Соңғы төрт жылда облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен 4 бірдей ірі жобаны іске қостық. Мәселен, «Тіл керуені» жобасы 2016 жылдан бері қарай жұмыс істеп келеді. Мақсаты - тек қана мемлекеттік тілдің грамматикасын оқыту емес, білім алушыларды рухани байыту. Салт-дәстүрімізді саралап, жан-жақтан келген қатысушыларға театрларымызды, музейлерімізді аралатып, таным-түсінігін кеңейтуге негіздеу. «Тіл керуеніне» ниетті адамдардың барлығы қатыса алады. Жыл сайын «Тіл керуенінің» арнайы фестивалі өтеді. Екі жыл қатарынан бұл шара Баянауылдың Торайғыр ауылында өтті. Былтыр осындай шара Ақсу қаласында ұйымдастырылды. Осы жылы кеңейтілген түрде Павлодар қаласында аталып өтілмек.

Екінші жоба «Тілдік бранч» деп аталады. Аталған жоба аясында «Отбасымен бірге үш тілді үйренейік» деген бастаманы қолға алдық. Қатысушы отбасылардың арасында өзге ұлт өкілдері де көптеп кездеседі. Мақсатымыз - әр шаңыраққа бірнеше тілді үйрете отыра, қазақ тілін күнделікті тұрмыста қолдануға бейімдеу. Туыстық қарым-қатынасты нығайту. Отбасы институтын дамыту. Бұл жобаға жергілікті «Сағым жылдар» ансамблінің әжелері арнайы қатысып, қазақтың салт-дәстүрлерін көпшілікке насихаттайды. Бүгінгі қоғамға ата мен әженің өсиеті, тәлім-тәрбиесі жетіспейді. Дәрістердің соңында әрбір отбасы бір-біріне дайындаған сыйлықтарын береді.

«Тілдік келісім» деген атаумен үшінші жобаны жарыққа шығардық. Бастама негізінде «Көрші» деген тың жоба өмірге келді. Қазақта: «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деген сөз бар. «Көрші» жобасы арқылы ауылдастардың, көршілердің тілдік қарым-қатынасын бекемдеуге тырыстық. Көршісімен тату болған адам Отанының тыныштығына, береке-бірлігінің нығаюына үлес қосады. «Тілдік келісімнің» тағы бір бағыты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге арналды. Алғашқы жылы Кенжекөл ауылындағы балалар үйімен жұмыс жасасақ, былтыр Павлодар қаласындағы жетімдер үйін де осы жобаға қостық. Ал биыл Тереңкөл ауданындағы жәудіркөздер де назардан тыс қалған жоқ. Біздің жоба мектептердегі дәрістерден өзгеше. Балалармен көбінде тұрмыстық жағдайда жұмыс жасаймыз. Мәселен, палау пісіретін болсақ, алдымен тамақ дайындауға арналған азық-түліктерді қазақ тілінде балаларға түсіндіреміз. Дайындалу барысын айтып береміз. Жаңа сөздерді үйретеміз. Нәтижесінде балалар тамақ дайындап үйренеді, қазақ тіліндегі жаңаша сөздерді санасына сіңіреді. Әрі көңілі көтеріледі. Қазақта: «Обал болады, жаман болады, ұят болады», деген сөз бар. Қазақы тәрбиені қазақ тілінде санасына құйған бала тіліне де, Отанына да опасыздық жасамайды.

Біздің төртінші жобамыз зағиптарға арналған. Оған «Күн сәулесі» деген атау бердік. Зағиптардың көбінің көзі көрмегенімен, көкірегі ояу. Олар да қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйренуге бейім. Оларға арнап оқулық шығардым. Аталған оқулық арқылы кембағал жандар қазақ тілінде көптеген мәліметтер ала алады. Сондай-ақ, осы кітаптағы ақпараттардың аудионұсқасын жасап шығардық. Міне, бұл жоба да үш жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қамкөңіл жандарға шай үстінде дәріс беремін. Көңілдерін серпілтіп, өмірге деген құштарлықтарын оятуға тырысамын. Бұл жоба он екі мүшесі сау, бірақ мемлекеттік тілді үйренуге ниетсіз азаматтарға үлгі болады деп ойлаймын.

Атап өтетін тағы бір жайт, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ана тіліміздің дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Мәселен, менің аталған авторлық жобаларымның барлығы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бұл жобалар тек біздің өңірде ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында қызығушылыққа ие болып отыр. Ресейліктер де біз жазған оқу құралдарын пайдалануда. Республикалық Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілі ретінде Латын қарпін насихаттауға арналған оқулық жаздым. Сондай-ақ, біз «Ана тілі» мобильдік қосымшасын жасадық. Кез келген адам смартфонына аталған қосымшаны жүктеп ала алады. Қосымша латын және кирилл әліпбиі бойынша дайындалған. Бағдарлама арқылы кез келген адам мемлекеттік тілде дәріс алып, латын қарпін үйренеді. Тіпті қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлының әдеби шығармаларының аудармалары да осы қосымшада бар.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қарқынды түрде жұмыс жасап жатқандығын айта кеткен жөн.

Ана тіліміздің болашағы жарқын болсын десек, әр түрлі тиімді тетіктерді табуға тиістіміз. Мәселен, биылғы жылы жазда біз тіл үйренушілермен трамвайда жолықтық. Дәріс өткіздік. Қаланың ішін аралай отыра, мемлекеттік тілді үйренем деушілерге ана тілімізді барынша насихаттадық. Аялдамалардан трамвайға отырған қала тұрғындары мен қонақтарының назары бізге ауды. Таң қалысты. Бізге осындай тың бастамалар қажет-ақ. Алдағы уақытта шекара шебінде орналасқан аудандарда жаңа жобалар жасасақ деймін. Мәселен, Успен ауданына барғым келеді. Жоба көпшілікті жалықтыратын емес, елді елең еткізетін тың дүние болуы шарт. Біздің орталық үнемі осыны басты назарда ұстаймыз.

Бүгінгі қоғамда мемлекеттік тіл туралы әр түрлі пікір бар. Мен сырттай баға беріп, ақыл айтудан аулақпын. Әр азамат, мемлекеттік тілді насихаттауды өзінен бастауы керек. Аллаға шүкір, бүгінде қазақ тілі тәй-тәй басқан баладай қадамын енді-енді нықтап келеді. Қаз басқан баланы жамандасаңыз, оған жекірсеңіз жасқаншақ болып басылып қалады ғой. Тіл де солай. Өз-өзімізді көтермелеуге тиістіміз. Тіл – нәзік қарым-қатынас құралы. Қазақ тілі - сүйіспеншіліктің, махаббаттың тілі.

 

Жазып алған – Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz