Осылайша, бұл отбасының талай жылғы арманы «Nurly Ertis» бағдарламасы, яғни, мемлекет қолдауымен орындалып отыр.

- Отбасын құрғалы Нұр-Сұлтан қаласында жеті жыл пәтер жалдап тұрдық. Қалтамызға қарай қаланың шетінен пәтер жалдауға тура келді. Оның өзі өте тар. Тапқанымыз пәтер ақысынан аспайды. Оның сыртында балалардың киім-кешегі, ас-суы бар дегендей. Балаларымыз тар бөлмеде таршылық көрмесін деп елімізде қолға алынған бағдарлама арқылы Екібастұзға көшуді жөн көрді, - дейді Кәмшат Әмірқұлқызы.

Екібастұзға қоныс аударған көпбалалы отбасыға бірден үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған. Алғашқы бір жылы тегін тұрмақ. Одан кейінгі төрт жылда айына 13 мың теңге және коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Кейін пәтердің қалған құнын өтеп, баспананы өз аттарына аударып алуға рұқсат.

Кәмшат Айымбетова кеншілер қаласына қажетті мамандар қатарынан. Ол – кардиолог. Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетін емдеу ісі бойынша тәмамдаған. Оқудан соң бір жыл терапевт болып еңбек еткен. Одан кейін 2009-2012 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің резидентурасын оқып, кардиолог мамандығын алып шығады. Елордаға қоныс аударып, біраз еңбек етеді. Тұрмысқа шығып, алты жылдай декреттік демалыста бала күтімімен үйде отырыпты.

Төрт баласын тәрбиелеп, аяқтандырған ана өткен жылы қайтадан еңбекке араласады. Нұр-Сұлтан қаласындағы 7-ші емханада кардиолог болып қызметін атқарыпты. Ал биыл тамыздың 2-сінде Екібастұзға табан тіреп, медицина саласындағы еңбегін сабақтай түсті.

- Екібастұз қалалық 3-ші ауруханаға жұмысқа орналастым. Ұжым өте жақсы қарсы алды. Білгенімді ел игілігіне жұмсауға күш салып жатырмыз. Үйіміз жайлы. Көршілермен де етене араласып кеттік. Бастысы, балаларымыздың кең үйде мәре-сәре болып жүргені қуантады, - дейді көпбалалы ана.

Отағасы Ербол Сәдіковтің мамандығы – құрылысшы. Балаларды мектеп пен балабақшаға орналастырғанға дейін үйдегі ұл-қызын қарап отыр. Алдағы апта балаларының бірі бақшаға, бірі мектепке барған соң ол да «екі қолға бір күрек» алуға әзір.

Ербол мен Кәмшаттың тұңғышы Жанерке - 6 жаста. Ұлы Жасұлан беске толыпты. Кенжелері егіз Нұрислам мен Нұрайым - үште. Жанерке биыл мектеп табалдырығын аттайды. Баратын мектебі таңдалып, құжаттары тапсырылыпты. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау көрсетілмек. Бір сөзбен айтқанда, жас отбасы кеншілер қаласынан жайлылық тапты. Балаларына тұрақты мекенге қол жеткізді. Енді ел қатарлы сіңісіп кетуге әрекет етпек. Мұның бәрі - мемлекеттің әр отбасының болашағына бейжай қарамайтынының, Конституцияда көрсетілген қамқорлықтың көрінісі. Өйткені, Ата заңымызда халықтың белгілі бір санаттағы мұқтаж азаматтарға заңнамада белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға баспана берілетіні айқын жазылған.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz