Аймақ басшысы алдымен Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ қазандықтарының жұмысын тексерді. Мұндағы мамандар әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің жылуға уақытылы қосылуы үшін бел жазбай еңбек етуде. Тіпті, олардың қатарында нәзік жандылар бар. Мәселен, үшінші дәрежелі электр слесары Гүлнар Шүленова Ақсу электр станциясында ширек ғасырға жуық жұмыс істейді.

- Менің жолдасым Ақсу ферроқорытпа зауытында, қызым осы кәсіпорында қызмет атқарады. Сондықтан зауыттың жұмысы отбасымызға таңсық емес. Ерлермен қанаттаса еңбек етудің еш қиындығы жоқ. Біздің цехта 10-ға жуық нәзік жандының болуы – соның дәлелі. Ал менің міндетім – электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сол арқылы құралдардағы температураны бақылаймын. Жылу станциясының жұмысы температураға тікелей байланысты болғандықтан, жауапкершілік жүгі де ауыр. Соған қарамастан мен өз ісімді жақсы көремін, - дейді Г.Шүленова.

Бұдан соң Б.Бақауов Павлодар қаласындағы үш жылу-электр орталығының жұмысын пысықтады. Айталық, «Қазақстан алюминийі» АҚ-на қарасты №1 ЖЭО қыста қиындық туындамас үшін бірнеше агрегатты жөндеді.

- Биыл үш қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған. Қуаттылығы сағатына 420 тонна бу болатын екеуі жөнделді. Ал қуаттылығы сағатына 320 тонна бу өндіретін тағы бір қазандық агрегатында жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Жөндеу жоспарланған екі турбоагрегаттың біреуі қолданысқа берілді, екіншісі жөнделуде. Жоспарға сәйкес, тиісті жұмыстар қараша айында аяқталады. Жалпы, біздің станцияда 350 МВт электр энергиясы мен 1 мың гигакалорийден астам жылу өндіріледі, - дейді №1 ЖЭО бас инженері Дмитрий Захаров.

Аймақ басшысы екі қаладағы орталықтардың дайындығына оң баға берді.

- Жылу-электр станцияларының биылғы дайындығы былтырғыдан жақсы. Павлодар мен Ақсу қала- ларындағы орталықтар 15 қыркүйектен бастап жылу беруге дайын. Ешқайсысында күрделі мәселе жоқ, жұмыстың барлығы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Ал Павлодар қаласында шамамен 400 үй ыстық сусыз отыр. Бұл мәселе алдағы 10 күн ішінде шешіліп, келесі аптадан бастап барлығы ыстық суға қосылады, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, №3 жылу-электр орталығында жылу маусымына жауапты кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. «Павлодар жылу желілері» ЖШС директоры Марат Иманаевтың айтуынша, биыл 9,2 шақырым желіні күрделі жөндеу жоспарланған. Осы уақытқа дейін оның 8 шақырымы жөнделді. Сынақтар кезінде 150 ақау анықталды.

- Ақаудың көп болуы салдарынан күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінен сәл кешігуде. Оған қоса, асфальт төсейтін мердігерлік компаниялар жұмысына салғырт қарайды. Сондықтан өзімізге тиісті техникаларды сатып алып, асфальтті төсеуге тура келіп отыр, - дейді М.Иманаев.

Бұл ретте Болат Жұмабекұлы «Павлодар-Водоканал» ЖШС жөндеу жүргізген соң жол жабындысын қайта қалпына келтірмейтінін сынға алып, тиісті жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Әбілқалықов қатты отынмен қамту шаралары туралы баяндама жасады. Аймақтың бюджеттік ұйымдарына 135,6 мың тонна көмір керек екен. Бүгінгі күнге дейін оның 27,5 мыңы тиісті жерлерге жеткізілді. Тек Баянауыл ауданында бұл бағыттағы жұмыс әлі күнге дейін қолға алынған жоқ. Сондай-ақ, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы бюджеттік мекемелердің жылу үшін қомақты қарызы бары белгілі болды. Аймақ басшысы аталған мәселелерді жылу маусымы басталғанға дейін шешуді қатаң тапсырды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz