Мал өсірудің құпиясын бес саусағындай жатқа білген қазақ қорасын түлікке толтыра бастады. Бірақ ауыл маңы мыңғырған мал деуге келмейді. Сол себепті Үкімет мал шаруашылығын дамыту бағытында бірнеше бағдарламаны қолға алып, жүзеге асыруда. Оған сәйкес, асыл тұқымды мал сатып алуға ниетті шаруаларға бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер қарастырылған. Пайыздық мөлшер-лемесі төмен несие беріліп, малдың құны субсидияланады. Тек негізгі талап – ірі қара шетелден сатып алынуы тиіс.

Міне, осы талап талай шаруаға тосқауыл болып отыр. Солардың бірі - Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылындағы «Көкше» шаруа қожалығы. Бүгінде аталмыш шаруашылықтың иелігінде 70-ке жуық ірі қара, 80 бас қой, бірнеше трактор бар. Өз күшімен шағын ферма тұрғызған. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 50-60 бас асыл тұқымды сиыр сатып алуды жоспарлаған. «Бірақ ниетім орындалмай, тауым шағылып қайттым», - дейді «Көкше» ШҚ басшысы Мақсұт Мүсәйіп.

- Облысымыздағы ауыл шаруашылығын дамытуға несие беретін қаржы ұйымдарына бардым. Субсидия алып, мал басын көбейтпек ниетім бар еді. Жылы сөйлеп, арқамнан қағып, шығарып салды. Түсінгенім, біз сияқты шағын шаруашылықтарға шетелден мал тасымалдау қиын. Үлкен шаруашылықтар болмаса мемлекеттік бағдарламалардың талабы біз үшін ауыр тиеді. Расымен, субсидияның көп бөлігін алпауыт шаруа қожалықтары үлестіріп алатын сыңайлы. Ол – бір. Екіншіден, неліктен біз малды шетелден сатып алуымыз тиіс, соны түсінбеймін. Қазақстанда да асыл тұқымды малдар бар. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Ақмола, Петропавл, Қостанай облыстарында асыл тұқымды мал басын көбейтіп отырған ірі шаруашылықтар жетерлік. Қазақстаннан тасымалдау әлдеқайда ыңғайлы. Оны өз күшімізбен де алып келуге болады. Неге солардан мал сатып алмасқа? Қаншама қаражат шетелге кетіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияға қол жеткізген бірқатар шаруашылықтар әлі күнге дейін шетелден мал алдыра алмай отырғанын білемін. Онымен қоса, шетелде ветеринарлық мәселе тағы бар. Тым болмады, шағын шаруа қожалықтарына мемлекеттік бағдарламалар аясында Қазақстаннан мал сатып алуға рұқсат етілуі тиіс сияқты, - дейді М.Мүсәйіп.

Бұл жайт жалғыз «Көкше» ШҚ басшылығын мазалап отырған жоқ. Өңірлерде осы мәселені көтеретін шаруалар жиі кездеседі. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың бұл талабын білу мақсатымен Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Әпсалықовпен тілдескен едік.

- Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның талабы бойынша ірі қара шетелден сатып алынуы тиіс. Оның өзіндік себебі бар. Басты мақсат – еліміздегі асыл тұқымды аналық мал басының санын арттыру. Олардың тұқымдық-өнімділік сапасын көтеру маңызды. Сонда ғана біз мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін жақсарта аламыз. Әйтпеген жағдайда, ел ішіндегі малды бір-бірімен сапырғанмен күткен-дегідей нәтиже болмайды, - дейді М.Әпсалықов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қазақстандық асыл тұқымды ірі қараның құны шетелдікіне қарағанда арзан екенін растап отыр. Нақты айтсақ, шаруалар шекара асырып әкелген асыл тұқымды сиырлардың әрқайсысын 750-875 мың теңгеге сатып алады. Ал Қазақстанда олардың құны 330-500 мың теңге аралығында екен. Бірақ жауапты мекеме өкілдері бар мәселе оның құнында емес, елдегі асыл тұқымды мал басын арттыруда деп отыр.

Сондай-ақ, Марат Шаймұрат-ұлының айтуынша, жыл басынан бері Павлодар облысына шетелден 3 мыңнан астам ірі қара мал әкелінген. Карантиндік іс-шаралар нәтижелері бойынша аса қауіпті аурулар анықталмаған. Жалпы, аймағымыз ветеринарлық қауіпсіздікке ерекше мән беріп отырған көрінеді.

Асыл тұқымды мал шаруа-шылығын дамытудың көкейкесті мәселелері туралы еліміздің ғалымдары да түрлі пікір білдіруде. Мысалы, кезінде Ауыл шаруа-шылығы министрі қызметін атқарған, бүгінде С.Сейфуллин атындағы агротехникалық универ-ситетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев шетелден жүйесіз мал әкелуді тоқтату қажет деп есептейді.

- Мен бұл мәселені бұған дейін талай көтеріп жүрмін. Бізге жоғары өнім беретін, малдың тұқымын асылдандырудың жүйелі селекциялық процесін құрып, оны жетілдіруіміз қажет, - дейді А.Күрішбаев.

Қалай дегенмен, мал шаруа-шылығын дамытудың маңыздылығы сөзсіз. Бүгінде қазақ ата кәсібінен жаңылып қалғаны да жасырын емес. Тіпті, қазақтың ақбас сиырларының өзін шетелден сатып алатындай деңгейге жеттік. Бұл ретте, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тигізер пайдасы зор. Тек сол бағдарламалардың талабы барлығына ортақ болса әрі шаруаларға дұрыс түсіндірілсе деген тілек бар.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz