«Стекломир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – елімізде шыны өңдейтін ірі зауыттардың бірі. Кәсіпорынның 9 қалада филиалы бар, оның төртеуі – өндірістік аймақ. Өткен жылы Қазақстан сырттан сатып алған 5,5 млн. литр сұйық шынының 3 млн. литрін дәл осы кәсіпорын өңдепті. Мұнда күніне 3500 шыны пакеті шығарылады. «Стекломирдің» өнімдері Павлодар қаласындағы облыстық кітапхана, «Ертіс» қонақ үй кешені, «Крендель» сынды сәулеті келіскен әсем ғимараттар құрылысында қолданылды. Оған қоса, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне экспортталады.

Биыл кәсіпорын қуаттылығын арттырып, облыс орталығында тағы бір өндірістік ғимаратты іске қоспақ. Оны Италия, Германия және Қытайдың үздік деп саналатын кәсіпорындарында шығарылған құралдармен жабдықтап қойды. Осы күзде олар іске кіріскен соң қуаттылық тәулігіне 1 мың данаға артып, 4500 шыны пакеті шығарылатын болады. Заманауи технологияларды сатып алуға 1 млрд. 700 млн. теңге несие алып, өзінің 800 млн. теңгесін жұмсапты. Жаңа жабдықтар жұмысының дені автоматтандырылған. Робот-құралдар шыныларды өздері алып, үстелге қойып, кесіп, тиісті жерге жеткізеді. Десе де, зауытта еңбек ететін жұмыс күші керек-ақ. Серіктестік директорының орынбасары Глеб Кущенконың айтуынша, сәуір айынан бастап басқа түгілі жүк тиеушілерді таппай әлек.

- Бүгінгі күні 20 жұмыс орны бос тұр. Бұл - барлық қызметкердің 10 пайызы. Шыны кесетін, бояйтын, жинайтын, балқытатын жұмысшыларды табу - қиынның қиыны. Тіпті, жүк тиеушілер жоқ. Ал олардың айлығы – 150 мың теңге. Меніңше, бұл жүк таситын адамдар үшін жаман жалақы емес. Жұмыспен қамту орталығына өтініштер беріп едік, бірақ одан да қайыр болмады. Мұның барлығы жаңа өндірістік алаңның толыққанды жұмыс істеуіне қолбайлау болатын түрі бар, - дейді Г.Кущенко.

Зауыттың жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы Болат Бақауов облыс аумағындағы құрылыстар барысында павлодарлық шыны өнімдерінің үлесін арттыру қажеттігін айтты. Кеңсе жиһаздарын дайындайтын «Троя» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барған кезде де жергілікті кәсіпорындардың өнімін өз өңірімізде пайдалануға баса мән беруді тапсырды.

- Мектептердегі бір химия немесе физика кабинетін жабдықтауға мемлекеттік қазынадан 7 млн. теңге жұмсалады. Интерактивті тақтаның сырттан келетіні түсінікті. Ал парталар мен шкафтарды сіздер дайындап көріп, бағасын айтыңыздар. Егер тиімді әрі сапалы болса, павлодарлық өнімдерді қолданудың жолдарын қарастырайық, - деді Б.Бақауов.

2011 жылы құрылған бұл кәсіпорын жылына 80 мың дана корпустық, зертханалық жиһаз шығарады. Әзірге өнімдері Қазақстандағы ірі компаниялар мен өндіріс орындарында қолданылуда. Алдағы уақытта өзге елдердің нарығына шығу жоспары бар. Серіктестіктің коммерциялық директоры Серік Әбдірахмановтың айтуынша, бүгінде 60-70 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 80 мың теңге.

Екі кәсіпорын да мемлекеттік бағдар-ламалар көмегімен жаңа құралдар сатып алып, ғимараттарды кеңейтуде. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры да жан-жақты қолдау көрсететін көрінеді. Ал келесі жылы «Стекломир» мен «Троя» «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жеңілдетілген несие алып, қуаттылықты одан әрі арттырмақ. Бұл ретте аймақ басшысы Б.Бақауов жауапты мекеме өкілдеріне жергілікті кәсіпорындардың көмектен кенде қалмауын қадағалауды тапсырды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz