Ауыл тұрғындарының көптен күткен мерекесіне аудан әкімі Қаршыға Арынов, ауыл тұрғындары және осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар қатысты.

- Жастар жылы аясында ашылған «Jastar» сквері ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің нәтижесі деп ойлаймын. Жаңабет ауылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуына айтарлықтай үлес қосуда. Бұған дейін ауыл тұрғындарының атсалысуымен балалар ойын алаңы салынған еді. Міне, сол жұмыс бүгін де жалғасын тауып отыр. Біздің алдымызға қойған міндет – бұқара халықты спортқа тарту. Бұл тұрғыда ауылда жаңадан бой көтерген мектеп спорт залы халықтың қажеттілігіне жарайды деп ойлаймын, - деді аудан әкімі Қ.Арынов.

«Jastar» скверінде демалуға арналған орындықтар, төсемелі жолдар бар. Арнайы орнатылған жарық шамдар жаңа саябақтың көркіне ерекше рең беріп тұр. Жобаның жалпы құны 1 млн. 300 теңгені құрады. Темір қоршауын орнатуға аудан әкімдігі көмек көрсетті. Ал басқа жұмыстарға жұмсалған қаражатты ауыл азаматтары шығарған. Ауылды көріктендіруге арналған тың жобаның авторы – Жаңабеттің тумасы, облыстық «Халық радиосының» бас редакторы, журналист Жұмабек Сманов.

- Қай қиырда жүрсек те, алтын ұя ауылымыз - жүрегіміздің төрінде. Ауылдың гүлденуіне теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосу әр адамның азаматтық парызы деп білемін. «Jastar» скверін саламыз деген идея туғанда мені барлық ауылдастарым қолдады. Ауыл тұрғындары осы жұмысқа жұдырықтай жұмылып кірісті. Біз сырттан жұмыс күшін тартқан жоқпыз. «Jastar» скверін салуда қаражатты үнемдеу үшін барлығын өз қолымызбен жасадық. Түн ортасына дейін жұмыс істеген сәттеріміз де болды. Қолдау білдірген ауылдастарыма және аудан әкімдігіне алғыс айтамын, - деді идеяның авторы Жұмабек Оркенұлы.

Ал бюджет қаржысына жаңадан салынған мектеп спорт залы ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы еді. Мектеп ғимаратындағы бұрынғы тар спорт залында спортпен айналысуға мүмкіндік жоқтың қасы болатын. Соған қарамастан, Жаңабеттің жастары аудандық жарыстарда спорттың бірнеше түрінен жүлделі орындардан көрініп жүрді. Ендігі жерде жаңа ғимарат ауыл тұрғындарының жаппай спортпен айналысуына мол мүмкіндік жасамақ. Жаңа спорт залында шағын футбол, волейбол, баскетбол секілді спорттың басқа да түрлерімен айналысуға болады.

Спорт залының құрылысы осы жылдың тамыз айында басталған еді. Бір айдың ішінде жауапты мердігер компания жұмысын аяқтап үлгерді. Ендігі жерде жаңа ғимарат ауыл тұрғындары үшін тегін қызмет ететін болады. Ал мектепте жаңадан ашылған домбыра сыныбы оқушылардың шығарма-шылық қасиетін дамытуға ерекше үлес қоспақ. Ұлттық нақышта безендірілген кабинетке 10 домбыра қойылған. Алдағы уақытта домбырадан дәріс беретін кәсіби маман жұмысқа қабылданатын болады.

Жұдырықтай жұмылған Жаңабет ауылы тұрғындарының ауылдың гүлденуі үшін қосар үлесі мұнымен тоқтап қалмайды. Мәселен, келер жылы мектеп ауласында «Үздіктер аллеясын» ашу жоспарланған. Бұл - ауыл азаматтарының ойы. Сондай-ақ, алдағы жылы аталған ауылда орталықтандырылған су жүйесі іске қосылатын болады.

 

Алпысбай ХОНЖ

Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz