Психологтан қорқатындар бар

Ажырасуға шешім қабылдаған қос тараптың өтініші алдымен сотқа түсетінін білеміз. Шаңырақты шайқалтпау мақсатында сот саласының мамандары күш біріктіріп, некені сақтап қалу жолында ауқымды іс бастаған. Осы орайда, ажырасу бойынша арыздарды азайту үшін қолға алынып отырған жаңашылдықпен арнайы танысып қайтқан болатынбыз.

Биыл неке бұзу бойынша істерді қарайтын қалалық сотта отбасы кабинеті ашылған. Екі жаққа кету жөнінде шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар алдымен аталмыш кабинетте психологтың кеңесін алуы керек. Павлодар қалалық сотының судьясы Гүлмира Қайырбекованың айтуынша, отбасы құндылығын сақтау мақсатында арнайы пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл ретте медиатор кабинеті, ақсақалдар кеңесі ашылған. Білікті мамандар екі тараппен сөйлесіп, мәселені бірге талқылайды. Бұдан бөлек, «Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-мен «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық ұйымымен бірге «Бастау» отбасылық тәрбиелеу орталығы ашылған. Бұл орталыққа 29 жасқа толмаған жұптар барады. Ломов көшесі, 38-үй мекенжайында жұмыс істейтін кабинетте психолог, медиатор, әйелдер мен балаларды қолдау дағдарыс орталығының мамандары қызмет көрсетеді.

- Ажырасу жөнінде арыз түсіретіндердің 80 пайызы – әйелдер. Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде қаралған істердің басым көпшілігі 10 жылдан астам отасқан отбасыларға қатысты болды. Бұдан бөлек, жас отбасылар да көп. Тіпті, 1997, 2000 жылғы қыз-жігіттер тарапынан арыз көп түседі. Көп жағдайда мінездері сәйкес келмегенін айтып, ажырасуға шешім қабылдап жатады. Шаңырақтың шайқалуына қаражаттың жетіспеушілігі, тұрмыстық мәселе себеп болуда, - дейді судья.

Гүлмира Бергенқызы ажырасуға шешім қабылдаған екі тарапқа ойлануға 2 ай уақыт берілетінін айтады. Егер осы мерзім ішінде екеуі ортақ шешімге келмесе, сот заң аясында оларды ажырастыруға міндетті. Бірақ ерлі-зайыптылар отбасын ойран қылардың алдында ортадағы баланы да ойлаулары тиіс.

- Жақында 4 балалы отбасының мәселесін тыңдадық. Жұбайының айтуынша, күйеуі екеуінің ортақ тіл табысуы күннен-күнге қиындап барады. Ерлі-зайыптыларды отба-сылық кабинетке жіберіп, психологтың кеңесін алуға көндірдік. Шыны керек, қазіргі отбасылар психолог мамандардан қорқады десем қателеспеймін. Олардың санасына психологқа жүйке жүйесіне зақым келгендер барады деген пікір қалыптасқан. Сондықтан жұптарды отбасылық кабинетке енгізу үшін де біраз уақыт тер төгуге тура келеді, - дейді Г.Қайырбекова.

Құмар ойын құртып тұр

Қалалық соттың ішінде жаңа ашылған отбасы кабинетінің қызметімен таныстық. Мұндағы атмосфера мүлдем бөлек. Шағын бөлмеде балалардың ойын бұрышы орын алып, қабырғаларға отбасылық суреттер ілінген.

Ерлі-зайыптылардың мәселесін күнде тыңдайтын психолог Зәру Күлшәрипова құмар ойынның салдарынан ажырасатын отбасылардың саны көбейіп бара жатқанын айтады.

- Қызмет барысында қазақтың қарапайым отбасымен әңгімелескен болатынмын. Отағасының тұрақты жұмысы бар, ішімдік ішпейді. Бірақ құмар ойынға салынған. Екі тараппен бірнеше кездесу өткізіп, істі медиация тәртібімен шештік. Яғни, күйеуі жалақысын әйелінің алуына қағаз жүзінде келісімін берді. Сөйтіп, балаларының болашағы үшін райынан қайтқан еді. Бұған дейін ажырасатындар қаражат, баспана, жұмыс мәселесін көп айтатын. Қазіргі уақытта көшені жаулаған құмар ойындар айрандай ұйыған шаңырақтардың шайқалуына әкелуде. Көп жағдайда мұндай отбасыларға психотерапевтің көмегіне жүгінуге тура келеді, - дейді психолог.

Зәру Қасымқызы елімізде сот-психоло-гиялық сараптама туралы заңның жоқтығын айтады. Осы орайда, мамандар облыс бойынша арнайы концепция әзірлеген. Бұл мәселені өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына айтып, қолдау көрсетулерін сұраған.

- Егер біз ұсынған құжат заң жүзінде іске асатын болса, қызметіміз жеңілдей түсетін еді. Мәселен, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды сот-психиатриялық сараптамаға жібер-генде, олар бас тартып жатады. Себебі олар психиатрия сөзінен қорқады. Ал заң психологтың көмегін алуды міндеттейтін болады. Кейбір істерде судьялар мамандардың көмегін алу үшін психологиялық өтініш жолдап жатады. Бірақ ол әрекетінің заңдық күші жоқ. Сот шешімін қабылдау кезінде психологтардың көмегі зор деп білемін. Себебі кейбір жағдайда баланың да пікірін білудің маңызы зор. Одан ата-аналары ажырасқан соң, әкесі немесе шешесінде қалуы сұралады. Қазіргі уақытта жеке сарапшылардың дәурені жүріп тұр. Екі тараптың қайсысының қалтасы қалың болса, баланы өзінде қалдыра алады. Салдарынан заң анасының жағында болса да, жасөспірім әкесінің жағында қалып жатады. Сондықтан жоғарыдағы құжаттың маңызы зор деп білемін, - дейді З.Күлшәрипова.

Ағымдағы жылдың басынан бері Отбасы кабинетінде 5 жанұяға көмек көрсетілген. Әр жұпқа кем дегенде 10 күн кеңес берілген. Балалармен де әңгіме жүргізілген.

Билердің бітімгерлік салты

Тарих беттеріне үңілетін болсақ, қазақ билері ортадағы дауды бейбіт шешім, өткір тіл құдіретімен шешкен. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сол замандағы жер дауы, жесір дауы, құн, барымта дауларын бітімгерлік жолмен тоқтатқан. Павлодар қалалық сотында сәуір айында құрылған Билер кеңесі сол дәстүрді жалғастыруда. Оның құрамына 22 ақсақал енген. Билер қалалық сотта күн сайын кестеге сәйкес, түске дейін үш адам, түстен кейін үш адамды қабылдайды. Атап өтерлігі, өмір көрген ақсақалдар бұл қызметті тегін көрсетеді.

Төрт айдың ішінде билердің қарауына 405 азаматтық іс түскен. Оның 311-і татуластыру шарасымен аяқталған. Бұл барлық істің 76,7 пайызын құрайды. Яғни, неке бұзу бойынша 137 іс, алимент өндіру бойынша 36 іс, мүлікті бөлу бойынша 9 іс, қарызды өндіру бойынша 93 іс бейбіт жолмен шешілген.

Билер кеңесінің мүшесі Әбжат Шахматалиновтың айтуынша, Павлодар қаласында 60 мың зейнеткер тұрады. Облыстағы зейнеткерлердің саны басқа аймақтардан басым. Соның ішінде Билер кеңесіне 22 ақсақал таңдалып алынды. Оның ішінде 5 қажы, 10 аудан мен қаланың, облыстың Құрметті азаматтары, бұрынғы әкімдер, мектеп директорлары, басқарма басшылары, бас дәрігер, мәслихат хатшысы болған адамдар жұмыс істейді. 22 ақсақалдың ішінде заңгерлік білімі бар Амангелді Хамзин Билер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Аталмыш құрам мүшелерінің арнайы төлқұжаты, төсбелгісі де бар.

- Билер кеңесі әр аптаның дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі күндері таңертеңнен түске дейін, түстен кешке дейін жұмыс істейді. Ал бейсенбі күні қабылдау түскі уақытқа дейін жүргізіледі. Төрт айдың ішінде 400-ден астам іс қаралды. Оның жартысын ажырасу бойынша түскен істер құрайды. Павлодар облысы неке бұзу бойынша көш бастап тұр. Алдымызға қарапайым қазақ отбасылары келгенде жанымыз ашиды. Билер кеңесінде көпті көрген, ел басқарған азаматтар бар. Олар жастарды тәрбиелеу жолында еңбек етеді. Көпшілігі ата-аналарынан мұндай ақыл естімейтіндерін айтып, алғыстарын жаудырып жатады. Кейбірі баспана, жұмыстың жоқтығы салдарынан шешімдерінен бас тартпайды. Алимент төлемейтіндер, ішімдікке салынып кеткендер де бар. Құмар ойынға берілгендер де көп, - дейді Ә.Шахматалинов.

Билер кеңесінің мүшесі Рашит Бектеміров екі тарапты бірдей тыңдай-тындарын айтады. Өмірде көрген, тоқығандарын, бастан өткерген қиыншы-лықтарын айтып, жас отбасыларды райынан қайтаруға тырысады. Тіпті, көптеген жанұя ақсақалдардың ақылын тыңдап, сол бөлмеде татуласып жатады екен.

Судья-татуластырушы Динара Жетпісова Билер кеңесінің құрамындағы ақсақалдардың өз ісіне жауапты екендерін ерекше атап өтті. Көп жағдайда қабылдау мерзімі аяқталса да, жұмыстан тыс екі тараптың мәселелерін тыңдап, шешімдерін өзгертуге барын салатындарын жеткізді.

- Билер кеңесіне келген әйел күйеуінен алимент өндіруде көмек көрсетуді сұрады. 2016 жылы отбасы құрған ерлі-зайыптылардың екі баласы бары анықталған. Аналары ажырасқаннан кейін Германияға аттануға шешім қабылдаған екен. Ақсақалдардың ақыл-кеңестерінің арқасында екі тарап ортақ келісімге келіп, жанұяны сақтап қалды. Жалпы ақсақалдардың құрамында күміс той, алтын той көрген үлкендер бар. Сондықтан отбасы мәселесінде олардың айтары көп деп білеміз. Бастысы, 4 ай бұрын бастаған ісіміз өз нәтижесін беріп келе жатқанына қуанамын, - дейді Д.Жетпісова.


Түйін:

Қолға алынған жаңашылдық отбасын сақтап қалуды көздейді. Жоғарыдағы статистикадан ажырасуға шешім қабылдаған 137 отбасы Билер кеңесінің көмегіне жүгініп, жанұяны сақтап қалғанын көреміз. Психологтың көмегін алған 3 отбасы өтінішін қайтып алған. Егер мұндай бастама жүзеге асырылмаса, 140 отбасының шаңырағы ойран болып, қаншама бала жетім атанар еді... Бірлескен іске береке тілейміз!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz