Рымтай ШӨКЕЕВ, ауыл шаруашылығы ардагері:

- Біз кезінде игеруге болатын ғана құнарлы жерлерді барынша кәдеге жаратуға тырысатынбыз. Жердің де жері болады, барлық топырағы құнарлы болмауы мүмкін. Сондықтан, игеру керек екен деп жаппай жыртып, алқапқа айналдыруға тағы жарамас. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңіндегідей дал-дұл етіп жыртып тастауға болмайды. Бұл ретте терең зерттеу керек. Меніңше, бізде жайылымдыққа жарайтын жер көбірек. Сол себепті егін шаруашылығына ғана бағыттамай, жер телімдерін жайылымдық мақсатқа пайдаланса деймін. Ауылдарда айналасына егін егіп, малын баға алмай отырған ағайындарды білеміз.

Бүгінде тұрғындар қорада көптеп мал ұстайды. Оны жаю қажет. Мұны да ескеру керек. Сонымен бірге, жерді жалға алып, игермеген азаматтардың қандай да бір кәсіпті дөңгелетуге қаржысы немесе басқа жағдайы болмаған шығар. Мұны да ескеріп, сәл уақыт беруді де көру керек.


Руслан ДӘУІТБАЕВ, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Облысымызда пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға қосу, оларды тиімді қолдануға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, тыңайған жерлерді айналымға қосуға күш салынуда.

Биыл - 90 мың гектар, содан кейінгі жылдары 65 мың, 25 мың гектар тыңайған жерлерді айналымға тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары атындағы алқапты ұзақ уақыт пайдалануға құлықсыз, селқос қарайтын жер пайдаланушылардан жер телімдерін мемлекет меншігіне кері қайтару бойынша жұмыстарды қолға алған. Бүгінгі таңда еш қолданыссыз жатқан 31 мың гектар жер телімі облысымызда мемлекетке қайтарылды. Оның 18,1 мың гектарынан азаматтар ерікті түрде бас тартуына тура келсе, 12,2 мың гектары жалға алу шарттарын біржақты бұзу есебенен қайтарылған. Тағы 0,7 мың гектар жер телімі сот арқылы мемлекет меншігіне алынды. Айта кету керек, аймағымызда 71,1 мың гектар тыңайған жер банктерде кепілде тұр. Тағы 3 мың гектар иесіз болып саналады. Былтырдың өзінде мемлекет меншігіне 61,8 мың гектар тыңайған жер қайтарылған еді. Оның 24,3 мың гектары егістік алқапқа айналдырылды.

Мемлекетке қайтарылған жер- лерді айналымға шығару үшін конкурс арқылы іскер азаматтарға берілуде. Бұл жұмыс жалғасын тауып, жерді тиімді пайдалануға алдағы уақытта да күш салынады.


Сайлау ОРАЗБАЕВ, «Уразбаев» шаруа қожалығының басшысы, Ертіс ауданы:

- Жерді тиімді пайдалану үшін алдымен оның иелерінде ниет болуы керек. Жер телімдерінің қандай мақсатта берілгенін ұмытпаулары керек. Негізі, пайдаланылмай жатқан жерлер жайында айтқанымызға біраз уақыт болды. Мемлекет деңгейінде көтерілгені жөн болды. Біздің ауданымызда да кезінде мемлекеттен тегін, келісімшарт негізінде 49 жылға жалға алынып, ешбір әрекет жасалмаған жер телімдері аз емес. Кейбірі жерді ұзақ жылға банкке кепілдікке қойып тастаған. Оны мемлекет кері қайтара алмай отыр. Өйткені, банк бермейді. Тіпті, көбі кезінде ең құнарлы жерлерді иеленіп кеткені қынжылтады. Атында жер телімі болғанымен, өзі әлдеқашан қалаға көшіп кеткендер де жетерлік. Кейбір жер иелері зейнет жасында болса да, ешқандай тірлік жасамаса да, жер телімін кері қайтаруға құлықсыз. Балам, немерем өседі дегенді алға тартады. Қалаға оқуға кеткен бала келе ме, жоқ па, ол белгісіз. Сонда қаншама жеріміз кәдеге жаратылмай жатады. Мұндай жағдай шаруашылығын кеңейткісі келетіндерге айтарлықтай кедергі. Сонымен қатар, егін егілмеген жер тез тозып кетеді. Арамшөп қаптайды. Арамшөп іргесіндегі егін алқабына да жайылып, шаруаның ісіне берекесіздік әкеледі. Сондықтан, бұл істі біржақты етуге күш салынса, біз, шаруалар, тек қуанар едік.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz