Аймақ басшысы Болат Бақауов жағажайдағы алып сахнадан қала тұрғындары мен қонақтарын Ата заңның атаулы күнімен құттықтады.

- Конституция - Тәуелсіздігіміздің берік тірегі, табысты дамуымыздың кепілі. Баршамыз үшін маңызды мереке – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Біз ортақ тәртіп біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата заңымыздың арқасында бірлік пен татулық жасай берсін. Конституцияның басты ережелері негізінде еліміздің гүлденуіне жетеледі. Экономикамыз тұрақты, тиімді түрде дамып, адамның құқықтары мен бостандығы қамтамасыз етіліп отыр. Конституция - еліміздің басты құжаты, егемендігіміздің нышаны. Ата заңымыз тәуелсіз, рухани, экономикалық тұрғыдан қуатты мемлекет қалыптастыруда алға бастаған күш екені сөзсіз. Негізгі заңның нормалары мен қағидалары өмірге жемісті еніп жатыр, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ол 2020 жыл Ата заңымыз үшін айрықша жыл болатынын атап өтті. Нақтысы, негізгі құқықтық құжаттың қабылданғанына ширек ғасыр толмақ. Бұл дата - елімізде заңнамалық базаның, азаматтық қоғамның, саяси және экономикалық үдерістердің үздіксіз әрі жүйелі түрде дамығанының дәлелі, деді. Содан соң өңір өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты», сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасы атынан «Алғыс хат» табысталды.

Ал Конституция күні мен «Ertis Promenade» маусымының жабылуына арналған концертті көруге жағажайға жиылған 5 мыңға тарта көрермен әдемі кеш күтті. Күткендеріндей Қазақстанның эстрада жұлдыздары мен өңірдің өнерпаздары өнерлерін аямады.

Үлкендер жағы ҚР Халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Рымбаеваның әндерін тыңдауға асықса, жастардың көбі Қайрат Нұртас, Ибрагим Ескендір және «Кешью» тобының өнерін тамашалауға жиналды. Роза Рымбаева көпшіліктің жүрегін әлдеқашан жаулап алған әндерінен шырқады. Сонымен қатар, павлодарлық жастардың құрметіне ұлы Әли Оқаповтың жаңа әнін тарту етті. Өңіріміздің тұрғындары мен қонақтарын Конституция күнімен құттықтаған халықтың сүйікті әншісі осымен екі жыл қатарынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Ertis Promenade» жобасының ерекше екенін атап өтті. «Жобаның өміршең болып, өңірде өз орнын алатыны сөзсіз. Ертістің жағасында таза ауамен тыныстап, сапалы әндер құшағында тербеле берсін», деді әнші. Мұндай әсем кештер талай жастың өмірлік серігін жолықтыруға септігін тигізетініне де сенім білдірді. Жастарды да соған сенуге шақырды.

Одан кейін сахнаға шыққан Ибрагим Ескендір патриоттық әндерін әуелетсе, Қайрат Нұртас ырғақты әндерімен көпшілікті би әлеміне жетеледі.

Айта кету керек, концерт бойы әншілер Конституция құрдастары мен туған күн иелеріне естелік сыйлықтарын тарту етумен болды. Мәселен, Ибрагим Ескендір сол күні туған Ризат есімді жігітке өзі кәсіпқой бокста киген былғары қолғабын сыйлады. Ал Қайрат Нұртас көрермен балақайдың біріне үстіндегі костюмін шешіп берді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz