Мәселен, Үкіметтегілер жұмыс істейтін азаматтар өздерінің жылдар бойы жинаған зейнетақы салымдарының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін мерзімінен тыс шешіп алғанда алдымен олардың әлеуметтік жағдайы бағаланатынын айтып отыр. Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова жинақтың баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсалуы қоғам үшін аса тиімді болады деген пікір білдірді.

- Президент бұл бойынша терең талдау жүргізуді тиісті органдар мен мамандарға тапсырды. Меніңше, олардың алдағы зерттеуі дұрыс шығып, халықтың жүрегіне жылы тиеді. Бұл шара бюджетке еш әсер етпейді. Тек бастама бізді, яғни болашақ зейнеткерлерді ойландыруы тиіс. Мемлекет басшысының сөзі жинақтардың белгілі бір бөлігін пайдалануға қатысты ғана айтылды. Ал оның тұтастай механизмін жасау аз уақыт алмайды, - дейді мекеме басшысы.

Жұртшылық арасында соңғы уақытта «зейнетақы қорында жиналған миллиардтаған қаражат дұрыс жұмсалмайды» немесе «мақсатсыз шығындалуда» деген қауесет әңгімелер жиі айтылатыны рас. Одан да бұл қаражатты өз қажеттілігімізге, мысал үшін әркім баспана жағдайын жақсартуға пайдаланса деген пікірді көбі ұстанады. Дей тұрғанмен, бұл жинақтарды қазір алып қойғанмен, қарттық шақта оның зардаптары орын алуы ғажап емес. Бұл ойымызды сарапшылардың көбі қуаттай түсетіні анық. Ал Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың айтуынша, жылдар бойы жырымдап жинаған қаражатты білімге немесе баспана алуға жұмсау көп жұмысты қажет етеді. Президент бұл бастаманы әлеуметтік маңызы зор болғандықтан көтеріп отыр. Себебі, соңғы уақытта жинақтарға қатысты қоғамдық талқылаулар жиілей түсуде.

- Менің ойымша, соманың бір бөлігін шешіп алу әлгі адамда қомақты қаражат жиналғанда ғана мүмкін болмақ. Бірақ таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл жерде күрделі мәселе бар. Қорда ақшасы жеткілікті жиналғандарда негізінен тұрғын үйге қатысты мұқтаждық жоқ деп есептеймін. Ал меншікті шаңыраққа зәру болып отырғандардың шотында азын-аулақ қаражат қана болып шығуы мүмкін. Онсыз да аз жинақты сыпырып алу азаматтың келешегі үшін мәселе туындатуы мүмкін. Ең соңы, жастардың да жинағаны аз, оларға пайдалануға рұқсат бергеннің өзінде пәтер сатып ала алмайды. Одан да 20-30 жылдан кейін зейнетке шыққанда қамсыз қарттықты ойлаған абзал, - дейді В.Додонов.

Кейбір экономистер бұл мәселеге басқа қырынан келуді жөн санайды. Зейнетақы жинақтарын шешіп алғандар кейін жасы жеткенде мемлекеттен тәуір зейнетақы талап ететіні анық. Сондықтан жинақ жүйесіне белгілі бір деңгейде бақылау ережесін енгізген дұрыс. Мәселен, экономист Арман Бейсенбаев әр адамның жеке зейнетақы жоспары болуы керек деген ұсыныс тастап отыр. Зейнетақының елеулі бөлігін алғанда ол кіріс активтеріне пайда әкелетіндей жасалуы тиіс. Отандастарымыз әлгі ақшаны өз бетімен жұмсай алмайды. Ал оның алынып, салынуын мемлекеттік органдар бақылауы керек. Мұндай модель Батыс елдерінде бар екен. Оларда қаржы кеңесшілері әр клиенттің тәуекелі мен сұранысын зерделеп, нәтижесін шығарады. Алайда, Қазақстанда қаржыны салатын пайдалы құралдар аз. Сақтандыру, брокерлік активтер шетелдікі. Сәйкесінше оған салынған ақша батыстың нарығына жұтылады. Сондықтан маман оған балама жол – теңгемен облигациялар шығаруды ұсынады. Оның кірісі 10-15 пайыз мөлшерінде белгіленуі керек. Азаматтар оларды белсенді  сатып алса, жүйені дамытуға мемлекет өзі қызығушылықпен кірісер еді.


Халқымыз «Алмақтың да салмағы бар» деп тегін айтпаса керек. Қорға тірнектеп жинаған қаражатыңның белгілі бір бөлігін мұқтаждық үшін қазір сарп еткенмен, оның ойсырап қалған орны кейін байқалатыны заңдылық. Сондықтан Үкімет мүшелері мен саланың жілігін шаққан мамандар бұл мәселеде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», бір амал-әдісін табады деген сенімдеміз. Зейнетақы жинағының қызығын көру көп отандастарымызға арман екені шындық. Ендеше жұртшылықтың қызығушылығын тудырған бастамадан зор жеміс күтеміз.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz