- Амантай Акрамұлы, Президент Жолдауында полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналатынын атап өтті. Бұл туралы не айтасыз?

- Басты құжат ішкі істер саласының қызметкерлеріне жаңа серпін берді десем, қателеспеймін. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін толық реформалау ісіне көңіл бөлді. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін орган болуы керектігін айтты. Шынында да, полиция сервистік қызметке айналуы тиіс. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқығын қорғауы қажет.

Полиция қызметінің тиімділігі тәртіп сақшыларының беделіне байланысты болмақ. Осы орайда, облыстық полиция департаментіндегі жаңашылдықпен бөліскім келеді. Халыққа қызмет көрсету мақсатында облыс орталығынан бөлек, қалалық басқармалар мен аудандық полиция бөлімшелерінде көші-қон қызмет орталығы мен фронт-офистер өз жұмысын бастады. Аталмыш жаңашылдық тұрғындардан түскен өтініштер мен арыздарды қарау уақытын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мәселенің тез шешілуі мен қызметтің қолжетімділігіне жол ашты. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барғанда арнайы мамандардың қарсы алып, қызмет көрсететінін білеміз. Мұндай қызмет түрі қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінің төменгі қабатында жүзеге асырылуда. Кезекші бөлімде ресми киім киген мамандар тұрғындарды қарсы алып, мәселелерін тыңдайды. Барлық фронт-офистер жеке мекеме сияқты құрылған.

Заманауи үлгіде қызмет көрсететін кеңсе барлық талаптарға сай жұмыс істеуде. Бұл ретте мамандар әр аптаның дүйсенбі мен жұма аралығы таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 18.30-ға дейін қызмет көрсетеді. Осылайша, полицейлер сенімді көмекшіге айналуы тиіс. Сонымен қатар, ішкі істер саласының басшылары халықпен жүздесіп, есеп береді. Учаскелік инспекторлар әр тоқсан сайын өзі жауапты аумақтың жұртшылығымен кездесу ұйымдастырады. Тұрғындар сауалдарын жолдап, ұсыныстарын айтады. Осылайша, полицейлер мен халықтың арасында кері байланыс орнаған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

- 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет екендігі айтылды. Бұл өзгеріс құқық қорғау саласына не береді?

- Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы уақытта Әкімшілік полиция комитетінің жұмысы қайта ұйымдастырылады. Президент мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізуді тапсырды. Үкіметте осы мәселеге қатысты арнайы жобалар әзірленіп, оның нақты бағыты айқындалатыны белгілі. Сондықтан бұл реформаның нәтижесін алдағы уақытта көретін боламыз. Бастысы, аталған жүйе ішкі істер органдарының қызметін одан әрі жетілдіріп, басқару жүйесін оңтайландыруға септігін тигізбек.

- Алдағы үш жылдың ішінде Ішкі істер министрлігін реформалауға 173 млрд. теңге қаржы бөлінетін болады. Бұл қомақты сома қандай бағытта жұмсалуы керек деп ойлайсыз?

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда аталған қомақты қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалатынын атап өткен-ді. Жоғарыда айтқандай, аймағымызда фронт-офистер өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті құқық қорғаушылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Оның ішінде, аймағымыздағы тәртіп сақшыларының баспанамен қамтылуы - әлеуметтік тұрғыдан зор қолдау. Осы орайда, өңір полициялары үшін 110 бөлмелі жатақхана салынды. Бұған дейін пәтер жалдау үшін қомақты қаражат жұмсаған тәртіп сақшылары қазір тек коммуналдық төлемдерді ғана төлейді. Сонымен қатар, жатақхана бөлмесінде тұрмысқа қажетті барлық құрал-жабдықтар қарастырылып, балалар үшін ойын бөлмесі де орын алған. Бұдан бөлек, қала орталығында полицейлер үшін көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Алдағы уақытта сақшылардың жалақысын арттыру қызметкерлерге айтарлықтай демеу болатыны анық. Елміздің түкпір-түкпіріндегі полиция бөлімшелерінде заманауи фронт-офистер ашылса, халықпен байланыс одан әрі нығая түспек. Сондықтан жоғарыдағы 173 млрд. теңгенің осы бағытта жұмсалуын толық қолдаймын.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz