс болмай шыққандығы туралы хабарлаған еді. Аталған балуан жүлдеден шеттетілсе, қола медаль иегері ресейлік Біләл Махов күміске, Дәулет Шабанбай қола медаль алуға құқылы екендігі айдай анық. Бұл жаңалықты естігенімізде бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз да шын. Бірақ осы күнге дейін Дәулет ресми түрде жүлдегерлер қатарына енген жоқ. Міне, көп ұзамай ағайынның асыл арманы орындалмақшы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының туризм және спортты дамыту басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлімдеді.

Алдыңғы жүлдегер атанған спортшылар медальдарын кері қайтарды. Олимпиада комитетінің хабарлауынша, елордамызда күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатында балуанымызға қола медальді табыстау жоспарланып отыр, - деді Нұрлан Абайұлы.

Күрес түрлері бойынша ұйым-дастырылатын әлем чемпионаты алдағы қыркүйек айының 14-22-сі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Тәжірибесі толысқан Дәулет Шабанбай бұл күнге дейін талай биік белестерді бағындырды. Ол 4 мәрте Азия чемпионатында қола медаль еншіледі. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақты иеленді. Ертіс-Баян өңірінен шығып, сан додада ел намысын абыроймен қорғаған балуанымыздың мойнында олимпиада ойындарының қола медалі жарқырап тұрса, жарасымды болар еді-ау.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz