Партия - жаңғыру жолында

Бұдан былай «Nur Otan» партиясы жаңаша жұмыс істей бастамақ. Саяси құрылымның өкілдерінен қоғамның әр саласындағы кем-кетік тұстарды бақылауға алып, оң шешу талап етіледі.

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықсыз мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды. Біз осы талап үдесінен шығу үшін партия филиалының жұмысын қайта қарайтын боламыз, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Қоғамның әр саласындағы шешімін күткен мәселелер партияның назарында болады. Әсіресе, халықтың мұң-мұқтажын назарда ұстап, олардың сұраныстарын қанағаттандыруда бірінші болып әрекет етуі қажет. Бұл ретте, саяси құрылымның түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы фракциясының жұмысын барынша күшейту керек, деді аймақ басшысы. Бұл партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі болмақ.

- Әр деңгейдегі мәслихат депутат-тарының жұмысын күшейту қажет. Аймағымызда инвестиция тарту, индустриялық, әлеуметтік саясат, мемлекет қаржысының тиімді игерілуі, жемқорлықпен күрес сияқты маңызды мәселелерді халық қалаулылары қатаң бақылауға алуы қажет. Барлық мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы да депутаттардың басты назарында болуы тиіс, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Болат Жұмабекұлы депутаттар әр өңірдегі шешілмей жүрген барлық мәселелерді назарда ұстауы тиіс екенін баса айтты.

- Мысалы, құқыққорғау, медицина, білім беру саласында кемшілік бар дейсіздер. Бірақ сол мәселелердің тереңіне бойлап көрдіңіздер ме? Қажет болса учаскелік полиция инспекторларымен сөйлесіңіздер, бас дәрігерлердің мәселелерін, пікірін біліңіздер. Мектеп директорларын тыңдаңыздар. Бүгінде тіпті балабақша, мектептерде мемлекет қаражатына қолсұғушылық оқиғалары жиілеп барады. Аққулы ауданының 3 мектебінде қаржы жымқыру фактісі тіркелген. Жергілікті депутаттар қайда қарап отыр? – деп сынға алды аймақ басшысы.

Бұдан былай қала, аудандық деңгейде партия филиалы төрағасының қызметін жергілікті әкімдер емес, елге сыйлы, сөзі өтімді азаматтар атқарады. Бұл жаңашылдық пилоттық түрде Павлодар ауданында жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіруді, партия қатарын тазартуды тапсырды. Белсенділік танытпайтын, жарна төлемейтін, құқықбұзушылыққа жол берген азаматтар партия мүшелігінен шығарылуы тиіс.

Біткен іске сыншы көп. Аймақ басшысы соңғы уақытта үйде жатып, әлеуметтік желі арқылы облыста атқарылып жатқан жұмыстарды сынаушылар көбейіп кеткенін айтты.

- Олар - «жатып алып сынаушылар». Игілікті, жақсы өмірді қалайтын әрбір азамат өзгерісті өзінен бастап, ел дамуына үлес қосуы тиіс. Бұл ретте, зиялы қауым үлгі көрсетуі қажет. Ал партия елді, әсіресе, жастар қауымын ұлтжандылыққа, еңбекқорлыққа бастайтын құрылымға айналуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

Саяси кеңес отырысы барысында аудан, қала әкімдерінің тұрғындармен кері байланысы дұрыс жолға қойылмағанын сынға алды. Қоғамдық қабылдау сирек өткізіледі. Әлеуметтік желідегі жеке парақшалары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударуды тапсырды. Болат Жұмабекұлы алдағы қыркүйек айынан бастап әр аптаның сейсенбісінде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кеңсесінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтынын жеткізді.

Әр отбасы тексеріледі

Жиын барысында мемлекетте жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясат мәселесі ерекше сөз болды. Аймақ басшысы тұрғындарды Үкіметке алақан жая бермей, еңбек етуге шақырды. Оның айтуынша, соңғы бірнеше айдың ішінде облысымызда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың қатары бес есеге өскен. 2019 жылдың бірінші тоқсанында мемлекет тарапынан төленетін қолдау қаражатын 1176 отбасы (5184 адам) алып келген болса, екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 5919-ға (27111 адам) артқан.

- Жыл басында бекітілген 1,6 миллиард теңгенің орнына атаулы әлеуметтік көмекке төленетін шығын 3,3 миллиард теңгеге жетті. Бұлай болмайды! Біз қоғамдағы сұрамшақтық «дәстүрді» жоюымыз керек. Мемлекетке алақан жая беруге болмайды. Әрине, шын көмекке мұқтаж отбасыларға қашанда қолдау көрсетеміз. Оған күмән болмасын. Бірақ әлеуметтік көмек тиесілі емес тұрғындар босқа үміттенбеуі тиіс, - деді аймақ басшысы.

Өкінішке қарай, облысымызда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін түрлі қитұрқылықтарға барған азаматтар аз емес. Кейбіреулері әдейі ажырасып жатса, енді бірі жапа-тармағай барлық дүние-мүлкін, қорасындағы малын туыстарының атына жазып тастаған.

Басшыларымен келісіп, жұмыстағы еңбекақысын ең төменгі деңгейде көрсетіп, оны дәлелдейтін арнайы анықтама қағазын да алып келгендер табылған. Ал шын мәнінде олар 180 мың теңгеден еңбекақы алып отырған. Ол ол ма? Павлодарда екі қабатты зәулім үйде тұрып, жеке кәсібін дөңгелетіп, екеу-үшеуден темір тұлпары болса да, әлеуметтік төлем алып отырған бес отбасы анықталыпты.

- Ал қоғамымызда отбасын, бала-шағасын асырау үшін екі-үш жұмысты қатар істеп, талмай еңбек етіп жатқан азаматтар бар. Олар да көп балалы. Бірақ еңбегін адал жолмен тауып отыр. Сондықтан партия өкілдері аймағымыздағы көмекке шын мұқтаж отбасылардың жағдайын жеке-жеке қарастыруы керек. Көмекке зәру тұрғындардан қолдауымызды аямаймыз. Бірақ жағдайы бола тұра, әлеуметтік төлемге алақан жайып, масылдық танытатындарды қолдауға міндетті емеспіз, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетудің ұтымды жолы жұмыспен қамту, кәсіп ашуға көмектесу екенін ескертті.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz