Бұл жобаның мақсаты - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қалыптастыру. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттау. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Қонақтар Ақсу қаласының Жаяу Мұса атындағы колледжде, қалалық музейде, И.Құтпанұлы атындағы спорт кешенінде және балалар эко-техно орталығында болып, дәріс оқыды. Сонымен қатар, Баянауыл ауданының Қ.И.Сәтбаев мұражайында ұстаздар қауымымен, кітапхана қызметкерлерімен, жергілікті өлкетанушылармен кездесу өткізді. Одан кейін Мұса мырза және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенелеріне барып, дұға бағыштады. Ал Екібастұз қаласында өткен жиынға да халық көп жиналды. Қала орталығындағы «Достық үйі» ғимаратында өңірдің белсенді жастарымен жүздесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

- Біз бұл жоба бойынша облыс орталықтарын ғана емес, шалғай ауыл және аудан тұрғындарымен де жүздесуді мақсат етіп отырмыз. Осы кездесулер барысында еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрену мәселесін көбірек насихаттаудамыз. Қазір өзге этнос өкілдері арасында еліміздің мемлекеттік тілін еркін меңгерген азаматтар баршылық. Соларды үлгі ретінде көрсетуіміз керек. Себебі, болашақта біздің ортақ тіліміз қазақ тілі болады, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов.

Еске сала кетейік, республикалық «Қазақтану» жобасы аясындағы кездесулер өткен жылдың аяғында Қызылорда облысында басталған болатын.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz