Кері байланыс маңызды

Кеше Достық үйінде облыс активінің жиыны өтті. Шараға қатысқан әкімдік, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, өндіріс орындары, шағын және орта бизнес өкілдері, ардагерлер қауымы Жолдаудың басым бағыттарын талқылады.

Облыс әкімі Болат Бақауов алдымен билік пен бұқара арасында берік байланыс орнату мәселесіне тоқталып, бұл ретте «Nur Otan» партиясының диалог алаңына айналғанына мән берді.

- Мен партияның облыстық филиалының төрағасы ретінде әр сейсенбі күні азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймын. Әлеуметтік желілер арқылы күніне 20-дан астам өтініш-тілек түседі. Мәселелердің бірде-бірі қараусыз қалмайды. Тұрғындармен кері байланысты арттыруды барлық деңгейдегі басшылар назарға алуы тиіс. Бұл ретте партияның жергілікті жердегі филиалдарының жетекшілері «Тәуекелдер картасын» әзірлеп, облыс азаматтарын алаңдататын негізгі өзекті мәселелерді қамтуы қажет, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, аудан-қала әкімдеріне күрмеулі жағдайлардың алдын алуды, митинг өткізуге қолайлы жерлерді анықтауды тапсырды. Бұл шаралар азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында іске аспақ. Аталмыш бағытта аймақта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, 1 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу күшейтілді. Нәтижесінде қылмыс саны азайды. Бірақ аймақ басшысы бұған тоқмейілсуге болмайтынын айтып, облыстық полиция департаментіне жұмысты одан әрі күшейтуді міндеттеді.

Осы орайда сот жүйесін жетілдіру мәселесі де қозғалды. Павлодарлықтардың қатарында сот шешімімен келіспейтіндер көп көрінеді.

- Президент Әкімшілігіне облыс тұрғындары тарапынан түскен өтініштердің 65 пайызы сот шешімдерінің заңдылығы мен олардың жұмысына қатысты. Бұл – өте үлкен үлес. Сондықтан сот органдарының қызметіне байла-нысты түскен өтініштер мен шағым-дардың талдамасын жүргізуді тапсырамын, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы Жолдауда көтерілген браконьерлік мәселесін де айналып өтпеді. Өкінішке қарай, біздің облыста бұл мәселе өткір тұр.

- Көп жыл бойы облыс аума-ғындағы тұзды көлдерден салин артемиясы қорының 75 пайызы заңсыз ауланып келеді. Шаян алудан түскен табыстың мемлекеттік қазынаға түспеуін былай қойғанда, көлдердің маңы қылмыстық белсенділігі жоғары аймаққа айналды. Әр түрлі қылмыстық топтар экологияға зиянын тигізіп, көлеңкелі бизнес жүргізіп отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына, әлеуметтік шиеленістердің туындауына да әсер ететіні сөзсіз. Осының барлығы ескеріліп, Мемлекет басшысы Үкіметке екі ай аралығында браконьерлерге қатысты заңнаманы қатайтуды жүктеді, - деді Б.Бақауов.

Мол мүмкіндік

Биылғы Жолдауда шағын және орта бизнеспен айналысатын қазақстандықтарға мол мүмкіндік берілетіні айтылды. Олар үш жыл бойы салықтан босатылып, жұмысы тексерілмейтін болады. Оған қоса, кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен 250 млрд. теңге бөлінбек. Бірақ мұның барлығы бизнес өкілдерін қитұрқы әрекеттерге итермеуі тиіс. Сол себепті жергілікті мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлердің «көлеңкеден» шығуын басты назарға алуы тиіс. Ал аудан-қала әкімдері өз ісін ашуға ынталы көп балалы, аз қамтылған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуі керек. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2030 жылға қарай суармалы алқап көлемін 3 млн. гектарға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Бұл бағыттағы жұмыс біздің облыста жүйелі жүргізілуде. Биыл 30 мың гектар жер суармалы алқапқа айналды. Келесі жылы дәл осындай көлем жер суарылатын болады. Ал алдағы үш жылда суармалы алқапты 145 мың гектарға дейін көбейту көзделіп отыр. Бұл ретте жерді жалға алып, бірақ оны игермей отырған шаруалардың барын айтпасқа болмас. Облыс басшылығы игерусіз қалған жерлерді алып қою бойынша нақты алгоритм жасап, оны өндірісте пайдаланудың тетіктерін әзірлемек. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 4,5 есеге арттыру мүмкіндігі туып, бюджеттік түсімдер көбейеді.

Қазынаның қаржысын эко және этно-туризм арқылы да молайтуға болады. Биыл Баянауыл баура-йында 200 мыңнан астам турист демалды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сонымен қатар, Маралды, Торайғыр, Сабындыкөлге келушілер қатары артып келеді. Енді сакралды орындарға баруға ниеттілерді көптеп тарту міндеті тұр. Ол үшін жолдар салынып, жөнделуде.

Назардан тыс қалмайды

Мемлекет басшысының Жолда-уындағы төртінші тапсырма – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Биыл көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдауға баса көңіл бөлінгені белгілі. Олардың тұрмысын жақсарту үшін облыстық бюджеттен 3,5 млрд. теңге қарастырылды. Кезең-кезеңімен баспаналармен қамты-луда. Бұл ретте аудан-қала басшыларына бос, сатылымға қойылған үйлерді түгендеп, оларды қиын жағдайға тап болған отбасыларға үлестіру жүктелді.

Өкінішке қарай, кей тұрғындар мемлекеттік қолдауға иек артып, жатыпішерлікке салынуда. Нақты табысын жасырып, құжат жүзінде айырылысып, сан түрлі әрекеттерге барып жатқандары бар. Облыс бойынша табысын жасырған 126 отбасы анықталды. Олар осы уақытқа дейін мемлекеттік қазынадан 27,3 млн. теңге алып келген. Енді қаржыны қайтару амалдары жүргізілуде. Оған қоса, 51 отбасы кірісі нақтыланғанға дейін төлемақы алмайтын болды.

Сондай-ақ, спорт, білім, ден-саулық пен мәдениет салаларына басымдық берілді. Мәселен, аудан-қала әкімдері спорттық инфрақұрылымды дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлеп, соған сәйкес жұмыс жасауы тиіс.

- Халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қанатты сөз бар. Мемлекет басшысы біздің болашақтағы бағытымызды айқындап берді. Экономиканы дамыту үшін қолайлы жағдайдың бәрі қарастырылуда. Ендігі міндет «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», Жолдауда белгі-ленген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру, - деп жиынды түйіндеді Б.Бақауов.

Облыс әкімі алдағы уақытта Президент Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру бойынша жұртшылықпен кездесулер ұйымдас-тырылатынын айтты. Маңызды міндеттерді іске асыру - бәріміздің парызымыз, деді ол.


Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгінде партияның қоғамдық қабылдауының жұмысы күшейе түсті. Бұл – тұрғындармен байланыстың, нақты ақпарат алудың, өзекті мәселелердің алаңы. Жыл басынан бері 600-ден астам қабылдау ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам тұрғынның өтініш-тілегі тыңдалды. Шағымдардың 45 пайызы оң шешілді. Одан бөлек, партиялық бақылау күшейтілді. «Құтты мекен» жобасының, «Нұрлы жол» бағдарламасының, тұрғын үй құрылысы, бюджеттік қаржыны игеру мәселелері үнемі бақылауымызда. Жыл басынан бері 20-дан астам рейдке шығып, әлеуметтік инфрақұрылымға жататын 36 нысанның жұмысы тексерілді. Түрлі кәсіпорындар мен мекемелердегі бастауыш партия ұйымдарының да атқарар рөлі зор. Мұнда Жолдаудың әр бағыты жіті түсіндіріліп, талқыланатын болады. Мәслихат депутаттары мен «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері ақпараттық-идеологиялық жұмысқа белсене араласады. Біздің міндет – әр тұрғынға атқарылып жатқан істер, қолға алынатын шаралар туралы нақты мәлімет беру.


Ирина ГАЛЯМОВА, Орловка ауылының әкімі, Шарбақты ауданы:

- Біздің ауылда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Оның аясында тұрғындарға мемлекеттік қызметтер цифрлы түрде көрсетіледі. Ауыл тұрғындары өзге бағдарламаларға да белсене араласады. Мәселен, «Еңбек» арқылы оқудан өтіп, несие алып, кәсібін бастаған ауылдастар бар.

Бюджетке түсетін табысты қайда және қалай жарату керек екенін 11 адамнан тұратын жергілікті қауымдастық шешеді. Жылына екі рет оның мақсатты жұмсалуы тексеріледі. Келесі жылдан бастап төртінші деңгейлі бюджетке көшеміз. Бұл әкімдіктің қаржылық және экономикалық мүмкіндігін кеңейте түседі.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында қосымша қаржы бөлініп, жағдайдың одан әрі жақсара түсетінін айттты. Біз соған сенеміз! Сеніп қана қоймай, жетістікке жетуге бірге қадам жасаймыз.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz