Павлодарлық тұрғын Әлима Наукенованы осы іспетті сауалдар мазалайды. Себебі, төрт баласы бар қызы мен күйеу баласы облыс орталығында пәтер жалдап тұрады. Қолма-қол ақшаға үй алатын жағдай жоқ. Сондықтан бар үміті – «Бақытты отбасы» бағдарламасында.

- Бұл бағдарламаның іске қосылуын ұзақ уақыт күттік. Білуімше, пайыздық мөлшерлемесі төмен әрі көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған. Балаларым жұмыста болғандықтан, бағдарламаның оңтайлы тұстары мен баспана алудың жолдарын білу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұйымдастырған шараға арнайы келдім. Әдетте банк қызметкерлері өз кеңселерінде кеңес беретін еді, бүгін жұртшылықты теплоходпен серуендеуге шақырып, Ертіс өзенінің үстінде қызмет көрсетуде. Серуенмен қатар, қажет сауалдарымызға жауап алатын мүмкіндік туды, - дейді ол.

Иә, банк қызметкерлерінің бұл жолы кеңес беріп, қызмет көрсетуі бұрынғыдан өзгерек. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов «Бақытты отбасы» бағдарламасының басым бағыттарын өзендегі серуен барысында айтып берді.

- Бұл бағдарламаға төрт және одан көп баласы бар, толық емес (қанша баласы бары маңызды емес) және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Негізгі талаптар – тұрғын үй кезегінде тұруы және айлық табыстың жан басына шаққанда 42500 теңгеден аспауы. Жоғарыда аталған талаптарға сай келсе, жергілікті әкімдіктен тиісті жолдама алып, құжаттарын банкке тапсырады. Кейін жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік бар. Ол үшін пәтер құнының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеуі тиіс. Атап өтерлігі, бағдарлама бойынша жаңа және екінші нарықтағы үйлерді алуға болады, - дейді Н.Ақшанов.

Бағдарлама жүзеге аса бастаған алғашқы бір айда ел көлемінде 1170 отбасыға 12 млрд. теңге несие беріліпті. Биыл «Бақытты отбасы» аясында баспаналы болу үшін 50 млрд. теңге қарастырылған. Демек, тұрғындар жыл соңына дейін құжат тапсыра алады. Ал биыл үлгермесе, «әттеген-ай» деудің қажеті жоқ. Себебі бағдарлама үш жылға жоспарланған. Яғни келесі жылы да тиімді шарттармен үй алуыңыз әбден мүмкін. Айта кетелік, бүгінгі күнге дейін 280 жерлесіміз бағдарламаға қатысуға өтініш білдіріп, 28 тұрғын қоныс тойын тойлады.

Тағы бір павлодарлық Бауыржан Сәлменовтің жағдайы «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптарына сай келмейді. Сондықтан ол «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болуға қызығушылық танытып отыр.

- «Нұрлы жер» бағдарламасына тек мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала мамандары қатыса алады дейді. Бұл қаншалықты рас? – деген сауалын ортаға салды Б.Сәлменов.

Нұрлан Ақшанов мұндай ақпарат шындыққа мүлде жанаспайтынын айтты.

- Өкінішке қарай, көпшілік «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне арналған деп ойлайды. Мүлде олай емес. Аталмыш бағдарлама аясында баспаналы болу үшін жұмыс орнының ешқандай маңыздылығы жоқ. Табысы жетіп тұрса, алғашқы жарна ретінде пәтер құнының 20 пайызын өтесе жеткілікті. Жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен үй алуға мүмкіндігі бар. Атап өтерлігі, бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін өтініш иесінің атында кем дегенде 5 жыл үй болмауы тиіс еді. Қазір бұл талап алынып тасталды. Өтініш берген күні баспанасы болмаса болғаны. Сонымен қатар, күні кеше Павлодар облысының әкімдігінен хат келді. Жергілікті билік облыс орталығындағы жаңа бес үйді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатылымға шығаруды ұсынып отыр. Бұл салымшыларымыз үшін тиімді болмақ, - дейді Н.Ақшанов.

Бүгінгі күні банктің 1,5 млн. салымшысы бар. Жақында депозиттік портфель 700 млрд. теңгеге, ал несиелік 860 млрд. теңгеге жетті. Өткен жылы барлығы 38 мың қарыз берілсе, осы жылдың 8 айында 30 мың тұрғын үй несиесі ресімделді. Олардың қатарында 1758 павлодарлық бар. Оған қоса, облыс тұрғындары жыл басынан бері 9173 депозит ашыпты.

- Күн сайын 10-ға жуық банк клиенті несие алып, қоныс тойын тойлайды. Тағы 60-қа жуық адам депозит ашып, баспанасына қаржы жинауды бастайды. Әйтсе де, әлі күнге дейін тұрғындардың барлығы дерлік «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», банк ұсынатын бағдарламалар туралы біле бермейді. Сол себепті табиғат аясында кеңес беру шарасын өткізуді жөн деп шештік, - дейді банктің облыстық филиалы директоры Талғат Баилов.

Жалпы, бұл күні облыстың 400-ден астам тұрғынына кемеде қызмет көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбіреулері сол жерде-ақ шот ашып, алғашқы салымдарын аударды. Банк қызметкерлері келушілерге концерт пен конкурстар ұйымдастырып, сыйлықтар таратты.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz