Соңғы бірнеше жылдан бері облыс орталығындағы кейбір тұрғын үйлерде жылу мәселесі жиі көтерілетін еді. Қыстың қырауында көптеген үйге жылу тиісті мөлшерде жетпей, тұрғындар әбден әбігерге түсетін. Солардың бірі Қамзин көшесіндегі 80-үй еді. Жеті жыл бойы жылуды «жырлаған» аталмыш үйдің тұрғындары биылдан бастап бүрсеңдемейтін болады. Өйткені, аталмыш үйге жауапты пәтер иелері кооперативтері ауысып, мәселе шешімін тапты.

- Бұл үйді ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап қарамағыма алдым. Оған дейін тұрғындар талай мәрте ұсыныс тастаған болатын. Бастапқыда бас тарттым. Себебі, үйдің жағдайы өте нашар еді. Жертөлесіне кіру мүмкін емес болатын. Ондағы қолаңса иіс қолқаны қабатын. Іші ит-мысықтардың өлекселеріне толып жататын. Бірақ тұрғындардың талап-тілегінің, ұйымшылдығының, көмегінің арқасында көп нәтижеге қол жеткіздік. Екі айдың ішінде тұрғындар жөндеуге қажетті қаражатты жинап берді. Жөндеу жұмыстарына 5,3 миллион қаржы жұмсалды. Бұл қаражатқа жылу жүйелерін жаңартып, сегіз жылу қондырғысын орнаттық. Метал құбырларды полипропиленге ауыстырдық. Жертөлені жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Болашақта кәріз жүйесінің мәселесін шешуге кірісеміз. 1 тамыз күні аталмыш үй жылу маусымына толық дайын екенін растайтын акт алды, - дейді аталмыш үйге жауапты «Валентина» пәтер иелері кооперативінің басшысы Валентина Внукова.

Мамандардың айтуынша, тексеріс барысында үнемі аталмыш үйде жылудың жеткіліксіздігі анықталған. Өйткені, мұндағы жылу желілері әбден ескіріп, тоз-тозы шыққан. Бұдан бөлек, тұрғындардың сарышұнақ аязда бүрсеңдеуіне бұған дейін үйге жауапты болған ПИК жұмысының жайбасарлығы мен салғырттығы себеп болған.

Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Нұрлан Рашитовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің 745-і жылыту маусымына сақадай-сай. Ал 262 баспана әлі де болса дайын емес.

Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, облыс орталығындағы барлық әлеуметтік нысан, яғни балабақша, емдеу мекемелері мен мектептер жаңа жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Бұған дейін қазандықтарда жүргізілген ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz