- Сәуле Ғабдулжапарқызы, «Тілдер онкүндігі» өңірімізде бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Нәтижесі қандай? Онкүндік мемлекеттік тілдің терең тамыр жаюына оң ықпал ете алды ма?

- Біз 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығын Павлодар облысында «Тілдер онкүндігі» деп жарияладық. Негізі бұл жоба өңірде жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл да жылдағы дәстүріміз бойынша, облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 150-ден астам іс-шара өтетін болады. Оның ішінде қала, аудан және облыс деңгейлерінде тілдер мерекесіне орай кездесулер, дөңгелек үстелдер, байқаулар мен конкурстар, тәрбие сабақтар мен викториналық сайыстар және басқа да түрлі деңгейдегі шаралар бар.

Негізінен онкүндік жыл сайын Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында өтеді. Қазақстан көпұлтты мемлекет болған соң, біздің басты байлығымыз – татулық. «Тілдер онкүндігінде» тек қазақ тілінің ғана емес, елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тілінің болашағына назар аударамыз. Мақсатымыз - Елбасымыздың бекіткен Тіл саясатын жүзеге асыру.

- Дұрыс-ақ, жалпы қазіргі таңда мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Біздің басқарма мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында түрлі жобалар мен оқу семинарларын ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Бұдан бөлек, облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде 506 адамды латын қарпі негізінде қазақ тіліне оқыту жоспарланған. Біз тіл үйренуге ниеттілерді санатына қарай крустарға жібереміз. Мысалы, қазақ тілінің флеш тренингтік курсы, «Тіл керуені» тілдік мәдени-туристік жобасы, «Отбасымен бірге үш тілді үйренейік», «Изучаем всей семьей» атты отбасылық тілдік бранчы және «Тілдік келісім» жобасы бар. Бүгінгі күні аталған курс, жобалары 300-ден астам адам оқып шықты.

Айта кетерлігі, биылғы жылы өткізілген шаралардың барлығы «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына» сәйкес ұйымдастырылуда.

- Жақында екі басқарманың біріктірілгенін білеміз. Бұл өзгеріс не береді?

- Бұл өзгеріс «Облыстық бюджеттен қаржы-ландырылатын кейбір атқарушы органдарды қайта ұйымдастыру және қайта атау туралы» қаулыға сәйкес жүзеге асты. Басқармалар біріккенімен, қазақ тілін дамыту және оның мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін кеңейту, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшу туралы Елбасының тапсырмасы орындалуы тиіс. Сондай-ақ, ҚР Үкіметімен тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Осыған орай тілдерді дамыту басқармасы дербес құрылым ретінде болуы тиімді деп есептеймін.

Негізі, әр басқарманың алдына қойған өз мақсаттары мен міндеттері бар. Бүгінгі күні ҚР Үкіметімен әзірленіп жатқан тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жұмыстар өз деңгейінде атқарылатын болады...

- Сіз осы салада ұзақ уақыт қызмет еткен тәжірибелі басшысыз. Салаға қандай өзгеріс пен жаңашылдық әкелдіңіз?

- Біз мемлекеттік тіл саясатын орындау жолында көптеген жұмыстар атқардық. Облыс әкімдігімен 3 индикатор бойынша арнайы меморандумға қол қойдық. Мемлекеттік тіл, ағылшын тілі және үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында алға қойған талапты орындадық. Сондай-ақ соңғы 3 жылда жергілікті мемлекеттік органдарда іс жүргізу құжаттары 100 пайыз қазақшаланды. Біз осыған қол жеткіздік. Былтырғы жылы қазан айында Президент әкімшілігінен арнайы тексеріс келді. Олар облыс орталығы мен аудандарға барып, барлығы 5 мемлекеттік мекеменің іс-қағаздарын тексерді. Жұмысымызға оң баға берді.

- Сөзіңіз аузыңызда. Егер мемлекеттік мекеме-лердің іс қағаздары 100 пайыз қазақшаланған болса, онда неге мемлекеттік қызметшілер қазақ тіліне шорқақ? Жергілікті билік органдарында ұйымдастырылатын шаралардың көбі орыс тілінде өтеді ғой...

- Мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік тілді дамыту үшін біз жыл сайын тегін оқыту курстарын ұйымдастырамыз. Жергілікті мекемелерге алдын ала ұсыныс хат жібереміз. Өтініш білдіргендердің барлығы да тегін оқу курсына қабылданады. Меніңше, мемлекеттік қызметшілердің көбі қазақ тілін біледі. Тек сөйлемейді. Өйткені оларға жоғарыдан талап қойылмай тұр. Егер мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде жұмыс бабында екі тілде сөйлеуі керек деген талап күшіне енсе, жағдай басқаша болар еді. Және бұл әр азаматтың мемлекеттік тілге деген құрметіне, сана-сезіміне байланысты деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz